«Тігінші татар әйел кеткен соң анам барқыт бешпетін, жібек белбеуін, ақ шағидан көйлегін тағы бір киіп көрді де, әбдіресіне салып қойды. Киімнен қалған матаның қиқымын қуыршағыма көйлек етем деп сұрап едім: «Кейін аласың», – деп бермеді. Зайыт ағамның ізінен кілең қыз туылып, менен соң тағы да ұл көрген әкем «өзімнен аумай қалған қара қызым» деп мені ерекше еркелетуші еді. Әкем келген соң, шешемнің матаның қалдығын бермей қойғанын жайып салдым. «Одан сұрама, ол сенен сұрайтын болады» деп ертесіне пүліш дейсің бе, мақпал дейсің бе, түрлі жарқыраған маталардың әрқайсысынан жарты метрден әкеп берді. Әкем айтқандай-ақ шешем: «Бұларды маған бере ғой, мен саған ана қиындыларды берейін», – деп жалынды. Мен оған беруші ме едім?», – деп әжім торлаған жүзіне ерекше мейірім ұялаған әжем бір ғасырға кейін шегініп естелігін ары қарай жалғады.

– Осылайша, сырғып жатқан алаңсыз күндер 1928 жылдың күзінде күрт өзгерді. Дүние-мүлкімізді кәмпіскелеп, әкемнің қолын қайырып алып кетті. Артынан аңырап қалған шешеміз бен біздерді Сібірге жер аударатын болды. 6-7 жастағы ойын баласы біздің ойымызда түк жоқ. 20 жыл Ақбеттаудың болысы болған әкем Әбужүсіп Құсайынұлы мыңғырған малы болмаса да, қолдағы барымен ағайынына қарайласып отырған. Еламан, Тұрсынбай билерден тарайтын текті атаның ұрпағы Боштайдың өз кезінде Баян ауланы билеген сұлтан-правитель болғаны тарихқа таңба басқандай хаттаулы. Одан туған Құсайын да болыстық қызмет атқарды. Аталарының жолын абыроймен алып жүрген әкемнің қызметіне адал болып, айналасындағы шаруаларға қамқорлық танытқанынан болар, елден көшетін кезде жамағайын жылап қоштасты.
Анам Халима Баянауылдың аға сұлтаны, атақты би, шешен Мұса Шормановтың Біләл деген баласының қызы болатын. Ресейге аттанайын деп тұрған паром басына Мәшекеңнің (Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы) өзі келгенін жиі еске алып отырушы еді. Кезінде өз ағайынымен араздасып келген Мәшһүр Жүсіп Әбужүсіптен пана сұрағанда, ол туған ағасы Мәліктің қыстауын алып беріп, жағдайына қарайласыпты. Ал анам болса, «қолжазбаларымды салатын едім, қара шкапыңызды маған қиыңыз» деген өтінішін жерге тастамай, елден кетер алдында беріп кеткен екен. Мәшекең жарықтық: «Мен енді Әбекеңді көрмеймін. Сендер табысасыңдар. Менің сәлемім мен ризашылығымды жеткізерсің», – деп қол бұлғап қалып еді дейтін шешем.
1928 жылдың суық күзінде анам үлкен ұлы Зайыт, келіні Қаден кішкене бөпесімен, жетегінде мен және Зейпішті ертіп, Новосібірге жер ауды. Ауыртпалықты көтере алмай 3-4 жастағы Зейпіш жолда көз жұмды. Новосібірге жеткен соң ар жағында тағы да шамамен 800 шақырым жердегі Баравинское совхозына тарттық. Үш айдан кейін әкем тергеуден босап, артымыздан келді. Деревняның шетінде айнадай жарқыраған үлкен көл, арғы бетте қазақ ауыл болатын. Қыстың күні жұрт көл бетіне қатқан мұз үстімен, ал жазда көлді айналып қатынайтын. Айтайын дегенім, қазағым қай қиырда жүрсе де, пейілі кең ғой. Сол қазақ ауылының адамдары бізге тұрмысқа қажетті құралдар, «сүті сендердікі, еті біздікі» деп бұзаулы сиырын беріп, қол ұшын созды. Ағатайыма да қай жерде жұмыс бар екенін нұсқап, білгендерімен бөлісіп отырды, – деп риза кейіппен еске алып, көзілдірігінің артындағы тұманданған жанарын, қанша ышқынса да қайтара алмас сол уақытты іздеп, меңіреу кеңістікке қадады.
Жат жер, жат орта, жат өмір ерке қара қызды ерте есейтті. Жаз шықса сырласы болған айнакөлден артық Мәриямнің мұңын ешкім білмейтін. Сол жылғы қыста хал үстінде жатқан Қаден жеңгесіне қазақ ауылдан көмек шақыруға шыққан қаршадай қыз мұзға бір құлап, бір тұрып арғы бетке зорға жеткен. Екі беті домбығып қайтып оралғанда, жеңгесі үзіліп кеткен екен. Көп ұзамай артынан ерген қарасы Тұрсын да анасының соңынан кете барған. Осы болған жағдайларға өзін кінәлі сезінген бала жүрек көлден көз алмай отырғанды ұнататын…
– 1936 жылы анам Халима елге оралғанда тағы да балаларымен қайтты. Бұл жолы артына қарайламады. Өйткені туы жығылса да, шаңырағы шайқалмаған, дүниесінен айырылса да, абыройын жоғалтпаған текті әулетке сол бір зұлмат жылдары пана болған Баравинское аймағы Ақбеттің соңғы болысы Әбужүсіпті де өз қойнына мәңгілікке алып қалған еді. Елге келгенімізбен, бізге өзіміз туып-өскен Баянауылымызға емес, оңтүстік облыстарға қоныстануға рұқсат берді. Үлкен әпкем Қатима мен Рәшат жездем Талдықорған облысы, Андреевка ауданында тұратын. Соларды паналап, осында көшіп келдік. Осында мектепте оқуды жалғастырып білім алып, 1940 жылы Қыздар педагогикалық институтына түстім. Алайда 1941 жылы сұм соғыс басталып, оқу жайына қалды. Біз мекен еткен Төңкеріш ауылындағы бастауыш мектептегі екі ер мұғалімді де соғысқа алып кетті. Колхоз бастығы маған «мұғалім боласың» деді. «Бұрын стажым жоқ, енді қайттім, мен институтты да бітірген жоқпын» деп отырғанымда, Келдібаев деген аяғы ақсақ бір кісіні жіберді. Сол кісі завуч болды. Бастауыш мектепте 4 класс, мен екі класты, Келдібаев екі класты алады. Кешке қарай мектептен келген соң тамағымызды ішіп аламыз да, айдың жарығымен колхоздың бидайын орамыз, шөбін жинаймыз. Ай батқаннан кейін бір-екі сағат көз шырымын алып, қайта мектепке барамыз. Ал қыстың ұзақ түндерінде бидайды ерменнен тазалатады. Алдымен бидай салған қапты таразыға тартып, сұрыптап болғаннан кейін, шыққан қоқысын бөлек, қалған таза бидайды бөлек өлшейді. Сондағысы бір түйір бидайды алмасын дейді. Бұл кездің ауыртпалығы арқамыздан аяздай батса да, ешкім жан аяп қалған жоқ. Бәріміздің бір ғана тілегіміз болды: «соғыс тезірек бітсе екен», азаматтырымыз аман-есен оралса екен».
Миллиондардың басын жалмаған, жетім мен жесірдің қарасын асырған, қасірет пен қайғы жамылдырған соғыс аяқталған соң, 1945 жылы Мәриям ЖенПИ-дегі оқуын қайта жалғастырды. Бірінші курсқа түскен қарағандылық қыздар Нұрзия мен Сара «апалап» оның айналасынан шықпайтын. Әжем өзіне бір ерекше ыстық, құпия сырдың тиегін ағытқысы келгендей жымиып қойды да, әңгімесін әрмен қарай өрбітті.
– Екеуі де жас қыздар, маған бірден бауыр басып кетті. Мен үшінші курста оқимын, олардың сабағына да көмектесіп, жан баласына айтпайтын сырларын да тыңдап, білгеніммен бөлісіп жүретінмін. Сөйтсем, Нұрзия оқу министрлігінде қызмет істейтін ағасына мені сыртымнан көрсетіп, айтып жүрген екен. Ол кісіні бір-екі рет көргенімде, қою қара шашы, отты көздерімен жалт етіп қарағаны есімде қалып қойыпты. Сонымен, не керек, бір күні Нұрзия келіп: «Ағамды Шудағы Новотроицк орта мектебіне директор етіп жібергелі жатыр. Ертең сол жаққа кетеді. Ағамның көңілін білесіз, бірге барсаңыз қайтеді?», – деп төтесінен айтты. Мен болсам, «әлі оқу бітіруіме 1,5 жыл бар, қазір үйленетін ойым жоқ» деп көнбедім.
Шуда әкесі менің әкеммен бір туған, Маликов Қали деген немере ағам бар еді. Әйелі ауданда интернаттың директоры, өзі мектепте мұғалім болатын. Шуда ешкімді танымаймын деп барған Нұрзияның ағасы Мәжитті солардың үйіне орналастырыпты. Қызық болғанда, менің әлгі ағам мен Мәжит 1935 жылы рабфакта бірге оқыған екен. Сол жерде мәре-сәре болып табысып, Қалекең «әйелің қайда, отбасың қайда» деп сұраған ғой досынан. Мәжит бірінші әйелінен айырылысып кеткенін, бірақ сөз байласып жүрген адамы бар екенін айтады. «Оқуын әлі бітірген жоқ, бір жарым жылы қалды», – десе, менің ағам: «Қалған оқуын сырттай бөлімге ауыстырып, алып келу керек. Жалғыз өзіңе қиын болады», – деп қоймай қойыпты. Мәжиттің көңілін жаулап, көнбей жүрген арудың өзінің қарындасы екенін қайдан білсін?!
Сонымен 7 ноябрьдегі мереке күндерінде Шудағы ағамның үйіне қонаққа баратын болдым. Ағамды көріп қайтайын деп Нұрзия да менімен ілесті. Келсек, Мәжит менің ағамның үйінде жатыр. «Қалеке, менің айтқан адамым сенің қарындасың боп шықты ғой», – деп ол да аң-таң. Сол күні маған екі шешемді салды, жеңгемді салды «қал» деп, оңайлықпен иық бермес әкемнің мінезі бар емес пе бойымда, мен қалмай кетіп қалдым. Үш күннен кейін артымнан кіші жеңгем мен Мәжит келіп, уағдаласып, қысқасы не керек, 3-курсты бітетін кезімде қосылдық.
Шу ауданында Карл Маркс атындағы орыс мектебінде қазақ тілінен сабақ бердім. Онда бір жыл тұрдық. Сосын Мәжит Жамбыл қаласындағы Жамбыл орта мектебіне директорлық қызметке ауысты. Бірақ бұл мектепте ұзақ істеген жоқ, көп ұзамай обкомға шақырып алды. Артынша-ақ Еділбаев деген хатшы: «Среднеазиатский военный округ ашылып жатыр. Соған бастық қылып сені жіберетін болдық», – депті. Сонда Мәжит: «Мен 5 жыл соғыста қан кештім, соның 27 айында немістің тылында болдым. Я сыт военным делом. Мен бара алмаймын», – деп тұрып алыпты. Ал мен бұл кезде Жамбыл мектебінде өзім оқыған мамандығым география пәні бойынша сабақ беріп жүрдім. Осы тұста ғой қазақтың айтулы ұлдары Қаратай Тұрысов пен Шерхан Мұртазаға класс жетекші болған кезім. Айналайындар, жатқан жерлері жарық болсын. Ол кезде олар 9-сыныпта оқитын. Екеуі үнемі бірге жүретін, бірге отыратын. Сабақта да алғыр, зерек, зейінді болатын. Әрі қағілез, әрі елгезек бозбалалар еді, – деп терең күрсініп, көзіне жас алды әжем…
Сұрапыл соғысты Тула қаласының түбінен бастап, Беларусь майданы құрамында бүкіл Еуропаны кесіп өтіп, Польша, Чехословакия, Румыния, Австрия, Венгрияны жаудан азат етуге қатысқан Мәжит Мұқановтың ерлік іздері майдангер жазушы Әди Шариповтың «Партизан қызы» повесінде сайрап жатыр. «Өлім иісі аңқыған қан майданның ортасынан оралған Мәжекең үшін отбасы амандығы әрдайым бірінші орында тұратын. Осы ұстаныммен талай рет өзіне ұсынған үлкен қызметтерден бас тартты», – дейді жан жары Мәриям Әбужүсіпқызы.
