Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қоқан басқыншылығы тұсындағы оңтүстік қазақтарының азаттық күресі (ХІХ ғ. 10-60 жылдары)

0 1  877

Қоқан хандығының қазақ халқына жасаған қиянаты қисапсыз екендігін «солай ғой» деп түйсінгенмен, көпшілігіміз қарастырылып отырған кезеңнің кесапатты оқиғаларын нақты біле бермейміз.

Осы орайда сәл шегініс жасап, Төле би – Абылай тұсындағы дәуірге тоқталар болсақ, онда ХVІІІ ғасырдың 50-жылдары Жоңғар мемлекеті саяси дағдарысқа ұшырап, әлсіреп, ыдырай бастағандығын, 1756-1757 жылдары Цинь империясы жоңғарларды мемлекет ретінде түпкілікті жойғаннан кейін, Абылай қазақ елінің біртұтастығын қамтамасыз ету мақсатында Ташкент, Ходжент, Сайрам, Шымкент, Созақ, Түркістан қалаларын Қазақ хандығына қайтадан қаратып, Үш жүздің бірлігінің көрінісі ретінде ежелгі Түркістан қаласын Қазақ мемлекетінің астанасы етіп белгілегендігін айта аламыз. Ташкент Төле бидің қолында болды. Бұл туралы Сырдария облысының әскери губернаторы Н.Н.Гродеков өзінің «Сырдария облысының қырғыздары мен қара қырғыздары» атты еңбегінде тоқталып өтеді. Осы тұстағы Қоқан билігі Бұхарадан бөлінген жеке бектіктің алғашқы билеушісі Шахрухтан оның баласы Әбдірахымға (билік құрған уақыты – 1721-1734 жылдар), одан кейін оның інісі Әбдікерімге, Әбдікерімнен соң бір жыл ғана бектік құрған Әбдірахманды ауыстырған Елдана бектің (1751-1770) қолына өткен еді. Дәл осы Елдана мен оның ізбасары Нарбота бектер (1770-1779) 1765 және 1770 жылдары қазақ иелігіндегі Ташкент шаһары мен оның айналасын жаулап алмақ ниетпен бірнеше жорықтар ұйымдастырады. Алайда алғашында Абылай хан бастаған қазақ сарбаздарынан жеңіліп, кері шегінсе, кейінгі жорықтарында Төле бидің кенже ұлы Ташкенттің Шайхантәуір бөлігінің биі Қожамжардан жеңіліс тауып, сәтсіздікке ұшырайды. 1799 жылы Нарбота қайтыс болады да, оның орнына екінші баласы Әлім бектіктің тағына отырады. Осыған байланысты туындаған билік үшін талас Қоқан бектігін едәуір әлсіретеді. Бұл кезде Ташкент қаласын Төле жасы ұлғайған кезде дуанбегі қызметіне бекіткен, өзінің атқосшысы, қалша руынан шыққан Жүніс қожа билеп тұрған болатын. Ол мұның алдында ғана (1798 жылы) Ташкентті Қожамжар бас болған қазақ билігінен тартып алған еді. Дегенмен өзін адам қатарына қосқан қазақтарға қырғидай тиіп, ендігі жерде Қоқанды да жаулап аламын деген Жүніс қожа 1801 жылғы үш күнге созылған соғыста қирай жеңіліп, Ташкентке шегінеді. Ал Әлім бек Ферғана жазығындағы ішкі қырқыстарды ретке келтіріп, 1806 жылы Нарбота билігі тұсында Бұхар хандығына өтіп кеткен Ходжент қаласын қайта басып алады. Осы жеңістен кейін Қоқан бектігін Қоқан хандығы деп жариялайды. Сол жылы Ташкентті де шабады.
Осылай ХVІІІ ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың басында Қазақстанның оңтүстігіндегі саяси жағдай өте күрделі болды. Мұнда Орта Азияның үш мемлекеті – Хиуа, Бұхара және Қоқанның мүдделері қақтығысқа түсті. ХІХ ғасырдың басына қарай күшейген Қоқан хандығы енді Оңтүстік Қазақстанды жаулап алуды көздейді. Оның негізгі себебі, өзінің қазынасын толықтыру, мал шаруашылығын дамыту, сонымен қатар Ресей мен Қытайды байланыстыратын Орта Азиядағы керуен жолдарына бақылау орнату және мұсылман халықтары тұратын аумақты иелену еді. Жалпы 1810 жылы Оңтүстік Қазақстанды жаулап алған уақыттан бастап 1865 жылы Ресей империясының қол астына өткенге дейін қоқандықтар Ұлы жүз аумағында әкімшілік қадағалау жүргізіп, Ақмешіт, Жаңақорған, Күмісқорған, Шымқорған, Шолаққорған, Созақ және т.б. бекіністерді салады. Бұл кезеңде Хиуа мен Бұхара Қоқанға қарағанда әлсіздеу болды да, онымен тайталасқа түсе алмады. Қоқан хандығының қол астына Ұлы жүздің көп рулары: бестамғалы (35 мың үй), сиқым (5 мың үй), шымыр (9 мың үй), жаныс (7 мың үй) қарады. Жоғарғы әкімшілік билік Ташкент әкімінде (наместник) болды. Оның екі көмекшісі: 1) Саркар (мырзабасшы) салық жинаумен және азаматтық істермен; 2) Батыр басшы (әскери басшы) әскери іс және көшпенділер мәселесімен айналысты. Омар хан тұсында билерге артықшылықтар беріліп салықтан босатылды, олардың кейбіреулері «датқа» лауазымын алды. Бұқара халықтың негізгі бөлігі зекет салығын (шариғат бойынша мүліктің ¼ бөлігі) төлеп тұрды. Қоқан бекіністерінің төңірегінде тұратын қазақтар бекіністердің жөндеу және кеңейту жұмыстарына тартылып, әскерді азық-түлікпен қамтамасыз етуге тиіс болды. Сонымен қатар қазақтар әскери міндеткерліктер атқарып, қарсылық көрсеткендерді тыныштандыру жорықтарына да қатыстырылып отырды.
Қоқандықтардың қазақтарға түрлі салықтар салуы қарапайым адамдарға үлкен ауыртпалық түсіріп, ішкі әлеуметтік қайшылықтарды тереңдетіп, халық ішінде кедейлердің көбеюіне әкеліп соқты. Қоқандықтар билік жүргізген тұстағы ауыр жағдайлар елдің есінде қатты сақталып қалды. Ол туралы Ш.Уәлиханов: «Қазақтардың арасында «әзірейіл барда жаным бар деме, қоқандықтар барда малым бар деме» деген мәтел пайда болды», – деп көрсетеді. Өз дегендерін жүзеге асыру үшін қоқандықтар алғашқы жорықтарында-ақ қазақтардың күніне жиырма шақтысының басы мен қол-аяқтарын кесіп, олардың жан шошытарлық өлі денелерін ат-есектерге өңгеріп, ауыл-ауылдарға жіберді. Дала қазақтары мұндай қанішерліктен еш шошымады. Керісінше, Қоқан билігіне қарсы наразылықтар көрсетіп отырды. Мәселен, 1810 жылы Ташкент өңірінде тұратын қазақтар салық төлеуден бас тартты. Қоқан ханы Әлім қарсылық көрсеткендерді тыныштандыруға және Сайрам, Ташкент, Түркістанды бағындыру үшін 12 мың әскер жіберді. Қоқандықтардың қолына түскен төңкеріске қатысты қазақтар тонаушылыққа ұшырады. Қоқандықтар Түркістанды басып алуы кезінде оның билеушісі Тоқай төре Бұхараға қашуға мәжбүр болды. Бұхараның әмірі Тоқай төреге Бұхарадағы соғысқа жарайтын қазақтардан жасақ жинап алуға рұқсат берді. Жасақ жинап жарақтанған Тоқай төре алдымен Созаққа бекініп, одан кейін Түркістанды қоршауға алды. Оған қарсы қоқандықтар Ташкенттен 300 жауынгермен Базар бахадүрді аттандырды. Олар жолда Тоқай төреге көмек көрсеткен 1000 отбасынан тұратын қазақ ауылына шабуыл жасап, ауылды тонап, көп пайда түсіріп, адамдарын тұтқындап алып кетті. Түнде Тоқай төре Созақты тастап қашуға мәжбүр болды. Одан кейін қазақтардың қарсылығы біраз уақыт басылды. Тоқай төре уақытша Бұхараны паналады, ал кейін ол Бұхара әмірінің балалары билікке таласқан тұста өлтірілді.
1821 жылы Тентек төренің бастауымен қазақтардың Қоқан үстемдігіне қарсы көтерілісі болды. Көтерілісшілердің саны 12000-ға дейін жетті. Олар Сайрам, Шымкент, Әулиеата қалаларын алып, бірнеше бекіністі қоршады. Көтеріліске Түркістан, Шымкент, Сайрам, Әулиеата төңірегін мекендеген қазақтар қатысты. Көтерілісшілерге қарсы Абулқалым – Аталық басқарған әскер жіберілді. Тентек төре әскерін екіге бөлді. Бір бөлігі Тентек төренің басшылығымен Сайрамда, ал екіншісі Шымкентте бекінді. Ұзаққа созылған қоршаудан кейін көтерілісшілер қаруын тастауға мәжбүр болды. Тентек төре жеңілісті мойындап, қоқандықтарға баж немесе жол салығын, зекет төлеуге және Қоқанға баласын сыйлықтармен жіберуге келісім берді. Ұлы жүз қазақтарының 1810-1820 жылдардағы қоқандықтарға қарсы күресте жеңілуінің негізгі себептері: қоқандықтардың әскери басымдығы, көтерілісшілердің арасында ауызбірліктің болмауы, Бұхара әмірінің көмегіне арқа сүйеген көтеріліс жетекшілерінің беделінің төмен болуында. Дегенмен Ұлы жүз қазақтары өз еркіндігі мен тәуелсіздігі жолында Қоқан үстемдігіне қарсы ұлт-азаттық күресін тоқтатқан жоқ.
1822-1842 жылдары Қоқан хандығының тағына Омар ханның кіші баласы Мәделі хан отырды. Оның тұсында жекелеген уәлаяттар мен Ташкентті өз алдына билеген құшбегілердің рөлі күшейді. Ұлы жүздің басып алынған аумағының бір бөлігі және Сырдария бойындағы қазақтар Ташкент құшбегіне жылына 20 мың алтын ақша төлеп тұруға міндетті болды. Салық төлеушілерді қанау бұрынғыдан да күшейе түсті.
1842 жылы Әулиеатада шымыр Байзақ датқа бас болған ауқымы жағынан өте үлкен көтеріліс бұрқ етеді. Көтеріліс Меркі мен Қордайды, бүкіл Талас бойын шарпиды. Оған Сұраншы, Сыпатай, Шымырбай сияқты белгілі батырлар қатысады. Көтерілісшілер Ұзынағаш пен Қастекті де азат етуді жоспарлайды. Қоқан хандары аталған кенттер хандықтың шығыс шекарасындағы бекеттер болғасын, мұндағы гарнизонды зеңбірек, мылтықтармен жақсы жарақтаған болатын. Әрі мұнда әскер саны да айтарлықтай мол еді. Оның үстіне Байзақ көтерілісі кезінде мұнда Тоқмақтан көмекке ләшкерлер келіп қосылады. Қазақтар екі кентті де бірнеше мәрте шабуылдап ала алмайды. Бір жақсысы, қорғанушы ләшкерлер қазақтардың шабуылын тойтарумен шектеліп, қарсы шабуылға шығуға батпайды. Осыған байланысты Әулиеата мен Талас маңы екі жыл бойы басқыншылардан азат болып, билік жергілікті халықтың қолына көшеді.
