Қазақ тарихындағы ең ауыр нәубет, ең үлкен қасірет – 1932-1933 жылдары болған жаппай ашаршылық, адам етін адам, өз баласын өзі жеуге дейін барған, өліктер көмусіз қалған күндер еді…
Ресми деректерде осы аштықта 2,5 миллионға жуық қазақ қырылса, ел басына күн туған зобалаңнан шетке қашып, жер аударылып, ұлтымыз азып-тозып, жалпы саны 5,5 миллион адамынан айырылған екен. «Сталин тұсындағы» деп айтылатын қасірет жайлы қазір зерттеу жүргізіліп, сараптамалар жасалуда. Десек те, мамыражай күн кешіп жатқан қазақ жеріне осы ашаршылық қайдан, қалай келді?
Көпшілік айтып жүргендей, қазақтың басына төнген зұлым аштық тек И.Сталин билікті қолына алған тұста басталған ба еді?.. Бұл нәубеттің түп тамыры неде? Біз әруақтардың назасы мен келешектің жазасына, тарихтың қазасына ұшырамас үшін де бұл қасіретке талдау жүргізіп, келешек ұрпақ, ұлттық патриотизм үшін де ұлағатты іс тындыруға міндеттіміз. Олай деп отырғаным, қазақ даласында ертеде (VII-VIII ғ.ғ.) бүгінгі капитализмге бағытталған өз астанасы, өз теңгесі, жойқын әскері, ұлттық саясаты бар ірі феодалдық мемлекет болған. Олар күллі Шығыс Түркістанды қытайдың езгісінен азат етіп, Таң империясын да талқандап жеңген.
Мәселен, орта Азияны жауламақ болған Таң империясына қарсы ата-бабамыздың соғысы туралы «Ғұн-Түрік-Қазақ тарихи зерттеу мәселелері» деген ғылыми еңбекте былай деп жазыпты: «Атлах шайқасы… 751 жылы орталық Азия тарихын жаңа арнаға бұрған әйгілі «Талас-Атлах» шайқасы болып еді. Біріккен Араб, Қарлұқ, Түргеш (Қарлұқ, Түргеш – біздің ертедегі ата-бабалардың қағандық атауы) қолының тегеурінді соққысы бұл өңірде екі ғасырға жуық тайраңдаған Таң патшалығы әскерін күйрете жеңіп, өз тәуелсіздігіне қол жеткізген болатын. Содан бері қазақтың қасиетті топырағына Қытай әскерінің аяғы тиген емес».
Міне, ежелден талайды таң қалдыратын қазақтардың осы тарихи жолын зерделеген В.Ленин де, И.Сталин де, олардың кеңесші орыс тарихшылары да қазақтардың ұлт мүддесі жолында бәрі біркісідей бірігіп, жаманын жасырып, жақсылығын асырып, таза қан болған соң тайсалмай күресіп ел намысын, саясатын ұстаған тектілерін төбеге көтерер мәрттігінен қауіптеніп, «улы ішкі саясат» жолымен әуелі текті байлар, батырлар ұрпағын қуғындап, елден бездіріп, жер аударды. Сондай-ақ панасыз, шарасыз қалған халықты аштыққа ұрындырып, тек бір тойған тамағы үшін айтқанын істеп, айдағанға жүретіндерді ғана билікке бас идіріп, тірі қалған ұрпағын қалай да ассимляция жасау жолымен (таза қаны болмаған қанына тартпайды) жерімізде жаңа адам өсірудің жоспарлы шараларын бастап, оған «Ұлт-азаттық азамат соғысы» деп айдар тақты.
Қазақ халқы осы құйтырқы зұлым саясаттың кесірінен ақтар мен қызылдар болып екіге бөлініп, бірін-бірі атып-шауып, ұстап беріп, қызылдар «коммунистердің» белсендісі, ақтар сол кезге дейін қазақтың тілін, дінін, ділін, ата мекенін бодандыққа бермей, қорғап келген текті, бай кәсіпкерлері «халық жауы» атанып, ағайын арасында қан төгіліп, бітіспес соғыс жүрді. Қызыл империяның мұндай билігінің қазақтың елі мен жеріне қайғы екенін анық түсінгендер жасырын тілге көнетіндерін ертіп, амалсыз әйтеуір тірі қалып, қайта оралу үшін Қытай, Ауғанстан, Қырғыз, Өзбек, Түркия, Иранға дейін көшіп кете бастады.
