Қалалық қоғамдық-саяси газет

Онлайн тапсырысқа сұраныс артқан

0 162

Әлем елдерін алаңдатып отырған індеттің салдарынан шектеулер енгізілгеннен кейін онлайн тапсырысқа сұраныс артпаса, кемімегені анық. Облыс орталығында тұрғындар жеткізу қызметіне төтенше жағдай жарияланбай тұрған кезде де жүгінетін. Ал қазір онлайн тапсырысқа сұраныс артқан. Біз бұған қала аумағында «Дәмді себет» азық-түлік дүкендері мен қоймасына, «Маликахон» мейрамханасына барғанда көз жеткіздік.

Сәндібек Піренов, Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Алдымен «Ауыл-Береке» базарының маңында орналасқан «Дәмді себет» дүкендер желісінің қоймасына бардық. Ең әуелі байқағанымыз, қойманың іші кең әрі азық-түліктер жеткілікті екен. Аталмыш дүкен желісі қала аумағында карантин режимі жарияланған күннен бастап халыққа көмек ретінде тегін жеткізу қызметін қолға алған. Нақтырақ айтсақ, қойма маңынан тапсырысты желі арқылы қабылдайтын арнайы кабинет ашылған. Онда екі қызметкер тапсырысты онлайн және әлеуметтік желіде көрсетілген байланыс нөмірі арқылы қабылдайды. Байқағанымыздай, онлайн қызметтің пайдасы мол. Себебі тұрғындарға үйде отырып-ақ керектіні аталмыш дүкен желісіндегі бағамен әрі тегін жеткізу арқылы алуға болады.

– Облыста карантин режимі енгізілгеннен кейін-ақ «Дәмді себет» дүкендер желісі тұтынушыларға жеткізу қызметін ұсынды. Бұл жұмыстарға арнайы үш жеңіл көлік бөлді. Жалпы біз онлайн тапсырыс қабылдауды қолға алған кезде тұтынушыларға тауарды бір күннің ішінде жеткіземіз деп пайымдағанбыз. Ал қазіргі уақытта тапсырыс қабылданған соң, екі сағаттың ішінде азық-түліктер межелі орынға жетеді. Айта кететін мәселе, әзірге біз тек тұрмыс жағдайында жиі қолданатын тауарлар мен азық-түліктер тасымалдаумен айналысудамыз. Бірақ санаулы күндерден кейін барлық тауарды тегін жеткізуге кірісеміз. Ал дезинфекция жұмыстарын арнайы мамандар дүкендер мен қоймада аптасына екі рет жүргізіп отырады. Бұдан бөлек, күнделікті жұмыс барысында барлық қызметкерлер бірінші кезекте санитарлық талаптардың сақталуына ерекше көңіл бөледі, – деді «Дәмді себет» ЖШС-нің логистика жөніндегі директоры Нұрбек Елеуқұлов.

Дәл осы сәтте қолында түбіртегі бар жеткізуші жеңіл көлікпен өзінің кезекті тапсырмасына жөнелді. Артынша біз де қала аумағында орналасқан «Маликахон» мейрамханасына, «Дәмді себет» дүкендер желісімен бірлесе жұмыс жасайтын «Әйгерім және К» кәсіп иесіне барып, дайын тамақты жеткізу жұмысымен таныстық. Елдегі төтенше жағдайға байланысты кәсіпкерлер қала аумағында тапсырысты тегін жеткізеді екен. Олар күнделікті 20-30 тапсырыс қабылдаса, демалыс күндері бұл көрсеткіш өседі дейді. Осы ретте қала әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Аспандияр Сейсебаев төтенше жағдайға байланысты қала аумағында атқарылып жатқан жалпы жұмыстар жайында айтты.

– Қазіргі уақытта қала аумағында дайын тамақ жеткізумен 37 кафе мен мейрамхана айналысады. Олар күніне 670-тен астам тапсырыс қабылдайды. Бұдан бөлек, азық-түлік жеткізумен айналысатын компаниялардың ішіндегі қазіргі уақытта ең ірісі «Дәмді себет» ЖШС болып табылады. Бүгінде бірқатар компаниялар облыстық әкімдікпен келісімшарт жасасып, шарттарға сай тауар жеткізумен айналысуда. Барлық қоймаларда азық-түлік тапшылығы орын алған жоқ. Сондай-ақ онлайн қызметке де күн сайын сұраныс артуда. Тұтынушылар тарапынан ешқандай наразылық түскен жоқ. Ал егер кәсіпкер тауарлардың бағасын шамадан тыс көтерсе, оған тиісті шаралар қолданылады, – деді Аспандияр Мұраталиұлы.

Дерттен дін аман шықты

Екі апта бойы қатерлі індеттің құрсауында болған «Қарасу» тұрғын алқабындағы №38 үй карантиннен босады.
Ағымдағы жылдың 7 сәуірінде осы үйден COVID-19 инфекциясын жұқтырған науқас табылған болатын. Содан бері қатаң бақылауға алынған көппәтерлі үйдің тұрғындары әкімдік тарапынан азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар аталмыш үйдің кіреберістерінде дезинфекциялық өңдеу шаралары жүргізілді.
Бұл үйде 26 тұрғын тұрады, оның 11-і 18 жасқа дейінгі жасөспірім, 15-і ересек адам. Жергілікті емхана дәрігерлері 14 күн ішінде барлық тұрғындардың денсаулығын бақылауда ұстаған. Нәтижесінде ешқандай арыз-шағым тіркелмеген. Бұл туралы Тараз қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау басқармасы басшысының орынбасары Ғабит Әбділда мәлімдеді. Тұрғындарды азық-түлік және тұрмыстық заттармен қамтамасыз етуге әкімдікпен қоса ерікті азаматтар да атсалысты. Сонымен қатар онлайн жеткізу қызметтері де тұрғындардың екі апта ішінде қолайлы өмір сүруіне ықпал етті.
– Қойылған талапқа сәйкес екі апта бойы үйден шыққан жоқпыз. Дәрігерлер бекітілген уақыт бойынша келіп, денсаулығымызды қадағалап отырды. Қатаң тәртіптің арқасында инфекциядан таза болып шықтық. Сондай-ақ мемлекет және демеушілер тарапынан күн сайынғы азық-түлік беріліп отырды. Қысылтаяң кезеңде бізбен бірге болған азаматтарға алғыс айтамын. Ал қала тұрғындарына мұндай қауіпті кезеңде барынша тәртіп сақтап, сақ болуға кеңес беремін, – дейді 38-ші үйдің тұрғыны Аягөз Майлиева.
Соңғы деректерге сүйенсек, еліміз бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 1967-ге жетті. Оның ішінде 452-сі жазылып шықса, 19 адам көз жұмды. Жалпы облыс бойынша 65 коронавирус оқиғасы тіркелген. Инфекциялық стационарда 46 науқас ем алуда, жағдайлары тұрақты. Жалпы аймақта осымен 11 адам коронавирустан айығып шықты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.