Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шаһар басшысымен ашық диалог

0 378

Әрбір тұрғынның талап-тілегі ескерусіз қалмайтынына көз жетуде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының басты мақсаты – билік пен бұқараның арасында алтын көпір орнату екені белгілі. Сондықтан да ең әуелі жергілікті әкімдіктер аталған тұжырымдаманың іске асуына барынша күш салуы қажет. Соның жарқын көрінісі қала әкімі Ержан Жылқыбаевтың №10 аумақтық округтегі «Small» сауда үйінің алдында өткен кезекті көшпелі қоғамдық қабылдауында анық байқалды.

Құрбанәлі Шахабай

Карантин талаптарын барынша сақтай отырып ұйымдастырылған кездесуге шаһар басшысымен бірге орынбасарлары, әкімдікке қарасты бөлім басшылары түгел жиналды. Өтініш-тілегін арқалай келген халықтың да қарасы қалың болды. Әрбір тұрғынды байыппен тыңдаған Ержан Жұматұлы әр сауалға тұщымды жауап берді.
Айталық қала тұрғыны Рухсаракон Усманова Беделбаева көшесіне асфальт салуды өтінді.
– Біз бұл мәселені 2016 жылдан бері көтеріп келеміз. Дегенмен шешілер түрі жоқ. «Шалғай Қарасу» алқабында осы бір көшеге ғана тасжол төселмеген. Жаңбырлы күні батпақтан аяқ алып жүру мүмкін емес. Әсіресе балалардың мектепке баруы мұңға айналады. Тым болмаса білім ордасына баратын жолды жөндеп беруге ықпал етсеңіз екен, – деді Рухсаракон Адинқызы.
Өз кезегінде Ержан Жұматұлы бұл көшеге арнайы барып, жағдайды өз көзімен көретінін жеткізді.
Ал А.Қосанов көшесінде тұратын Айнұр Оспанова өзін баспана кезегіне тұрғызуды сұрай келіпті. Оның айтуынша күйеуі 3-топтағы мүгедек. Соның салдарынан ешқандай жұмысқа орналаса алмайды. Ал өзінің күнделікті тапқан табысы пәтерақыдан артылмайтын көрінеді.
– 3 балам бар. Жолдасымның мүмкіндігі шектеулі болғандықтан тұрақты жұмыс істеуге қабілетсіз. Мүгедектігі 2-топқа жатпағандықтан тиісті жәрдемақыны да ала алмай отырмыз. Кім көрінгеннің босағасында телміруге мәжбүрміз. Сондықтан сізден тұрғын үй кезегіне тұрғызып беруді өтінемін, – деді тұрғын. Осы ретте қала әкімі: «Әрине, жағдайыңызы жақсы түсініп отырмын. Әйтсе де, үй кезегіне тұрып, оған қол жеткізудің өзіндік шарттары, мемлекеттік бағдарламалары бар. Егер соған сай келсеңіз, баспаналы бола аласыз», – деді.
Қала тұрғыны Нұргүл Аманжанова Целиноградская көшесін жарықтандыру қажеттігін тілге тиек етті.
– Өркениетті дамыған заманда күн кешсек те, көшеміз тас қараңғы. Сондай-ақ қаңғыбас иттер де көп. Денсаулығына зақым келтіре ме деп балаларымыздың қауіпсіздігіне алаңдаймыз. Кеш батқан соң олар түгілі өзіміз сыртқа шығуға қорқамыз, – деп базынасын жеткізді тұрғын. Аталған мәселеден хабардар екенін айтқан шаһар басшысы бұл көшеге жарық шамдарын орнату келер жылға жоспарланып отырғанын құлағдар етті.
Чернобль оқиғасына қатысушы Ерболат Бошқараевты №10 аумақтық округте балалар ойын алаңының жоқтығы алаңдатса, Маржан Бұралқиева «Шаңырақ» алқабына қоғамдық көлік жүргізу керектігі жөнінде мәселе көтерді.
Қоғамдық қабылдауға келгендердің тілегіне мұқият құлақ түрген Ержан Жұматұлы жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар қабылдау барысында тіркелген әрбір мәселе бойынша кері байланыс орнатылып, жан-жақты зерделеу мақсатында арнайы комиссия құрылатын болады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.