Қалалық қоғамдық-саяси газет

Пейіл мен ниет

0 1  486

Мына қайталанбас беймаза, қызылды-жасылды дүрбелеңге толы дүние біздерді өз дегеніне көндіріп жатыр. Жылдар жылжып, уақыт өзгеріп, заман талабына сай адамдардың мінез-құлқы, психологиясы, тіпті пейілі де өзгерістерге ұшырауда. Пейіл дегеннен шығады-ау, тегі… Осы пейіл деген не? Ол қалай, неге өзгеруде? Осы сұрақтар төңірегінде ой қозғап, бір уақыт санамызға салмақ салып көрелікші…

Сағындық ОРДАБЕКОВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Ұлы даламыз қандай дархан, ұлан-ғайыр болса оның тұрғындары қазақтардың көңілі ашық, кеңпейіл, кеңқолтық, жомарт, дастархандары мол, пейілі шалқар теңіздей болғанын әрдайым мақтан етеміз. Қазақтың қонақжайлылығын, құшағының кең, көңілінің дархандылығын көп халық аңыз етіп айтып жүреді. Біздің Қазақстанда туып, өсіп-жетіліп, кейінірек тарихи отандарына – алыс шетелдерге (Германия, Грекия, Ресей, Франция және т.б.) қоныс аударған жандар қазақтың сол бір ұлттық ерекше қасиетін жүректері елжіреп, жыр етіп айтып, сары сағынышқа бөленіп, аңсап жүреді. Қазақтың ұнамды салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениетін, дархан көңілін, жақсы адамдық пейілін ұмыта алмай, кейінгі ұрпақтарына өнеге-мысал етіп айтып отырады.
«Құдайы қонақпыз» деп келген кісілерге еш қабақтарын шытпай, ренжісін білдірмей, құрметті қонағындай қарсы алып, қазандарын көтеріп, ас-суымен бөлісіп, барынша күтіп, жақсылап шығарып салу, тіпті тұлпарларын жемдеп, шөп беру ежелгі ата дәстүрімізде бар-ды. «Ауылдағы үйлердің есігіне құлып салынбайтын, дастарханы жиылмайтын кеңшілік заман еді. Шіркін-ай, адамдардың пейілі қандай еді…» деп әңгімесін бастайтын кәріқұлақ апаларымыз бен аталарымыз өздерінің өткен өмірлеріне шолу жасай отырып. Олары рас еді. Ауылда өстік, көршілер мен ағайындар арасында татулық, бауырмалдық деген қандай керемет еді! Біреудің үйіне қонақ келсе, кішігірім той болса жақын ағайындар мен айналасындағы көршілердің барлығы көмекке келіп, меймандардың жайын жасап, ас-суын дайындауға қолұштарын беріп, көмектесіп, әңгіме-дүкен құрып, қонақтардың көңілін аулап өнері барлар домбыра мен гармонға, кейде мандолинге қосылып «ауылдың алты ауызын» айтып, қоңыр домбырамен әсем күй тартып, кішігірім концерт кешіне айналдыратыны әлі есімізде. Содан болар қазақтың «жақсы көрші алыстағы ағайыннан артық» дейтіні. Қазақтың сол бір асыл қасиеті бүгіндері көзден бұл-бұл ұшып кеткендей болады. Қала түгілі, ауылда көрші тұрып, кімнің не істеп жатқанын білмейтін уақыт келді. Қазір көршілермен жақын араласу, қонағы мен кісісін күтісу тіптен ұмыт болып кетті десек қателеспейміз. Неге?
Есімізде. Облыстан, қаладан өнер көрсетуге гастрольге келген артистерді ауыл басшысы үйді-үйге бөліп (көп ауылдарда арнайы қонақ үйі жоқтықтан солай ететін), кешкі концерттен кейін үй иелері әлгі артистерді құтты қонағындай күтіп, бар дәмдісін дастархандарына жайып, асын беріп, шіліп төсек, жайылып жастық болып жүретіндері де есімізде. Гу-гу қызықты әңгіме, ойнақы қағытпа әзіл-қалжың, көңілді желпитін әсем ән, домбыра шанағынан төгілген құдіретті күй, ескірмес естеліктер жазғы қысқа түннің ортасынан асып барып әрең тиылатын. Ой, шіркін қайталанбас, қимас сол бір қызықты, сағынышқа айналған сол бір жаймашуақ күндерді кейде сағынады екенсің.

Қазақта «Асар» деген ертеден сақталып келе жатқан әдемі, ұнамды, жақсы бір дәстүр бар. Көршілері, ауылдастары жиылып жағдайы төмен отбасына үй салуға, әлдебір себептерден өртенген немесе құлаған, жарамсыз болып қалған баспанасын жөндеуге жәрдемдесіп, қолғабыс беретін. Тіпті, қажет болса, ауылдың қадірлі ақсақалдарының шешімімен, жылу (қой-ешкі және де басқа мал, азын-аулақ қаржы)жинап беру де бар еді. Сөйтіп, бала-шағасы көп, «қолының қысқалығынан» қиналған жанға, отбасыларына түсіністікпен қарап, көмек көрсететін, жаңадан шаңырақ көтерген жас отбасының аяғына тік тұрып кетуіне себепкер болатын. Ол жиын басқаларға, әсіресе жастарға, сабақ еді, адамдарды біріне-бірін жақындататын, татулыққа, бауырмалдыққа баулитын,тәрбиелілік мәні зор қайырымды, өнегелі, жағымды іс еді. Соңғы жылдары біздің Жамбыл облысы өңірдегі ауылдарда тұрмысы төмен жеке басты қарт аналарға, көпбалалы күйсіз жүрген отбасына асарлатып үй салып беру үрдісі қолға алынды. Оған көпшілік түсіністікпен қарап, әрбірі қолдан келгенше атсалысуда. Сөйтіп «Көп түкірсе – көл» дегендей көптің кең пейілі арқасында, сауапты іс жолымен ауылдарда баспаналы болып жатқандар бар. Халық арасында жетімдер мен жесірлерге қол ұшын беріп жүрген жаны жомарт, пейілдері кең, ұстанымы дұрыс жандарға рақметтен басқа айтар сөз, тілек жоқ. Халықтың батасын алып, олардың алғысына, шапағатына бөлене берейік.

