Даланың ақ қанат көбелектері мені де ақ мамыққа орады. Сарышұнақ аяз бет тістелеп, құлақ қыршып, тыншыр емес. Көк пен жердің ортасы сықыр-сықыр етіп сиқырлы бір нотаның дыбысын салғандай. Қақаған қыста шалғай ауылға бақыттың жолын салып, құрбым келін атанған еді. Мен қыз жолдаспын. Әкемнің «сол ауылға барып жатсаң, атаңнан аттап кетпе, сәлем бер» дегенін құлағыма құйып өскенмін.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Сол әдеппен Талас ауданында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері, қарт солдат әрі жиен атам Байдалы ақсақалды іздеп келемін. «Сексеннің сеңгірінен шығып, тоқсанның торабына жақындаған кісі қаусап отырған шығар, кімді тани қояр дейсің?» деген күдікпен есікті ашып, ішке ендім. Аға-жеңгелерім алдымнан қалбалақтай шығып, жағдай біліп, жөн сұрасып жатты.
Пеш түбінде мамыражай отырған қарт мені көре сала атып тұрды. Маңдайымнан сүйіп, мән-жай сұрасып болған соң, балаларына қарап: «Мал сойыңдар!», – деп бұйыра сөйледі де, мені құшағына алды. Әлі де қайратты, жігерлі ақсақал тік жүріп, тік тұрады екен. Сөзі анық әрі нық. Балалары да бір сөзінен тыңдап, алдында құрақ ұшып жүр. Бұл шаңырақтан «бақыт деген осы екен-ау» деген ойдың құшағында қайттым…
Байдалы Белғожаев Талас ауданы, Ойық ауылында 1925 жылы дүниеге келген. Бал-бұл жайнаған 17-нің көктемінде әскер қатарына шақырылып, Ресейдің Владивосток қаласында 6 ай дайындықта болған. Дәл сол жылы сұрапыл соғыстың сұрғылт күндеріне, майдан шебіне аттанып, бозбала шағының боз ала таңын қан майданға айырбастап кете барған. Армияда жаяу әскер қатарында болып, екі рет жараланған. Ленинград әскери ауруханасында аттай бір жыл емделген. Соғысты 1945 жылы Германияның Берлин қаласында аяқтаған. Соғыстан кейін Жапониямен соғысқа дайындықта болып, сол соғысқа да қатысып, елге 1947 жылы аман-есен оралған екен.
1950-1964 жылдар аралығында әуелі «Қызыл-Таң» колхозында, содан кейін «Бостандық» совхозында механизатор болып жұмыс істеген. 1964-1980 жылдары «Бостандық» совхозында аға шопан болып жұмыс атқарады. Бірнеше рет социалистік жарыстың жеңімпазы атанған. 1980 жылы құрметті зейнеткерлік демалысқа шығып, 5 ұл, 4 қыздың ардақты әкесі, 22 немере, 27 шөбере көрген ақсақал 2015 жылдың 15 қаңтары күні 92 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Байдалы ата туралы балалары ыстық ықылас, жылы жүрекпен елжірей еске алады. Ақсақалдың аңшылық құрып, саятшылықты жақсы көргені, жақсылық жасап, ешкімнің көңілін қалдырғысы келмейтіні әлі ел аузында. Балаларына «ешкімнің ала жібін аттамаңдар, өз маңдай теріңмен тапқан ас қана сіңеді» деген өсиеті кейінгі ұрпағының жадында қалып қана қоймай, осы дәстүрді бұлжытпай, барлық ұл-қызы еңбекпен ғұмыр кешіп, өз нанын маңдай терімен тауып жүрген жайсаң жандар.
– Әлі күнге әкем жайлы көп ойланамын. Қимаймын, – деді қызы Халима жанарындағы жасын іркіп. – Ел ішінде «әкеңнің жақсылығы өтіп еді, жақсы адам еді» деген сөзді естіген сайын марқайып, кеудемді мақтаныш билейді. Әкемнің бес ағасы болған екен. Соғыс жылдары бәрі бірдей майданға аттанған. Сонда әкем түс көріпті. Түсінде үш ағасының шашын тақырлап алып тастапты. Ал бір ағасының шашын алмапты. Міне, сол ағасын өле-өлгенше айтып, «тұтқында ма, бір жерде аман-есен шығар» деген үмітпен жүретін. Отыз жыл мал бағып, жастық шағы қиындықта өтсе де, әкем балаларына ешқашан қатты сөз айтпаған. Біреу «әкем бай болса», біреу «әкем бар болса» дейді екен. Әкемнің барына арқа сүйеп, қатты жақсы көретінмін. Қазір асқар тауым құлады, әкемнің орны ойсырап, «айналайыны» жетпейді. Бірде қызым әкесін құшақтап: «Мама, сенде осындай әке бар ма?», – дегенде егіліп жылап қалғаным бар. Қанша ұзақ жасаса да, әкеңнің көз алдыңда жүргеніне не жетсін?! – деді Халима апай.
Бұл күнде қыздарының өзі әже, ұлдарының өзі ата болған Байдалы ақсақалдың ұрпағы күн көзінен, жел өтінен қорған бола білген әкесін ыстық ықыласпен еске алды. Мен де Байдалы атаның көзін көргенімді, майдангерге маңдайымды өптіргенімді мақтан тұтамын.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған