Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жол картасындағы жобалар жүйелі жүзеге асырылуда

0 152

   М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің мәжіліс залында «Amanat» партиясының Тараз қалалық мәслихатындағы депутаттық фракцияның отырысы өтті. «AMANAT» партиясы Тараз қалалық мәслихатындағы депутаттық фракциясының жетекшісі Серік Жетібаев алғысөзбен ашқан жиында қалалық филиалдың төрағасы, шаһар басшысы Ержан Жылқыбаев партияның Сайлауалды бағдарламасының іске асырылуы жөнінде жан-жақты баян етті.

– «Amanat» партиясының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасындағы жеті басымдыққа сәйкес, 2025 жылға дейін Тараз қаласында 107 іс-шараны орындау көзделген. Оның ішінде 2021 жылы белгіленген 86 шараны орындау бойынша тиісті жұмыстар атқарылса, биылғы жылы алдымызда 90 шараны орындау міндеті тұр. Жол картасын іске асыруда мәслихаттағы депутаттық фракцияның алар орны ерек. Жол картасындағы көрсеткіштердің орындалу жайы 2021 жылы қала әкімінің төрағалығымен өткізілген жиналыста 6, өңірлік жобалық топтың отырысында 3 және ағымдағы жылы 1 рет қаралды.

– «Экономикалық тұрақты қала» бағытындағы 19 шараның 16-сы орындалды. Жалпы құны 1,0 миллиард теңгені құрайтын 2 инвестициялық жоба іске асырылып, 143 жаңа жұмыс орны ашылды. Белсенді жұмыспен қамту шараларымен 10 569 азамат, оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына 6526 адам орналасты. Тұрғындарды әлеуметтік маңызы бар тауарлармен қамтамасыз ету мақсатында тұрақты түрде жәрмеңкелер өткізіліп, тұрақтандыру қорының тауарларын сату үшін ірі сауда орындарымен 8 меморандум жасалды. Сондай-ақ 19 павильон ашылды. Басымдықтағы 3 іс-шара белгілі себептерге байланысты орындалмады.
Алайда «Жайлы қала» басымдығы бойынша жоспарланған 16 шараның барлығы орындалды. Шаралардың негізгі бөлігі инфрақұрылымды дамытуға, тұрғындарды үймен қамтамасыз етуге және қоғамдық көліктерді жаңартуға бағытталды.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында №15-ші ықшамауданда 29 көпқабатты тұрғын үйден 2125 және жеке инвесторлар есебінен 124 пәтер пайдалануға берілді. Қазіргі таңда қала бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың саны 22 073 адамды құрап отыр. Жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімдерін алуға бүгінде 74 412 адам кезекте тұр. Бірнеше жыл бойы жер телімдерін беру тоқтатылған. Себебі жер бермес бұрын оның инфрақұрылымын, суын, жолын, газын тарту міндеттелген.
«Әлеуметтік бағдарланған қала» басымдығы бойынша жоспарланған 27 шараның 12-сі денсаулық сақтау, 8-і білім, 3-і спорт, 2-і мәдениет және 2-і тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларына қатысты, – деді қала әкімі Ержан Жұматұлы.
Сондай-ақ шаһар басшысы «Жастар үшін қала», «Тарих пен мәдениетті таныту», «Ашық және есеп беретін жергілікті органдар құру», «Қауіпсіз қала» басымдықтарына да тоқталып өтті.
Одан кейін сөз алған «Amanat» партиясының қалалық мәслихатындағы депутаттық фракциясының мүшелері Эльмира Мырза-Ғали мен Нұрлан Саурықов Сайлауалды бағдарламалардың орындалу барысы және депутаттық міндеттерін атқару жөнінде есеп берді.
Жол картасындағы жоспарланған көрсеткіштерді жүзеге асыруды қаржыландыру бойынша ұсыныстар енгізіліп, Жол картасында 2022 жылы құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуі тиіс білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт саласындағы нысандардың, тұрғын алқаптарын газдандыру, ауыз сумен жабдықтау жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттарының дайындығы да пысықталды. Жобаларды іске асыру бойынша тиісті қаражаттың бөлінуіне ықпал ету және тиісті орындарға бюджеттік өтінімдерді жолдау, тиісті мекемелер мен бөлімдер тарапынан көрсеткіштерге қол жеткізу бағытындағы жұмыстардың орындалуын қамтамасыз ету алға қойылып отыр.

 

Құралай Сейсенбекқызы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.