Қалалық қоғамдық-саяси газет

Күйзеліссіз карантин

0 154

Адамзат үшін бүгінгі алмағайып шақты бастан өткеру оңай болып жатқан жоқ. Төтенше жағдай жарияланғаннан бері бұқара оқшауланудың талаптарын түсінбей біраз әбігерге түсті. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, мұндай сәттерде жүйке сыр беріп, кей мемлекеттерде тіпті ажырасу фактілері көбейіп кеткен.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Қорқыныштысы да – осы. Карантин кезінде рухани көмек балаға да, анаға да, жар мен жалғызға да ауадай қажет. Әлем елдері пандемиядан бөлек, психологиялық хаостың алдын алу үшін арнайы жедел желілер тізбегін іске қосып, мамандарды игі іске шақырды. Бұл үрдіс төтенше жағдай енгізілген елімізде де сәтті жүзеге асырылып жатыр. Сәуір айының алғашқы бескүндігінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы (ЮНИСЕФ) covid-19.mentalcenter.kz сайтын ашқанын хабарлады. Аталған сайтта көпшілік өздерін қызықтыратын сұрақтарға жауап алып, психологтың немесе психотерапевтің көмегін ала алады. Ол үшін алдын ала өтінім қалдыруы тиіс. Өтінім берушіге сілтемесі бар SMS-хабарлама келеді. Сілтемеге өтіп, тиісті маманмен белгіленген уақытта әңгімелесуге болады. Аталған жобаға денсаулық сақтау, білім беру, мемлекеттік және мемлекеттік емес секторда еңбек ететін 50 маман тартылған. Жоба арқылы коронавирус инфекциясы таралған уақытта жергілікті жағдай ескерілген психологиялық көмек беріледі. Бұл – бұқараға министрлік тарапынан көрсетіліп отырған психологиялық қызмет.

Елге белгілі психологтар да бұл тұрғыдан аянып қалып жатқан жоқ. Мысалы, жуырда ғана Қазақпарат сайтына сұхбат берген Орталық Азиядағы психоанализ институтының директоры, психоаналитик Анна Құдиярова карантин кезінде үйде отырған тұрғындарға бірқатар психологиялық кеңестер ұсынды. Психологтың сөзінше, карантин – балалық шақтан келе жатқан армандарды орындауға таптырмас кезең. «Бала кезден армандаған үш тілегіңізді есіңізге түсіріңіз және ол не үшін әлі күнге дейін орындалмағаны туралы ойлаңыз. Мысалы, маған бірнеше жыл бұрын қатерлі ісік дертіне шалдыққан ер адам келді. Оның емі сәтті жүріп жатса да, денсаулығына қатысты шағымы көп болған екен. Онкологтар оған психологиялық көмек қажет екенін түсініп, маған жіберген. Мен одан бала кезден орындалмай келе жатқан үш тілегі туралы сұрап едім, ол шетелге жиі баратынын, тілектерінің бәрін орындап тастағанын айтты. Одан кейін сәл ойланып тұрды да, жылап жіберді. 90-жылдары Adidas спорттық киімі сәнді еді. Әлгі ер адамның ата-анасы оған сол киімді алып беруге жағдайы болмапты. Ол ержетіп, кәсіпкер болып кеткен соң костюмдердің түр-түрін алған, бірақ Adidas алу ойына келмепті. Мен оған дәл сол брендтің спорттық киімін алып киюі керек деген тапсырма бердім.

апсырмамды орындаған кезде ол бақытты күйде болды. Осы сияқты елеусіз қалған тілектеріңізді еске түсіріңіз. Мүмкін көптен бері оқылмай қалған кітабыңыз бар шығар? Мүмкін домбыра шертуді үйренгіңіз келетін шығар? Мүмкін көптен бері хабарласуға уақыт таппаған құрбыңыз бар шығар? Сол құрбыңызға видео арқылы хабарласып, жақсы естеліктерді еске түсірсеңіздер болады», – дейді психолог.

Анна Құдиярованың сөзінше, дәл қазіргі сәт адамдардың бойында шығармашылық қабілеттерді дамытуға мүмкіндік береді.

– Әлеуметтік желілерден коронавирусқа қатысты қаншама күлкілі анекдот, өлең жолдары мен ән естуге болады. Сізге осылай көңіл-күй сыйлап отырған дәл өзіңіздей адамдар емес пе? Қазір өзіңді шығармашылық тұрғыда жетілдіруге ең қолайлы кезең. Әлдекім «коронавирус туралы кім үздік өнер көрсетеді?» деген тапсырма беріп, сол тақырыпта әлемдегі адамдарды сайыстырып қойғандай. Ал әзілсіз айтар болсақ, зерігу – күйзеліске түсудің белгісі. Зерігіп кеткен адам қуаты біткелі тұрған ұялы телефонға ұқсайды. Оны қуаттайтын құрал әр адамның өз ішінде. Зерігу күйзеліс сипатына ие болған жағдайда ұйқыны қандырып, ағзаны қалыпқа келтіріп, одан кейін барып қуат алуға көшу керек. Ең алдымен, сіздегі зерігу сезімі уақытша құбылыс немесе созылмалы күйзеліс екенін түсініп алыңыз, – дейді маман.

Сондай-ақ психолог карантин кезінде ережелерге бағынбай, қауіпсіздік шарттарын орындамайтын қарттардың барын алға тартып, оларға жағдайды қалай түсіндіруге болатынын сөз етті. «Коронавирус адам бойында үрей тудырады. Сондықтан да кейбір ата-әжелер оның бар екенін мойындамай, ол туралы тыңдағысы да келмейді. Коронавирус проблемасын мойындамағандықтан, қауіпсіздік шараларын қолданудан бас тартып, өзіңе ұрысып тастауы мүмкін. Сізге олардың ойымен санасып, тіл табысуға тура келеді. Олармен ойын ойнап, материалдық тұрғыда ынталандыруыңызға болады. Мысалы, егер далаға шықпасаңыз – осындай сыйақы, егер қонаққа бармасаңыз – одан көбірек, ал үй ішінде қауіпсіздік шараларын сақтап жүрсеңіз, тіптен көп сыйақы беретініңізді айтып, ынталандыруыңыз керек. Бір үйде тұрғанмен, жиі шаң сүртіп, терезені ашып, мүмкіндігінше әр бөлмеде болуға тырысыңыздар. Ал тіптен түсінбей, далаға шығуға ұмтылатын болса: «Ата, әже, сіздер біз үшін өте қымбатсыздар. Далада қазір өте қауіпті, денсаулықтарыңызға зиян келтіріп алам ба деп қорқамын. Сәл шыдайықшы», – деп сабырмен түсіндіру керек», – дейді Анна Құдиярова.

Маманның сөзінше, карантин кезінде жақындарына ашу-ызамен ауыр сөздер айтып, оларды ренжітіп алудан аулақ болған дұрыс. Сондай-ақ Анна ханым арасы алшақтап, ажырасуды ойлап жүрген жұптар болса, оларға да өз кеңесін берді.

– «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды». Бірақ дәл осындай жағдайда ажырасу туралы ойдан аулақ болыңыз. Осындай кезде асығыс шешім қабылдап қойсаңыз, кейін өкінесіз. Мысалы, ашу үстінде ауызға келгенді айтып, жақын адамның жанын жаралап алуыңыз мүмкін. Ажырасуға кез келген уақытта үлгересіз, бірақ дәл қазір асығыстық танытпаңыз. Егер үй жағдайындағы карантин кезінде жарыңызға, әкеңізге, анаңызға, ағаңызға, бауырыңызға немесе қарындасыңызға ашуланып жүрген болсаңыз, аузыңызды ашпаңыз. Қатты ашу қысқан кезде үш минут үнсіз қалуға тырысыңыз, оған күшіңіз жетсе үш сағат, одан кейін үш күн, тіпті үш аптадан үш айға дейін өзіңізді ұстай біліңіз. Үш ай өткен соң ашу үстінде айтқыңыз келген сөздердің қаншалықты мәнсіз, мағынасы жоқ екенін түсінесіз. Ажырасудың көбі ашуланған кездегі алғашқы үш минутта айтылған сөздердің кесірінен болады, – дейді ол.

Өз кезегінде сын сағатта алдыңғы қатардан көрініп, елдегі оқушылардың білім алу процесін тоқтатпауды басты назарға алған ҚР Білім және ғылым министрлігі мектептегі педагог-психологтарға оқу-тәрбие процесіне қатысушылардың – оқушылардың, мұғалімдердің, сондай-ақ ата-аналардың ұсыныстарын дайындап, қашықтан білім берумен қатар психологиялық сүйемелдеуді жүзеге асыруды ұсынды. Кеңес беру өтініш бойынша жүргізіледі, қашықтан кеңес беру үшін ата-аналарға бекітілген педагог-психологтардың байланыс телефондары ұсынылған.

