Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) бітімгершілік күштері Қазақстаннан 10 күн ішінде кетеді. Әскерлерді шығару 13 қаңтарда басталады. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасына ұйымның бас хатшысы Станислав Зась айтты, – деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Контингенттің жалпы саны – 2,5 мың сарбаз. ҰҚШҰ күштері екі қалада – Алматы мен Нұр-Сұлтанда.
«Біз бітімгершілік операциясының соңғы кезеңін бастадық. Бүгін біз бітімгершілік күштерінің қорғауындағы нысандарды жергілікті қауіпсіздік күштеріне береміз. Ертең контингентті Қазақстаннан ұйымдасқан түрде шығару бойынша бірқатар іс-шараларды бастаймыз. Салтанатты іс-шара өткізіп, әскерлерді кезең-кезеңімен шығарамыз. Мемлекет басшылары бұл іс-шараларды 10 күн ішінде 23-ші күнге дейін аяқтау міндетін қойды. Бұл әскерді асықпай шығаруға мүмкіндік береді», – деді ҰҚШҰ Бас хатшысы.