Қалалық қоғамдық-саяси газет

Оқушыларға ораза ұстауға бола ма?

0 584

   Қасиетті Рамазан айында ораза ұстау әрбір мұсылман баласына парыз етілген. Алайда соңғы кездері ауыз бекітіп жатқандардың жасы жылдан-жылға жасарып барады. Әсіресе студенттер мен мектеп жасындағы балалар арасында ораза ұстау сәнге айналғандай. Бүгінде бұған қатысты қоғам пікірі де екіге жарылып, қызу талқыға түсуде. Бұл жөнінде жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да ресми түсініктеме берген болатын.

«Біріншіден, шариғатымыз бойынша балиғат жасына жетпеген жас балаға ораза ұстау – парыз емес. Бұл туралы пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Үш адамнан қалам көтерілді: айыққанға дейін жын түрткен адамнан, оянғанға дейін ұйқыдағы адамнан, балиғатқа толғанға дейін баладан». Біз бұл хадистен балиғатқа толмаған жас балаға құлшылық жасау, оның ішінде ораза ұстау міндет емес екенін түсінеміз.
Екіншіден, балиғатқа және кәмелетке толмаған жас баланың ораза ұстау кезінде оның организмінде әлсіздік, дәрменсіздік пайда болуы мүмкін. Бұл жағдай кішкентай бүлдіршіннің денсаулығына кері әсер етуі, сонымен қатар оның толыққанды білім алуына кедергі келтіруі мүмкін».

