Тараз қаласындағы «Достық» алаңына ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімі берілетін болады. Бұл маңызды шешім қалалық мәслихаттың тұрақты комиссия отырысында қаралды.

Арайлым Бақытжанқызы

Қала әкімдігінің мәжіліс залында өткен қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының көпшілік тыңдауына Тараз қаласы әкімінің міндетін атқарушы Есенбек Жанбосынов, қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттары, облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің төрағалары, қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы, қала әкімдігінің бөлім басшылары, бас инспекторлар, облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының өкілдері, Тараз қаласының тұрғындары қатысты. Жиынды жұмысшы топтың жетекшісі, қалалық мәслихаттың депутаты Ғазизжан Мадимаров жүргізді. Көпшілік тыңдаудың күн тәртібінде Тараз қаласы әкімдігінің тарапынан келіп түскен, яғни Тараз қаласындағы «Достық» алаңын Нұрсұлтан Назарбаев алаңы деп қайта атау туралы ұсыныс қаралды.

Президент ретінде халық алдында ант қабылдаған Қасым-Жомарт Тоқаев облыс орталықтарындағы ірі көшелердің бірін Елбасының атымен атау қажеттігі туралы бастама көтерген болатын.

Осыған сәйкес, шаһардағы Төле би даңғылына ҚР Тұңғыш Президенті есімін беруді облыстық мәслихаттың кезектен тыс 33 сессиясында бекіткен. Бірақ республикалық ономастикалық комиссия Жамбыл, Атырау, Ақтөбе, Қостанай облыстарының әкімшілік орталықтарындағы атау үшін ұсынылған объектілер мен көшелерді анықтай отырып, қайта қарау қажеттігін алға тартқан еді. Осыған орай, тұрақты комиссия отырысында «Достық» алаңын Нұрсұлтан Назарбаев алаңы деп атау туралы ұсыныс талқыланып, қатысушылар мұны бір ауыздан қолдап мақұлдады. Бұл ұсынысты Тараз қалалық әкімдігі мен мәслихаты бірлесіп беріп отыр.

– Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – әлемнің қазіргі заман тарихындағы кемеңгер тұлға. Ұлт көшбасшысының елімізге сіңірген еңбегі өлшеусіз, әлемдегі орны бөлек. Оның есімі Қазақстан тарихында мәңгі қалуы тиіс. Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың есімі «Достық» алаңына беріліп, орталық Нұрсұлтан Назарбаев деп аталуы туралы қала әкімдігі мен тілдерді дамыту және мәдениет бөліміне көптеген ұсыныс хаттар келіп түсті. Оның ішінде «ҚазФосфат» ЖШС-нің ұжымы, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер және зиялы қауым өкілдері бар. Шаһар тарихын парақтайтын болсақ, 1997 жылы 17 мамырда қала әкімі Болат Жылқышиевтің тұсында Ленин атындағы алаң «Достық» алаңы болып өзгертілген. Еліміздің тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістігі мен Қазақстанның бүгінгі беделі мен абыройы Елбасына тікелей байланысты екені бәрімізге белгілі. Бұл орайда тарихи тұлғаның шаһар тарихында да қалуына қолдау білдірейік, – деді қала әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаева.

Сонымен қатар жиында бұл ұсынысты қолдаған облыстық мәслихаттың депутаттары Масат Берік пен Федор Клименко өз ойларын ортаға салды.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған