Қалалық қоғамдық-саяси газет

Полицейлер келіншегін перзентханаға апара жатқан студентті де ұстап әкеткен

0 204

Семейде полицейлер Шыңғыс Сенғажиев есімді студентті келіншегін перзентханаға апара жатқан жерінен ұстап, қамауға алыпты. Жолдасының айтуынша, алдымен полиция қызметкерлері телефонын тексереміз деген. Жаппай тәртіпсіздікке қатыспағандарын, жүкті келіншектің ай-күні таяп қалғанын айтса да полицейлер жібермеген. Ақыры, толғағы қысқан келіншек сол күні босанған. Қамаудағы азаматтың ісі бойынша туыстары «Аманат» комиссиясына өтініш қалдырған екен. Бұл туралы 31 арна хабарлады деп жазды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.

Дильназ Көгедаеваның айтуынша, күйеуі Шыңғыс екеуі 5 қаңтар күні орталықтан тарсылдаған мылтық дауысы естілген соң алаңға барыпты. Бірақ жаппай тәртіпсіздікке қатыспаған. Тек алшақтау жерде тұрып, күйеуі бірнеше бейнежазба түсіріпті. Сосын үйлеріне қайтқан.

Ал ертеңінде кешкісін келіншектің толғағы қысып, перзентханаға шығады. Сол кезде әкімдік маңындағы блокбекетте полицейлер тоқтатып, құжат, телефондарын тексерген. Ондағы бейнелерді көріп, полиция бөлімшесіне алып кетіпті.

«Мен УВД-ның жанында күтіп тұрдым жолдасымды. Бір-екі сағаттай. Аяғым ауыр болатын. Кейін сол жерде біраз уақыттан кейін суым кетіп, «суым кетіп жатыр, жолдасымды босатыңыздар» дегеніме қарамастан, мені жалғыз өзімді скорыйға салып жіберді больницаға. Сол күні мен босандым. Содан бері жолдасымды көрген жоқпын», –дейді Шыңғыс Сенғажиевтің жары.

Дильназ адвокат көмегіне жүгінбейінше, Шыңғыстың қайда екенін, не үшін ұсталғанын білмедік дейді. Айтуынша, осы аралықта күйеуі 15 тәулікке қамалған. Кейін «жаппай тәртіпсіздікке қатысты» деп қылмыстық іс қозғалып, Өскемен қаласындағы уақытша ұстау изоляторына ауыстырылыпты. Үстінен іс қозғалған Шыңғыстың туыстары қоғамдық комиссияға арыз жазыпты.

Құқық қорғаушы Ерлан Қалиевтің айтуынша, семейліктерден 40-тан астам өтініш түскен. Қазір олар қамауда жатқандардың заңды-заңсыз ұсталғанын анықтап жатыр.

Маман әр арызды жеке тексеріп, зерделеп, жазықсыз азаматтарды босатуға күш саламыз деп отыр. Сондай-ақ Семейде қоғамдық құқық қорғау ұйымын құру да жоспарда бар екен.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.