Қалалық қоғамдық-саяси газет

Оқуға құштар мектеп

0 291

    Жамбыл атындағы №5 мектеп- гимназия кітапханасының ұйымдастыруымен 2022 жылғы балалар жылын қолдау мақсатында, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында, балалар кітабының апталығы ұйымдастырылды.
Апталықтың ашылу салтанатында мектеп-гимназия кітапханасының кітапхана меңгерушісі Айткүл Есентаева сөз сөйледі. Айткүл Қалиқызы «Оқуға ұштар мектеп» жобасы, 2022 жыл Балалар жылы туралы айтып, балалар кітабының апталығының жоспарымен таныстырды.

Бұл шара оқушылар мен ата-аналарды кітап оқуға ынталандыру, ақпараттық қолдау көрсету, отбасылық оқу дәстүрін отбасылық оқу мәдениетін жаңғырту, сондай-ақ, оқушылар мен ата-аналар арасында тұрақты түрде кітап оқу дәстүрін қалыптастыру мақсатында жолға қойылды. Бала тәрбиесіне жұмсаған күш, уақыт – болашаққа жасалған үлкен инвестиция. Болашақ Олимпиада чемпиондарын, Нобель сыйлығының иегерлерін, ел экономикасының дамуына үлес қосатын, тарихта есімі алтын әріптермен жазылатын тұлғаларды тәрбиелеп шығару білім ұясының тәлім-тәрбиесіне байланысты. Кеш барысында Белес би ансамблі «Шуақ биін» биледі. 5 «е» сынып оқушысы Інжу Әлімахамет «Кітапхана», Інжу Жандарбек «Домбыра», Сырымбет Ақарыс «Тәуелсіз елдің ұланы» әндерін орындады.

Арнайы ұйымдастырылған «Кітаппен жарқын әлемге» атты кеңейтілген кітап көрмесімен балаларды таныстырып, «Тәтті сұрақтар» ойыны ойнатылып оқырмандар сыйлықтармен марапатталды.
Балалар кітабының апталығына орай «Ән-бимен әріптелген сәт», «Кітаппен жарқын әлемге», «Мәдениет мәңгіліктің іргетасы» А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрына «Тәтті сұрақтар» ойыны, «Тапқыр болсаң, тауып көр» сайысы, Кітап дүкені туралы мағлұматтар мен Әдеби аукциондар өткізіледі. Абай атындағы гуманитарлық жоғары колледжінің «Музыкалық білім беру» мамандығы бойынша 3-4 курс студенттерінің қатысуымен «Ұрпаққа тәлім берген ұлылар» атты кеш, жергілікті балалар жазушысы Көсемәлі Сәттібайұлымен «Құнды ой-құнарлы сөз» атты кездесу ұйымдастырылды. «Отбасылық оқу – ұрпақтардың рухани байланысы» үй кітапханасын жабдықтап, бала тәрбиесіне байланысты оқуға міндетті кітаптардың тізімі ұсынылады.
Қазіргі таңда бұл білім ордасында 163 ұстаз шәкірттерге білім нәрін беруде. Солардың ішінде 14 ұстаз педагог-шебер, 57 ұстаз педагог-зерттеуші, 29 мұғалім педагог сарапшы. Сапалық құрам – 61,3% құрайды. Қосымша білім беруге бағытталған 26 үйірме 5 бағытта жұмыс жасайды. Оның ішінде 2 спорттық, 2 техникалық бағытта, 9 шығармашылық, 7 пәндік гуманитарлық, 6 пәндік жаратылыстану бойынша жүргізіледі.

Көптеген дарынды түлектері мектепті «Алтын белгімен», «Ерекше үлгідегі аттестатпен» бітіріп шығып, өзінің білімдегі мықтылығын дәлелдеп баққан. Тек Қазақстандағы ғана емес, шетелдердегі беделді жоғарғы оқу орындарында оқып, түрлі салаларда еңбек етіп жүр. Олардың бірі “Болашақ” бағдарламасымен Париждегі Сорбонна университетінде білім алған Қожамұратова Ирина Тоймұратқызы, Ұлыбритания, Норвегия елдерінде білім алған Дархан Дүйсенов, Нұрбану Қалақбасова, АҚШ-та Ару Айнақұлова, Францияда білім алған Қарлығаш Бейсмақова, Италияда өз білімін жетілдірген Назым Стамбековалар аталмыш мектептің мақтаныштарына айналған.


Мектеп-гимназияны 2012 жылдың қыркүйек айынан бастап Төлеу Салтанат Ерсағатқызы басқарып келеді. Қазіргі таңда «Басшы-көшбасшы» біліктілік санаты бар. Салтанат Ерсағатқызы басшылық жасаған жылдарда мектеп-гимназияға 2015 жылы және 2019 жылдары Тараз қаласы бойынша «Үздік мектеп-гимназия», Жамбыл облысы бойынша «Үздік инновациялық білім беру ұйымы» атауы берілді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.