«Ата-аналарға осы мәселеге аса көңіл бөлуге кеңес береміз. Кез келген құлшылық, оның ішінде ораза толыққанды білім алуға, тиянақты жұмыс істеуге кері әсер етпеуі керек. Оразаны себеп етіп, әркімнің өзіне жүктелген жауапкершілігіне немқұрайлы қарауына болмайды. Өйткені әр адам сауап амалды өзі үшін орындайды.
Үшіншіден, ата-аналардан балиғат жасына жетпеген балаларды ораза ұстауға мәжбүрлемеуді сұрай- мыз», – делінген мүфтияттың мәлімдемесінде.
«Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Нұралы Бақытұлының айтуынша, жас баланың ораза ұстауы заңға да, шариғатқа да мүлде қайшы емес екен.
– Шариғат бойынша қыз бала 9, ер бала 12 жаста балиғатқа толады. Содан кейін оларға құлшылық жүктеледі. Алайда Орта Азия елдерінің климатына байланысты ғалымдар қыздар 12, ұлдар 15 жасында толықтай балиғатқа жетеді деп тұжырым жасаған. Ораза тұтқан балалардың сабаққа селсоқ қарап, көңіл-күйінің болмауы бұл дінге емес, ата-ананың өзіне тікелей байланысты. Әрине, алғашқы күндері баланың мазасы қашуы мүмкін. Бұл тек балаларда ғана емес, ересек адамдардың өзінде де байқалады. Бұл жерде ең әуелі ата-анасы жауапты. Мәселен, баласына сәресін берген соң көп отырғызбай, бірден демалдырып немесе түнде ерте ұйықтатса, мұндай жағдайдың бірде-біреуі болмайды. Сол үшін ораза ұстаудың еш сөкеттігі жоқ, – дейді Нұралы Бақытұлы.
Жуалы ауданындағы №1 мектеп-гимназияның педагог-психологы Мира Ускенбаева ораза ұстау өтпелі кезеңдегі балалардың психологиясына кері әсер етуі мүмкін деген пікірде.
– Әрбір адам психологиялық, физиологиялық және анатомиялық даму сатысынан өтеді. Бастапқы кезең бастауыш сыныпқа тұспа-тұс келеді. Бұл уақытта баланың есте сақтау, ойлау қабілеттері әлі де толықтай қалыптасып үлгермейді. Сондықтан осы жаста ораза ұстаудың еш керегі жоқ. Ал орта буында бала өтпелі кезеңге аяқ басады. Бұл кездегі балалардың психологиясында айналасына «ішкі менін» көрсету процесі пайда болады. Мәселен, тұйық балалар ашыла бастаса, жайдары балалар тұйықталады. Сондықтан осы кезде ораза ұстау психологиясына қиын әрі кері әсер етеді. Өйткені осы жас аралығында олар көршісіне, ата-анасына, ұстазына еліктеп қана ауыз бекітуі мүмкін. Дегенмен мұның арты оның ішкі ағзаларының жетіліп, анатомиялық тұрғыдан дамуына тежеу болады. Оның үстіне ағзалары өсіп келе жатқандықтан, тағам қорын уақытылы пайдалана білуі керек. Әйтпесе бұл денсаулығына да зиян келтіреді. Тағы бір айта кетерлігі, ата- анасы ұл-қыздарын бұған мәжбүрлемеуі керек. Бала өзі іштей дайын болмаса, бұл оның психологиясына ауыр соққы болып тиеді. Жалпы оң-солын ажыратып, саралай білетін жасқа жеткен адамдардың ғана ораза ұстағаны дұрыс деп санаймын. Әсіресе денсаулығында кінәраты бар балалар үшін бұл тіпті болмайды, – дейді Мира Аманжолқызы.
Бұған қатысты ардагер ұстаз, ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері Есенкүл Қохаеваның да айтары бар.
– Оқушылардың ораза ұстауы дұрыс немесе қате деп біржақты кесіп айтуға болмайды. Себебі, біріншіден, ауыз бекітуге ниеттенген жасөспірім оның маңыздылығын, жөнін қаншалықты біледі? Ең алдымен соны анықтап алу қажет. Екіншіден, ораза тұтқан адам таңның атысынан кештің батысына дейін ашқұрсақ жүруге мәжбүр болады. Оның үстіне биылғы ораза жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер, көктемнің көк өзегіне сәйкес келді. Бұл мезгілде адам ағзасында құнарлы дәрумендер, қоректік заттар азайып, үлкен өзгерістер болады. Ал бала бұған дайын ба, шыдамдылық таныта ала ма? Ораза ұстамас бұрын балаға осыны ұғындыру қажет. Ауызашар мен сәресіге қойылатын тағамдардың құнарлығына да зор мән берген абзал. Үшіншіден, баланың ой еңбегі мен дене еңбегі қатар дамып, баланста тұруы тиіс. Қазір оқу жылы аяқталып келеді. Оқу жүктемесінен балалардың шаршап жүргені белгілі. Ал енді соған қарамастан ораза ұстайтын болса, ашуға бой алдырып, сабағына немқұрайлы қарауы мүмкін. Бұл өз кезегінде оқу үлгерімінің нашарлауына әкеледі. Осы жағына да ерекше мән берген жөн. Қорыта айтқанда, ораза ұстау баланың өз ықтиярымен, ата-ананың, ұстаздардың жан-жақты түсіндіруімен іске асқаны дұрыс, – дейді Есенкүл Ноқрабекқызы.
Ауыз бекіту балаларға медициналық тұрғыдан қаншалықты зиян немесе оның қандай пайдасы бар? Осы орайда медицина маманының да пікіріне құлақ түріп көрген едік.
– Дәрігер ретінде айтарым, егер баланың денсаулығы жақсы болса, ораза ұстауда тұрған ештеңе жоқ. Керісінше, пайдалы. Қазір біз СИГР, СИБР деген диагнозды екінің біріне қойып жатырмыз. Бұл – ішек аурулары. 5-12 жас аралығында көп кездеседі. Қазір тамақтану үрдісі қатты өзгеріп кетті. Бұл содан пайда болатын ауру. Айран, сүт, йогурт барлығына қант қосылады. Бұдан бөлек, балалар тәттіні көп жейді. Соның кесірінен аурушаң балалар көп. Ал ораза ұстаса, тым болмағанда 1 ай болсын асқазаны, ағзасы тәттіден тазарып қалатын еді. Бірақ мұның екінші жағы да бар. Баланың организмі күн сайын, тіпті сағат сайын өсіп жатқандықтан, оған қорек, тағамның нәрі үнемі тамшылап түсіп тұруы керек. Оның тамақ ішуін бір күн үзудің өзі оның өсуіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан оразаны адам организмі өсіп жетілген соң, тіпті кәмелеттік жастан кейін ұстаса дұрыс болар еді, – дейді балалар педиатры Гүлдана Шойбекова.
Зейнеткер Айнаш Жарылғасова болса, балғындардың ауыз бекітуіне түбегейлі қарсы.
– Біздер өткен ғасыр мен осы ғасыр- дың куәгерлерінің біріміз. Жанұямызда ешкім ораза ұстаған жоқ. Бірақ тума-туыстардың, жекжаттардың, көрші-қолаңның ұстағандарын көріп өстік. Олардың бәрі ересек адамдар мен қарт кісілер болатын. Қазір қарап отырсақ, мектептегі оқушылар ораза ұстайды. Бірақ бұл, меніңше, еріккен жанның ермегі мен ойынына айналып бара жатқан сияқты. Оқушылардың негізгі міндеті – сабақ оқу. Тек мезгілімен тамақ ішіп, ұйқысы қанған баланың ғана оқуға деген ынтасы жоғары болады. Қазақта «Аш адам – ұрысқақ» деген сөз бар. Қазір үнемі белсенді қимыл-қозғалыста болатын жас балалар мен жасөспірімдердің тамаққа тоймайтын кезі емес пе?! Жасы келген, асқазаны ас қорытпайтын кәрі кісі емес, жас баланың ағзасы маздап жанып тұрған пеш іспетті. Ал жанып тұрған отқа жиі отын салу керек, олай етпесе жалын сөніп, қоламтаға айналмай ма?! Баланың ағзасы да дәл осы сияқты, тамақ ішпеген баланың дәрмені, күш-қуаты сарқылады. Сабақ оқуға көңіл-күйі болмайды. Сондықтан бұрын жас бала ораза ұстауға талпынғанда, оларға үлкендер рұқсат бермеген, – дейді Айнаш Жарылғасқызы.

Қалай десек те, ораза ұстағанда баланың психологиясы, денсаулығы, ата-анасының да, баланың да қалауы ескерілгені жөн. Жоғарыдағы пікірлерден түйгеніміз – осы. Сол үшін оразаны бес парыздың бірі деп санасақ та, оның зиянды һәм пайдалы тұстары жан-жақты сараланып барып, балғындардың мұндай қадамға барғаны дұрыс секілді.

 

Құрбанәлі Аманкелдіұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.