Жақында Өскемендегі инфекциялық стационарларда орын жоқтығы туралы айтылған видео әлеуметтік желілерде тараған болатын. Видеодан үстіне арнайы форма киген дәрігерлердің: «Мүлде орын жоқ», «Реанимация, бәрі толық», «Скорыймен келіп тұрмын, екі адам әне отыр», «Скорыйдың бәріне отмена беріп жатырмын», «Әзірге орын жоқ, мүмкін кешке қарай болады», «Тіпті, толық емделмеген науқастарды да емханадан ертерек шығарып жатырмыз» деген сөздерін естуге болады,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Вакцинасы бар адамдардан ПЦР-тест алмаймыз
Қала тұрғыны, журналист Назерке Сәлімбекқызы жуырда, нақтырақ айтсақ, 5 қазанда анасы ауырып, дене қызуы 39-ға дейін көтерілген соң мобильді бригаданы шақырғанын, алайда олар «Сағат 8-ге дейін ғана жұмыс істейміз, ертең бір-ақ шақыртыңдар» деп келгісі келмегендерін айтады. «Содан кейін жедел жәрдемге хабарласып едім, желі бос болмады, жарты сағат ала алмадым. Күтіп отыратын емес, анамды 19-шағынаудандағы Ана мен бала орталығының ескі ғимаратындағы провизорлық стационарға алып бардым. «Орын жоқ», – деді дәрігер.
«Сатурациясын өлшеп, денсаулығын тексеріп, қарамайсыздар ма?» деп едім: «Орын жоқ, Ворошиловтағы емханаға барыңдар», – деді. Сосын жедел жәрдемге қайта хабарластық, бір сағат 40 минут дегенде үйге келді. Анамның қызуын өлшеді де: «Учаскелік дәрігерге барыңыздар», – деді. «ПЦР алмайсыздар ма?» деп едік: «Алмаймыз. Өйткені вакцина алғансыздар ғой», – деді де кетіп қалды. Анам вакцинаны биыл жазда алған болатын. Қызық мұнымен де бітпеді. 6 қазанда учаскелік дәрігерге бардық, барған кезде сол жердің дәрігерлері: «Вакцина салдырдым десеңіздер, ПЦР алмай қояды. Вакцинаның бір ғана компонентін алғанмын деп айта салыңыздар», – деді. Осылайша, өтірік айтуға тура келді» деген әріптесіміз дәрігерлер «тек КТ-дан кейін ғана қалай емделу керегін айтамыз» дегенін жеткізді.
Басқарма басшысы не дейді?
Өскемендегі инфекциялық стационарларда шынымен де орын жетпей жатыр ма? Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Омарбеков 6 қазанда журналистерге өткізген брифингте бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. «Әлеуметтік желілерде тараған видео монтаждалған, дәрігерлердің сөзі толық берілмеген. Ал Өскемендегі стационарлардағы орын мәселесіне келсек, бұл тарапта ешқандай мәселе жоқ. Бүгінде Шығыс Қазақстанда коронавирусқа шалдыққан науқастарға 3 709 төсек-орын дайындалған. Қазір өңірдегі ауруханаларда 720 адам ем қабылдап жатыр. Оның 464-і Өскемендегі ауруханаларда. Облыс орталығындағы стационарларға 1 240 адамды орналастыру мүмкіндігі бар. Ковид стационарларының жүктемесі облыс бойынша 19,4, Өскемен бойынша 37,4 пайызды құрап отыр» деп түсіндірді басқарма басшысы.
Өскемендегі №4 қалалық емхананың бас дәрігері Сергей Попов қазір тұмаудың, жіті респираторлық вирустық инфекциялардың өршіп тұрған уақыты екенін айтып, шаһардағы емханалар мен стационарларға келіп жатқан тұрғындар қатарының көп екенін жасырмады. «Бәрінің ауруханаға жатқысы келеді. Елімізде COVID-19 диагностикасы мен емдеудің клиникалық хаттамасы бар.
Стандартқа сәйкес үйде немесе стационарда емделетін науқастар бар. Стационарға жатамын деп келген адамның барлығын жатқызу мүмкін емес. Әуелі көрсетілімдерін қарайды. Соған орай дәрігерлер бас тартуы да мүмкін. Республикалық стандартқа сәйкес ПЦР-тесті оң нәтиже көрсеткен науқастар күнделікті учаскелік дәрігердің бақылауында болуы керек, жағдайы нашарласа, стационарға жатқызу мәселесі қаралады. Қазір «өкпем қабынды ма, қабынған жоқ па? Соған көз жеткізейін» деп КТ-ға түскісі келетін адамдардың қатары көбейген. Негізі, симптом белгілері байқалғанға дейін, яғни бес тәулікке дейін КТ-ға түсуге болмайды. Температура білінген алғашқы бір-екі күнде ауруханаға жатуға асықпаған жөн», – дейді ол.
Брифингте журналистер тарапынан: «Өскеменде КТ аппараты екі жерде, Ана мен бала орталығы мен облыстық ауруханада ғана бар дейді. Мұны дәрігерлердің өздері де айтып отыр» деген сұрақ қойылды. Алайда Ермек Омарбеков Өскеменде алты жерде (Ана мен бала орталығында екеу, №4 қалалық емханада – 1, №1 қалалық емханада – 1, облыстық ауруханада – 1, онкологиялық диспансерде – 1) КТ жұмыс істеп тұрғанын жеткізді.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстан қазір «сары аймақта» тұр. Дегенмен өңірде жұқпалы дертпен күресте олқылықтарға жол беріліп жатқанын облыс әкімі Даниал Ахметовтің өзі де мойындап отыр. «Дельта штамының тез тарайтынын білеміз. Алайда Өскеменде науқаспен байланыста болғандарды анықтау жұмысы көңіл көншітпейді. Олар қаланы еркін кезіп жүре береді. Қалған халыққа ауру жұқтырып, қауіп төндіреді. Өкінішке қарай, маған әлеуметтік желіде науқастарға тиісті көңіл бөлмейтін, өз қызметіне ұқыпсыз қарайтын кейбір дәрігер туралы жиі шағымданып жатады. Тексеру жүргізілгеннен кейін Глубокое және Шемонаиха аудандық ауруханаларындағы, Өскемендегі №2 емханасындағы дәрігерлер өз қызметінен босатылды. Олардың орнына кәсіби мамандар келуі керек», – дейді Д.Ахметов.