Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Тарихтан сыр шерткен «Көне қамал»

0 756

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың туризм саласын қарқынды түрде дамыту туралы тапсырмасына сәйкес, Жамбыл облысында жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Айталық, Президент туризмді дамыту жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде бұл саланың әлемдік экономиканың қарқынды дамуына әсер етіп отырғанын және инвесторлар үшін тартымды бағыт екенін атап өткен болатын.
Осы мақсатта биыл өңірде туристердің сұранысына толық сай келетін, заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған 3 демалыс аймағын іске қосу жоспарлануда. Соның бірі – «Көне қамал» қорғаны күні кеше пайдалануға берілді.
Салтанатты ашылу рәсіміне Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері мен шаһар тұрғындары қатысты. Мәдени кеште өңірімізге танымал ақындар арнау жырларын тарту етсе, А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері тарихтан сыр шертетін «Айша бибі мен Қарахан» қойылымын сахналады. Сонымен қатар қала қолөнершілері мен зергерлерінің бұйымдары қойылған көрме қонақтар назарына ұсынылды.
Бұл нысан – «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің жалғасы. «Көне қамалдың» оң жақ қабырғасы жасанды тастармен көмкеріліп, ұзындығы 220 метрлік қорғанмен қоршалған. Мұнда ежелгі қалалар мен қамалдар қабырғаларының үлгісіне сәйкес келетін ортағасырлық қорғандар мен дуалдардың көрінісі бейнеленген. Қорған ежелгі керуен-сарайлар мен цитадельдердің дәстүрлі архитектуралық бейнесі бойынша жасалған.
Айта кетейік, алдағы уақытта нысан ішінде әр апта сайын түрлі мәдени-рухани іс-шаралар мен күнделікті қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылады.

Еркін Сайын

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.