Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өскемендегі шу: ауруханаларда науқастарға орын жетпей ме?

0 603

Жақында Өскемендегі инфекциялық стационарларда орын жоқтығы туралы айтылған видео әлеуметтік желі­лерде тараған болатын. Видеодан үстіне арнайы форма киген дәрігерлердің: «Мүлде орын жоқ», «Реанимация, бәрі толық», «Скорыймен келіп тұрмын, екі адам әне отыр», «Скорыйдың бәріне отмена беріп жатырмын», «Әзірге орын жоқ, мүмкін кешке қарай болады», «Тіпті, толық емделмеген науқастарды да емханадан ертерек шығарып жатырмыз» деген сөздерін естуге болады,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

Вакцинасы бар адамдардан ПЦР-тест алмаймыз
Қала тұрғыны, журналист Назерке Сәлімбекқызы жуырда, нақтырақ айтсақ, 5 қазанда анасы ауырып, дене қызуы 39-ға дейін көтерілген соң мобильді брига­даны шақырғанын, алайда олар «Сағат 8-ге дейін ғана жұмыс іс­тейміз, ертең бір-ақ шақыр­тың­дар» деп келгісі келмегендерін ай­тады. «Содан кейін жедел жәр­демге хабарласып едім, желі бос болмады, жарты сағат ала алма­дым. Күтіп отыратын емес, анам­ды 19-шағынаудандағы Ана мен бала орталығының ескі ғимара­тындағы провизорлық стацио­нар­ға алып бардым. «Орын жоқ», – деді дәрігер.

«Сатурациясын өл­шеп, денсаулығын тексеріп, қа­рамайсыздар ма?» деп едім: «Орын жоқ, Ворошиловтағы ем­ха­наға барыңдар», – деді. Сосын жедел жәрдемге қайта хабарлас­тық, бір сағат 40 минут дегенде үйге келді. Анамның қызуын өл­шеді де: «Учаскелік дәрігерге ба­рыңыздар», – деді. «ПЦР алмай­сыз­дар ма?» деп едік: «Алмаймыз. Өйткені вакцина алғансыздар ғой», – деді де кетіп қалды. Анам вакцинаны биыл жазда алған болатын. Қызық мұнымен де бітпеді. 6 қазанда учаскелік дә­рігерге бардық, барған кезде сол жердің дәрігерлері: «Вакцина сал­дырдым десеңіздер, ПЦР ал­май қояды. Вакцинаның бір ғана компонентін алғанмын деп айта салыңыздар», – деді. Осылайша, өтірік айтуға тура келді» деген әріптесіміз дәрігерлер «тек КТ-дан кейін ғана қалай емделу керегін айтамыз» дегенін жеткізді.

Басқарма басшысы не дейді?
Өскемендегі инфекциялық стационарларда шынымен де орын жетпей жатыр ма? Облыс­тық Денсаулық сақтау басқарма­сының басшысы Ермек Омар­беков 6 қазанда журналистерге өткізген брифингте бұл ақпа­раттың шындыққа жанаспай­ты­нын мәлімдеді. «Әлеуметтік желі­лерде тараған видео монтаждал­ған, дәрігерлердің сөзі толық бе­рілмеген. Ал Өскемендегі стацио­нарлардағы орын мәселесіне келсек, бұл тарапта ешқандай мә­селе жоқ. Бүгінде Шығыс Қа­зақстанда коронавирусқа шал­дыққан науқастарға 3 709 төсек-орын дайындалған. Қазір өңірдегі ауруханаларда 720 адам ем қа­былдап жатыр. Оның 464-і Өске­мендегі ауруханаларда. Облыс ор­талығындағы стационарларға 1 240 адамды орналастыру мүм­кіндігі бар. Ковид стационар­ла­рының жүктемесі облыс бойынша 19,4, Өскемен бойынша 37,4 па­йызды құрап отыр» деп түсіндірді басқарма басшысы.

Өскемендегі №4 қалалық ем­хананың бас дәрігері Сергей По­пов қазір тұмаудың, жіті рес­пи­раторлық вирустық инфекциялар­дың өршіп тұрған уақыты екенін айтып, шаһардағы емханалар мен стационарларға келіп жатқан тұр­ғындар қатарының көп екенін жа­сырмады. «Бәрінің ауруханаға жат­қысы келеді. Елімізде COVID-19 диагностикасы мен емдеу­дің кли­никалық хаттамасы бар.

Стандартқа сәйкес үйде неме­се стационарда емделетін нау­қастар бар. Стационарға жатамын деп келген адамның барлығын жатқызу мүмкін емес. Әуелі көр­сетілімдерін қарайды. Соған орай дәрігерлер бас тартуы да мүмкін. Республикалық стандартқа сәй­кес ПЦР-тесті оң нәтиже көр­сет­кен науқастар күнделікті учаске­лік дәрігердің бақылауында бо­луы керек, жағдайы нашарласа, стационарға жатқызу мәселесі қаралады. Қазір «өкпем қабынды ма, қабынған жоқ па? Соған көз жеткізейін» деп КТ-ға түскісі ке­летін адамдардың қатары көбей­ген. Негізі, симптом белгілері бай­қалғанға дейін, яғни бес тәу­лікке дейін КТ-ға түсуге болмай­ды. Температура білінген алғашқы бір-екі күнде ауруханаға жатуға асықпаған жөн», – дейді ол.

Брифингте журналистер тара­пынан: «Өскеменде КТ аппараты екі жерде, Ана мен бала орталығы мен облыстық ауруханада ғана бар дейді. Мұны дәрігерлердің өздері де айтып отыр» деген сұрақ қойылды. Алайда Ермек Омар­беков Өскеменде алты жерде (Ана мен бала орталығында екеу, №4 қалалық емханада – 1, №1 қала­лық емханада – 1, облыстық ауру­ханада – 1, онкологиялық дис­пан­серде – 1) КТ жұмыс істеп тұрға­нын жеткізді.

Айта кетейік, Шығыс Қазақ­стан қазір «сары аймақта» тұр. Дегенмен өңірде жұқпалы дерт­пен күресте олқылықтарға жол беріліп жатқанын облыс әкімі Да­ниал Ахметовтің өзі де мойын­дап отыр. «Дельта штамының тез тарай­тынын білеміз. Алайда Өс­кеменде науқаспен байланыста болған­дарды анықтау жұмысы көңіл көншітпейді. Олар қаланы еркін кезіп жүре береді. Қалған халыққа ауру жұқтырып, қауіп төндіреді. Өкінішке қарай, маған әлеуметтік желіде науқастарға тиіс­ті көңіл бөлмейтін, өз қыз­ме­тіне ұқыпсыз қарайтын кейбір дә­рігер туралы жиі шағымданып жатады. Тексеру жүргізілгеннен кейін Глубокое және Шемонаиха аудандық ауруханаларындағы, Өс­кемендегі №2 емханасындағы дә­рігерлер өз қызметінен боса­тыл­ды. Олардың орнына кәсіби мамандар келуі керек», – дейді Д.Ахметов.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.