– Барлық мектептерде педагог-психологтармен оқушылар, ата-аналар және мұғалімдер санаты бойынша арнайы бағдарламалар дайындалды. «Коронавирус туралы балаларға қалай айту керек?», «Карантин уақытын қалай тиімді пайдалануға болады?», «Төтенше жағдай кезінде тәртіп сақтау», «Баланың эмоционалды көңіл-күйі», «Карантин кезінде үйде қалған жасөспірімдердің ата-аналарына арналған психологтың кеңестері», «Педагог-психолог Юлия Гиппенрейтерден ақылды ата-аналарға арналған 20 ережесі» сынды тақырыптар ұсынамыз, – дейді №7 мектеп-гимназиясының педагог-психологы Татьяна Шибина.

Ата-аналар үшін отбасы өмірінің әдеттегі ырғағын мүмкіндігінше сақтау маңызды. Бұл кезеңде жаңа отбасылық дәстүрлер мен ойындар өткізуге болады. Балаларды оқытумен қоса алғанда, жасына сай үй шаруашылығына да тартудың маңызы зор. Өзін-өзі басқару кезеңінде, мүмкіндігінше, балаларды өз құрдастарымен ойнауды және сөйлесуді жалғастыруға ынталандыру қажет. Бұл үшін телефон немесе бейнеқоңырауларды, әлеуметтік желілер сияқты жасына сәйкес басқа да байланыс түрлерін пайдалануға болады. Мамандардың айтуынша, адамның басты қажеттіліктері қанағаттандырылмаған болса, оны оқытуға тырыспау керек. Себебі ондай жандар жеке бастың жайымен білім алуға мүмкіндігі болмайды.

– Әрбір адамда тоғыз базалық қажеттілік бар. Алғашқы төрт қажеттілік – бұл өмір сүру қажеттілігі: жылу, қорғаныс, тамақ және қауіпсіздік. Біз әлеуметтік желілерден бұл қажеттіліктері қанағаттанбаған адамдардың бар екенін көріп отырмыз: азық-түлік жоқ, тұрғын үй жоқ, ақша жоқ және қауіпсіздік сезімі жоқ. Мұндайда психологиялық кеңес беру өте қиын. Осы базалық қажеттіліктерді қанағаттандыру бізге жайлылық пен тыныштық жағдайын сыйлайды. Адам барлық жағынан толық қамтылғанда ғана жаңа ақпараттарды қабылдауға дайын болады, – дейді педагог-психолог Айгүл Қалтаева.

Құрамына Айгүл Қалтаева кіретін «Аналар үйі» қоғамдық қорының мүшелері 2020 жылдың 30 наурызынан бастап «Өзін-өзі тану және жетістік» деп аталатын 21 күндік онлайн марафон бастаған.

– Марафонның мақсаты – өзіңді тереңірек тану, өмірлік мақсаттарыңды айқындау. Біз түрлі зерттеулерден адамдарға белгілі бір дағдыны бойға сіңіру үшін 21 күн қажет екенін білеміз. Марафон аясында WhatsApp желісі арқылы тапсырма беріп отыру үшін арнайы ережелер бекіттік. Марафон үш бөлімнен тұрады, әрқайсысы бір аптаға созылады. Біріншісі «Мен және әлем» деп аталады. Бұл кезеңде психологтар өзін тануға, өз тұлғасын терең түсінуге ұмтылады. Тәжірибе мен позитив тұрғысынан өзіне және өз ортасына көмектеседі. Екінші – «Мен және отбасы». Бұл жетікүндікте мамандар өздерін бала ретінде және ана ретінде тануға көмектеседі. Үшінші апта «Мен және ол» деп айтылады. Біз бір шаңырақ астындағы әйел мен ер адамдардың психологиялық жағдайын осындай әдіспен зерттедік, – дейді Айгүл Қалтаева.

Карантин уақытында қашықтан дәл осындай жобалардың сәтті жүзеге асып жатқандығы расымен көңіл қуантады. Мүдделі мекемелердің бастамаларына құлақ түрген отбасылар мұндай дағдарыс кезеңінен қиналмай шығатынына сенім мол.

Қысылтаяң шақта отбасы мүшелері тек бір орында оқшауланудан зерігу, депрессияға түсуден ғана емес, ғаламторда қаптаған жалған ақпараттың салдарынан да қорғануы тиіс. «Жұт жеті ағайынды» демекші, бұл кезеңде мүдделі топтар шынайы ақпаратқа негізделмеген, теріс пиғылдағы дүниелерді оңды-солды таратып, бұқараны адастыру қамымен еңбек етіп жатқанына мың түрлі дәлелдер шығып жатыр. Бұл тұста интернет сауаттылықтың да психологиялық жай-күйімізге оң әсер ететінін ұмытпауымыз қажет.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.