– Мәскеуден біліктілік арттыру бойынша бір айлық оқудан келген беті, обком хатшысы Артығалиев шақырып: «Енді бір жыл істесең, бір ауданға бірінші хатшы болып барасың», – депті. Ол жоқта Баян деген қызымыз шетінеп кетті. Менің денсаулығым жоқ. Гемоглобинім 25-ке түсіп, жүріп-тұруым қиындап қалған. Мәжит ойланбастан: «Шәке, маған секретарьлығыңыз керегі жоқ, семьям қымбат. Бір балам өзім жоқта қайтып кетіпті, әйелім дімкәс. Маған бір мектепті берсеңіз, қайда жіберсеңіз де, ренішім жоқ», – депті. Осылайша, біз 1955 жылы Талас ауданындағы Шолақтаудан бір-ақ шықтық. Мәжит жанында 100 балалық пансионаты бар мектеп-интернаттың директоры болып тағайындалды. Бұйрық шыққан күні Мәжит мұндағы жұмысын тапсырды да, Шолақтауға барып мектепті қабылдап алып, үш бөлмелі пәтердің кілтін алып, ертесіне жүк мәшинесімен келді. Ол уақытта бізде де көп зат жоқ, облыс орталығына жиналысқа келген ағатайым інісіне: «Сен Шолпанды кабинаға ал да жүре бер, мен Мәйкеш пен Айманды жолдан өзім апарып тастаймын, жүк машинеге отыратын мұның шамасы жоқ, жолға шыдамас», – деді. Ол кезде Қалкен Мұқанов ағатайым Сарысу ауданындағы Түгіскен совхозының директоры болып қызмет атқаратын. Давыд деген неміс шопырымен бізді ертесіне кеш қарая жеткізіп тастады. Мәжиттің айтуы бойынша мектепке барсақ, завхоз Смайыл аға мен сонда қарауыл боп істейтін Бадам апай алдымыздан күтіп алып, үйге апарды…
Мәжит Мұқановтың терең білімділігі, асқан адамгершілігі жайында көзкөргендер әлі аузынан тастамай айтып жүреді. Ал әжемнің мына бір әңгімесі оның адалдық принциптеріне қаншалықты берік болғанын айғақтап тұрғандай.
– Мәжиттің интернатқа директор болып барған тұсы. Ол уақытта Шолақтаудың дүкендерінде дым жоқ. Интернаттың тамағын Дутаев деген ұлты шешен жігіт басқаратын. Бір күні үйге 3 банка тушенка, азғантай қант әкеп тастап кетіпті. Мәжит түскі асқа келгенде, үйде жүрген қыз тушенканың бір банкасын ашып тамақ дайындап, қантты қойып, шай жасапты. Дастарқан басына жайғаса берген Мәжекең «мынау қайдан келді?» десе, Үміт сасқанынан «магазиннен алдым» дейді. Ашу қысқан отағасы: «Дүкенде мұндай зат жоқ. Шақыр ана Дутаевты, сендер енді жетім балалардың тамағына ауыз салайын дедіңдер ме?», – деп дүрсе қойыпты. Дутаев келген соң үстел үстіндегі тамақты өз қолымен банкаға салдыртып, қолына ұстатып жіберіпті. Жұмыстан шығарып жіберер ме еді, әйтеуір, сөгіспен шектелді-ау, – деп кеңкілдей күлді ғасыр әжем.
– Шолақтауда бір жыл директор болып істеді де, келесі жылы Талас аудандық білім бөлімінің басшысы қызметіне ауысып, аудан орталығы Ақкөлге көштік. Мен Шолақтаудағы Сталин атындағы мектептегі жұмысымды тастап, енді Ақкөлдің мектебінде географиядан сабақ беретін болдым. Қарт Қаратаудың қойнауында өткен жылдар біздің отбасымыз үшін аса қымбат, құнды естеліктерге толы. Шолпан, Айманымыздан кейін Таластың киелі топырағында Жібегіміз, көптен күткен атұстарымыз Мұрат дүниеге келді. Жора-жолдас, жекжат-жұратымыздың қатары көбейді. Қатима әпкемнің қызы Рашида Ақкөлдің бетке ұстар азаматы Төлбасының ұлы Қадірбекке тұрмысқа шығып, құда-андалы болдық. Ауданға келетін комиссия дейсің бе, уәкіл дейсің бе, біздің үйге түсетін. Сөйтсек, аудан басшылары «Мәжеке, сіздің үйдегі жеңгей Алматы көрген дегендей, бұл ауылда одан асырып ас әзірлеп, дастарқан жаятын әйел жоқ» деп мақтауымды келістіреді екен ғой. «Үйге келген кісімен құт кіреді» деп мен де азаматымды жерге қаратпауға тырысып, талай үлкеннің батасын алдық.
