Қалалық қоғамдық-саяси газет

Рио Олимпиадасының алтын медальін қайтарып алуы мүмкін

0 493

Қазақстандық ауыр атлет Нижат Рахимовтың Рио Олимпиадасынан алған алтын медальін қайтарып алуы мүмкін. Ол қазір допинг дауына қатысты істің нәтижесін күтуде. Егер медальді қайтарып алса, еліміз Олимпиада ойындарында бұл спорт түрінен чемпионсыз қалмақ, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап. 

Әдетте, спортшыларды Олимпиада ойындарынан бір ай бұрын тексереді. Дәл осы тексеріс кезіндегі ауыр атлет Надежда Ногайдың сынамасы күдік тудырған болатын. Осы жағдайдан кейін-ақ спортшыға антидопингтік ережені бұзды деген айып тағылған. Бұдан соң спортшы анализді ауыстырғаны үшін төрт жылға спорттан шеттетілген еді. Тексеріс нәтижесі бойынша, анализді спортшы орнына өзге адам тапсырған. Бұл ДНҚ сараптамасы арқылы дәлелденді.

Нижат Рахимовке де тағылған айып осыған ұқсас. Алайда мұндай жағдайда өзінің кінәсіз екенін дәлелдеп шығу мүмкін емес деуге де болады. Әзірге атлет спорттан шеттетілген және тергеу нәтижесін күтуде. Егер Рахимовтің айыбы дәлелденсе, спортшы өмір бойына спорттан шеттетілуі мүмкін. Себебі оның мансабында бұған дейін де спорттық ережені бұзу жағдайы болған. 2013 жылы Нижат тыйым салынған препаратты қолданғаны анықталған.

Егер атлеттің орнына өзге адамның анализ тапсырғаны дәлелденсе, Олимпиада медальін кері қайтаруға тура келеді. Соңғы деректер бойынша, алғашқы тыңдалым болған. Алайда Халықаралық федерация нәтижесін әлі жарияламады. Тексеріс қорытындысы бойынша атлетті кінәлі деп тапса, кәсіби мансабын тоқтатуға мәжбүр болады. Ал еліміз үшін чемпиондар дайындау жолында барлығын жаңадан бастауға тура келеді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.