1845 жылы Кенесарының Қоқанға қараған қазақтарды азат ету жолындағы күресі барысында Байзақ өз сарбаздарымен ханның жанынан табылады. Азаттық үшін күреске бір топ ірі батырлар да қосылады. Олардың қатарында Төле бидің немересі Момбек батыр, Бұғыбай батыр, Тойшыбек пен Керім, Байсейіт секілді қолбасылар да болды. Кенесарының тапсыруымен Байзақ батыр шымыр, жаныс, сиқым, сарыүйсін руларының жігіттерін ұйымдастыра отырып, Қоқанның бірқатар бекіністерін алып, ол бекіністердің маңайындағы ел-жұртқа еркіндік береді. Әйтсе де, Кенесарының ығына жығыла беру қайсыбір жағдайда халқын қырып алуға ұласып кететінін түйсінген Байзақ батыр іргесін ханнан аулақ салады. Тиісінше, Қоқан үстемдігін мойындағанымен, Байзақ батыр өз елінің дербестігі туралы ойынан қайтпайды. 1857 жылы Әулиеата аймағының Байзақ датқа бастаған қазақтары Қоқан езгісіне қарсы тағы да көтеріліске шығады. Ол Ташкентке сол жылдары құшбегілік еткен Мырзахмет сарттың жергілікті жұрттан алынатын салық мөлшерін төрт есеге көтеруіне және қазақтың қыз-келіншектеріне қырғидай тиюіне байланысты өрбіген еді. Әулиеата жерінде басталған күрес 1858 жылы Ордабасыда Мұсабек батырдың Мырзахметтің інісі паруанашы Мырза бидің басын алған оқиғасымен жалғасып, әр жердегі би-батырлар өздеріне жақын маңдағы кенттерге, бекіністерге шабуыл жасайды. Ташкент қақпаларының қожасы Қошық датқа мен Рүстембек би шаһардағы бүкіл қоқандықтарды дірілдеткен көтеріліске басшылық етеді. Қазығұрт етегіндегі ауылдардың билері Дауыл мен Сабетке ерген топ Шарапхана, Тұрбат бекеттеріндегі жау жасақтарын қырып салады. Шаян бойындағы сіргелілер Иханды талқандайды. Арыс, Сыр жағасының қоңыраттары Шардарадағы бекіністі тас-талқан етеді. Жаңақорғандағы қожалар қамал бастығын суға тұншықтырып, ләшкерлерін шешіндіріп, тырдай жалаңаш күйінде далаға айдап жібереді.
Бұдан кейінгі 1860 жылдары Оңтүстік Қазақстанға Ресей жаулаушыларының жорықтары басталуына орай қоқандықтар жергілікті халықпен тіл табысуға тырысқандары да белгілі. Дегенмен Байзақ датқа, Ниязәлі пансат, Темір датқа, Исламқұл датқалар Қоқан хандығынан береке кете бастағанын көріп, өз халқының Қоқан езгісінен құтылатын кезі туғанын сезеді. Осы пиғылдары үшін жапа шегіп, азаттық күрес жолында қаза табады. Әкесінің өлімін көзімен көрген Ақмолла Байзақұлы он мың қолмен Ресей әскеріне қосылып, Қоқан хандығының құлауын тездетеді. Қоқанның қамытынан құтылғанымен, орыстың тұсауына түскен қазақ елі бүгінгі күні Жаратушы Иеміздің арқасында тәуелсіздік туын биікке желбіретуде. Бұл тұрғысында азаттық күресін бір сәтке де тоқтатпаған бабаларымызды қалай ұлықтасақ та жарасары анық.

Нұрдәулет Бақторазов,
«Руханият және тарихтану»
орталығының аға ғылыми қызметкері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.