Көзді ашып-жұмғандай Таласта 10 жылды артқа тастап, 1966 жылы облыс орталығына жақын Жамбыл ауданына көшіп келдік. Мәжит жаңадан құрылған ауданның білім бөліміне басшылыққа тағайындалды. Мен оқу жылы аяқталғанша балалармен Таласта отырдым. Мәжит болса Жамбыл технологиялық институтының проректоры болып қызмет атқаратын туған ағасы Зейкіш Мұқановтың үйінде қала іргесіндегі Қызыл жұлдыз ауылында жатып, жұмысын істеді. Біз көшіп келгеннен кейін алдымен ағатайымның отбасымен бірге, кейін Ахметов деген редактордың бітпеген үйінде екі бөлмесінің полын салып тұрдық. Ұстаздық қызметімді Калинин атындағы мектепте жалғастырдым. Бастауыш сыныптарға орыс тілінен сабақ бердім. Ол кезде Жамбыл ауданының орталығы қазіргі қаланың аумағында, Сүлейменов көшесінде болатын. Күнде бала-шағамызбен қалаға шұбырып, біз жұмысқа, балалар мектепке келеді. Кісінің есігінде қиналып жүргенімізде, обком хатшысы Бименде Сәдуақасов Мәжекеңнің соғыс ардагері екенін, талай жылғы адал еңбегін ескеріп үш бөлмелі пәтер кілтін бергізді. Сондағы қуанғанымыз-ай…
Азаматына адал Мәриям Әбужүсіпқызы ардақты Мәжитін ана дүниеге арулап шығарып салғанына 40 жылға жуық уақыт өтсе де, аузынан тастамайды. «Атаның ұстаздық жолында жеткен жетістіктері де, алған атағы да жетерлік. Ал сіздің қандай марапаттарыңыз бар?» деген сұрағыма әжем бір күліп алды да: «Орденім жоқ, өтірік айта алмаймын. Лениннің 100 жылдығында медаль алдым. Бір-екі грамотам болатын, бірақ қазір есімде жоқ. Тыл еңбеккерімін… Біздің Мәжит марқұм сондай адам еді ғой, «Күйеуі заврайона, сосын бергізіп отыр» деп айтады» деп сый-құрмет көрсететін жерге менің атымды жолатпайтын. Көшековтің Талшыбық деген қызы біздің Калинин мектебінде завуч еді. Мектептің атынан Лениннің 100 жылдығына арналған медальмен марапаттауға екі адамның атын берсе, Мәжит «оған берілмейді» деп менің аты-жөнімді белінен бір-ақ сызыпты. Сосын Талшыбық: «Сіз неге мұны сызасыз? Бұл коллективтің шешімі, біздің де правомыз бар. Бұл кісі осы мектепке еңбегі сіңген, лайықты ұстаз», – деп қорғап алып, қолынан суырып алғандай болыпты.
– Ғасыр жасайын деп құдайдан сұрамадым. Өміріме ризамын. Текті әкенің тәрбиесін, арыстай азаматтың аялағанын көрдім. Ұрпақ сүйдім, еңбек еттім. Басы жұмыр пенденің қолында не бар? Алты қыздан кейін көрген бір түйір ұлымды да жерге тапсырдым. Жұбанышым – өмірімнің жалғасы немерелерім мен шөберелерім. Тұяқтарым аман болсын! Жамандық көрсеңдер, тарылмаңдар. Жер бетінде жақсы адамдар көп, әйтпесе бұл дүние баяғыда-ақ төңкеріліп кететін еді.
Ғасыр жасаған әжемнің сөзіне қалай сенбейсің?!

Эльмира Мырза-Ғали

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған