Қалалық қоғамдық-саяси газет

Лионель Мессиден айырылған «Барселонаның» қарызы – 1,1 млрд еуро

0 1  193

Әлемдегі ең танымал клубтардың бірі – «Барселона» клубы ресми сайтында қанша қарызы бар екенін жариялады, деп жазды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.

Deloitte аудиторлық компаниясының мәліметінше, каталондықтардың нақты қарызы – 1,173 миллиард еуро. Басқа топ-клубтарға қарағанда жалақы қоры 40 пайызға жоғары болса, жалпы шығыны 481 миллион еуроға жеткен.

Ал немістің transfermarket сайты «Барселона» клубы футболшыларының барлығын қоса алғанда, 635,50 миллион еуро деп бағалайды. Демек клуб басшылығы өз ойыншыларын түгел сатқанның өзінде сыртқы қарыздан толық құтыла алмайды деген сөз.

Сонымен қатар, аудит барысында күмәнді қаржылық сипаттағы операциялардың болғаны белгілі болды. Бұл ретте негізсіз және жалған төлемдер сериясы анықталған. Кінәлілер мен жауапты тұлғаларды анықтау үшін директорлар кеңесі тиісті материалдарды Барселона прокуратурасына беру туралы шешім қабылдады.

Еске сала кетсек, өткен маусымда испаниялық клуб қаржы мәселесіне қатысты аты аңызға айналған Лионель Мессиді қатарында қалдыра алмаған болатын. Әзірге Ла Лигада 21 матч өткізген «Барселона» 35 ұпаймен турнир кестесінде 5-орында келеді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.