«Әркім қылығынан табар, пейілінен жазар» демекші, апта сайын теледидар мен газеттерден «пәленбай деген шенеунік мыншама мың доллар немесе миллион теңге пара алу үстінде ұсталды», «төленше деген басшы пәленбай миллион теңге мемлекет қаржысын жеп қойыпты» дегенге бұл күндері құлақ үйренді. Тіпті, ол ешкімді селт еткізбейтін үйреншікті хабар болып қалды десек те болады. Бұған не себеп? Заман не болып барады? Жебірлер мен парақорлар заманы, тойымсыздар мен ашкөздердің қоғамы болды ма деген жаман ой санаңды мазалайды. «Жақсы заман әлі келеді. Бақытты, бақуатты өмір сүруге әркім құқылы», – деп бізді тәрбиелеген бабаларымыздың сөзі неге желге ұшты?

«Дүние – жалған». Бұл біздің айтқанымыз емес, ертеден келе жатқан халық философиясы. Әттең, сол аталы сөзді ұмытып, мына жарық дүниеде өтпестей, өлместей терлеп-тепшіп дүние жиған пақырларды көргенде олардың мүшкіл халін аяп, жағаңды ұстайсың. Қазір адам үшін не жетпейді?

Ойыма еріксіз кезінде әлемнің үштен бірін жаулаған Александар Македонский (Зұлхарнай патша) туралы халық арасында сақталып қалған мына бір аңыз-әңгіме түседі. О дүниеге аттанып бара жатқан ұлы император: «Мені табытқа салып жерлегенде табыттан екі қолым сыртқа шығып жататын болсын. Ел көрсін – мына жарық дүниеге қалай шыр етіп қолым бос келсе, о дүниеге де солай дүние-мүлік ілмей бос кетіп барады» деген екен. Бұл өмір шындығы. Сен кім бол, қандай бол өзіңмен бірге суық жер қойнына, о дүниеге екі метрлік кебінге оралғаның болмаса ештеңені алып кетпейсің. Қандай байлығың болмасын, барлығы мына дүниеде қалады. Сондықтан бір мезгіл ойланып, аш қасқырдай алас ұрған пейілімізді тиып, пендешілікке бой бермей, сабырлыққа жол беру дұрыс емес пе екен деп ойлайсың.

«Адамның құлқы түзелмей, өмірдің құлпы түзелмейді» деген дана сөз бар қазақта. Орынды айтылған, маржанға тең аталы сөз. Адамның пейілі, құлқы түзелмей алдыңғы қатарлы қоғам орнатамыз, іргелі мемлекет құрамыз деу бекершілік-ау деп кей сәтте ой қаузайсың.
Ғұлама Абай он сегізінші қара сөзінде: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық», – деп ой түйген екен. Ұлы Абайдан артып не айтасың?!

Көріп жүрміз, қазіргі жас-тар тез баюдың жолын іздейді, қалай үлкен бастық болуды сұрайды. Олардың бірде-біреуі ешкімнен қалай ақылды болуды сұрамайды. Қазіргі заман солай болып тұр. Санаңды сарғайтатын өкінішке толы осындай кезең болуының себебі не? Адамгершілік, мейірімділік, жауапкершілік, намыс, ұят, уәде деген асыл қасиеттер неге сонша бұлыңғырланып барады? Болашақ қоғам адамзатқа қандай сый жасамақ? Иә. Түйсігі терең, көкірегі ояу, ой-санасы жетік жанды мазалайтын сұрақ бұл күндері аз емес-ау, аз емес. Тым көп қой…
Сонау бір заманда Сүлеймен деген патша өтіпті. Сол ақылды азамат алтын жүзігінің бетіне «Бәрі де өтеді, біз де өтеміз!» деген сөздерді зергерге әдейілеп жаздырыпты. Жарықтық, қуанса да, қайғырса да жүзігіндегі әлгі жазуларды оқып, сабасына түсіп, тәубесіне келеді екен. Ия, тірлікте бәрі де өткінші, ештеңе мәңгілік емес екенін, сірә, естен шығармағанымыз абзал болар.

Ой-хой, дүние – серуен, Адам – бір көшкен керуен. Уақыт – теңіз, адам – қайық. Сол шексіз шалқыған уақыт теңізінен адас-пай, болашақ жарқын жолымыздан таймай, адами асыл қасиеттерімізді жоғалтпай, тағдырымыз неғайбыл мына заманнан аман-сау, түзу, дұрыс шықсақ кәнеки, шіркін!

Заман керуені бір сәт те толас-тамай алға жөңкіп, күн артынан күн келіп, айлар аттап, жылдар жылжып мына өмір шіркін уысқа ілінбей, құс қанатына ілесіп зулап, сусылдап өтіп жатыр, кетіп жатыр.
Әркімді өмір-өзеннен, мына заман сынағынан аман, абыроймен өтуге жазсын!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.