Халқының болашағын ойлап, іс тындырар текті байларға сол кезде ара түскен зиялылар көп болған жоқ. Себебі олардың өзі бас сауғалап қашып жүрді. Сол сияқты жауынгер жылқы малы үлкен қуат болғанын білген Қызыл империя басшылары бір түнде 300-500 шақырым жол жүрер, жылқы малы тұрғанда қазақты дегендеріне көндіру оңай болмайтынын білген соң пасық қулықпен, ол кезде ветеринария саласы еш дамымаған, қандай да бір аурудың ғылыми сараптамасы, халықаралық келісім нұсқау болмай-ақ, ауылдардағы жылқыларды «маңқа» деп жаппай атып, қырып, өртеді. «Маңқа» деген малдарды ұрлап әкетіп, сойып жеп, тірі қалғандар көп болған.
Қазақ үшін желдей ескен жылқы малын жою, жаяу тақырға отырумен бірдей. Елді үрей мен қорқыныш биледі. 1925 жылы қанқұйлы, ұрда-жық, тасжүрек, қанішер И.Голощекинді орталық арнайы даярлап, қазақққа жасалып жатқан қиянатты барынша қатал жалғастыру үшін Қазақстанға бірінші басшы етіп жіберді. Күні үшін арын да, барын да, қанын да сататын «шолақ белсенді» аталған өзіміздің іштен шыққан сатқын, өз жауларымыз арқылы алаяқ Голощекин қай өңірде қанша мал, қанша дәулетті адам, хан ұрпағы, ел сыйлар адамдар бар екенін оңай біліп, қызыл белсенділер қазақты өзіне өзін жазалатты. Бір-біріне куә болдырып, атқызды, сатқызды. Дәулеттілер жинаған бар малды жойып, аш-жалаңаш халықты тек өз аузына қаратқысы келді.
Халықтың сыйынатын ата тірегі, Алла, құдайға сену, әруақтың атымен рух, күш жинап, қиындықтан шығар жол іздеп, дінге сену, ата дәстүр атымен өшіп, мен «таза коммуниспін» дегендердің жүрегін ұлттық намыс емес, әзәзіл арақ жайлап, аз уақытта-ақ қазақ жерін тексіздік, дінсіздік, тілсіздік басып, халық сол тұста моральдық және материалдық тұрғыдан азғындап кетті.
Таяқ тастам, дәл іргемізде отырған, мал-жаны аралас, қойы қоралас Қырғызстан жерінде бұл зобалаңның бірде-бірі болған жоқ. Қайта бірер қазақтар қырғызға барып аман қалды. Қыздарын беріп күн кешті. Өзбектерге жалданып, өзбек аталып кеткендері қаншама?!
Шындығында қазақ жеріндегі мамыражай күн кешіп жатқан халықтың сол кездегі тірегі – бай-манаптары болатын. Олар ел саясатын жүргізіп, өз елінің мәртебесі мен келешегіне көп нәрсе жасап кеткенін тарих ұмытпақ емес. Сөзіміз дәлелді болу үшін бір ғана мысал келтірейік. Сол аласапыран кезінде Жетісуды жайлаған көзі ашық, шетелдермен де байланыста болған Қали Ордабайұлы 1927 жылы «халық жауы» атанып, Астраханға жер аударылып, жұмбақ өліммен қаза болған. «Дәу Қали» атанған ол Жетісудағы жеті арыстың бірі, Ресейдің саудагерлерін мойындатқан аса ірі кәсіпкер, меценат болған, Іле өзенінің сол жақ беті – Қаройда жарты миллиондай қазақтың қисары қойын өсіріп, жүздеген ауыл, халқы көп қалалардың өзін асырап отырған. Алматы қаласындағы алғашқы ағаш үйді салдырған да осы – Қали бай екен. Қали атамыздың сауда керуендері орта Азия, Сібір, Қытай, Қоянды, Қарқара жәрмеңкесі, Жібек жолының сауда қалаларын түгел аралайды екен. Алматыдағы Горький саябағында ағаш отырғызып, ортасына ел демалар, құс қондырар көл жасап, қаладағы алғашқы мешітті, бала оқытар медресені де өз қаржысына салған. Салдырған мешіті бүгінгі орталық мешіттің қасында әлі тұр. Қали атамыз Мәскеу, Петерборда балалар оқытып, тәрбиелеген. Айта берсе, ол кісінің еңбегі ұшан-теңіз екенін әлі күнге айтады.
Халықты ашаршылыққа ұрындырмас үшін Қытайға ауған байларды кері қайтаруға жол іздеген. Қали байдың түпкі ой-байламы биліктегілерге ұнаған жоқ. Сондықтан да Қалиды қаралап көрсетіп, «қызыл белсенділер» қолымен одан құтылудың жолын іздейді. Мұны Қали Ордабайұлы анық сезіп, өзіне ниеттес, Варшава университетінде оқыған, орыс гимназиясы, Қытай консулында, Қазақстандағы жоғары әскери кеңесте жауапты қызмет атқаратын саясаткер, Шығыс-Кәстек болысының тумасы, Шапырашты руының озық ойлыларының бірі – Қанай Боранбайұлына жасырын барып, «Бауырым, халқымыздың басына қаралы күн туғалы тұр, бұлардың ойы бұзық әрі тым әріде жатыр» деп мұңын айтыпты.
Қанай мен Қали бірігіп, қазақ елінің келешегі жолында күрескенімен, армандары жүзеге аспай қалған. Шет тілін білетін, өте білімді ұлт зиялыларының бірі – Қанай Боранбайұлы да Голощекинге іс-әрекетінің қазақ халқына қасірет боларын ашық айтқандардың бірі болғандықтан 1938 жылы «халық жауы» атанып, Магаданға жер аударылып, ақыры сонда атылып кеткен.
Иә, елінің қамқоры, озық ойлы Қали бай мен Қанай Боранбайұлының «Кеңес үкіметі қазақты аштыққа итеріп, жоюды әу бастан-ақ жоспарлаған» деген ойын мына бір ғана құжат-фактімен растауға болады.
«…1930 жылы ауданда (Жамбыл облысының Шу ауданы туралы дерек) 65 бай және кулак сотталды. Олардың ішінде 40 отбасынан 71 жылқы, 11 түйе, 4 сиыр, 64 қой, 12 киіз үй, 4 кірпіш үй, 1930 жылы аудан колхоздарынан 168 екі тісті соқа, 463 бір тісті соқа, 351 тырма, 4 мақта сеялкасы, 6 астық сеялкасы тәркіленді.»
Нәтижесінде 1930 жылдары көрші елдерге Шу ауданы тұрғындарының 60 пайызы аштықтан қашқан. Тәркілеп алған 40 отбасындағы мал саны осы ғана. Бұл – бүгінгінің орта шаруасы. Демек, сол кезде Голощекин аштыққа даяр, тақыр кедейлерді қалдыруының өзі көп нәрсеге айғақ екені айтпаса да түсінікті.
Тағы бір деректе: «Уже в 1930-31 г.г. в районе наблюдается признаки голода» деп жазған. Бұл деректегі түйін – Қазақстанға ашаршылық ресми деректерде айтылып жүргендей 1932-1933 жылдары емес, 1930 жылы-ақ келген. Еліміздегі аштық 1934 жылы ғана аяқталғанын айтар, көргендер де көп.
Иә, айта берсе, оқи берсең, дерек іздесең, Қазақстанда болған ашаршылықтың әлі де көп зерделеуді қажет етер көлеңке тұстары жетерлік. Өкініштісі сол, осы нәубеттен «қаралы» болғандар ақталды дегенімізбен, әлі күнге дейін нақты аттары аталып, ел үшін жасаған ұрпақтың ұлттық патриотизмді оятар ұлағат еңбектері ел алдында ұлықталмапты.
Мүмкін, сондықтан шығар, сол жоспарлы асыра сілтеумен «халық жауы» болғандардың өздері ғана емес, олардың ұл-қыздары да әлі күнге өз тектерін жасырып, көлеңкеде күн кешіп келеді. Біз жоғарыда өкінішпен еске алып отырған біртуар арда азамат Қали Ордабайұлының Гүлжаһан Қалиқызы атты бір қызы өз аты-жөнін «Гүлжиһан Галиевна» деп өзгертіп, елімізде алғаш «Қазреставрация» мекемесін ашып, Қожа Ахмет Ясауи, Айша бибі, Қарахан мазарларын жойылудан сақтап, өнерді өсіру үшін «Гүлдер» ансамблін ұйымдастырып, «Алматы» эстрада студиясын ашып, алғашқы қазақ циркін өмірге әкелген қайраткер.
Рас, қазақ халқының бұрын тарихта болмаған, ең үлкен нәубет қырғыны – ашаршылық туралы кейінгі ұрпақ тым аз біледі. Сондықтан 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу, аза тұту күнінде кешенді іс-шараларды тұрақты жүргізгеніміз қазақтың жаңа тарихына лайықты іс болмақ.
Жапар САТЫЛҒАНОВ,
этнограф, натуралист-құсбегі,
Жамбыл облысының Құрметті ардагері.
Тараз қаласы