Қалалық қоғамдық-саяси газет

Елдос тағы ерледі

0 179

Талантты дзюдошы Елдос Сметов Парижде өткен «Grand Slam» жарысының қола жүлдесін жеңіп алды. Мұнымен ол 500 ұпай еншілеп, өзінің әлемдік рейтингтегі 60 келі салмақтағы 2-ші орнын сақтап қалды.

Рейтингтік турнирде Елдос Сметов жартылай финалға дейін Мохаммед Рашнонужадтан, болгариялық дзюдошы Янислав Герчевтен басым түсіп, ширек финалда моңғолиялық балуан Дашдава Амартувшинді жеңді. Осы тұста Олимпиада ойындарының жеңімпазы атануды мақсат еткен Елдос үшін алтын жүлденің ауылы алыс еместей көрінген. Алайда отандасымыз жарыстың жартылай финалында ресейлік Яго Абуладзеге жол берді. Одан кейін жарыстың қола жүлдесі үшін өткен белдесуде Елдос Сметов оңтүстік кореялық Ким Вон Джуинді жеңді.
Франция төрінде өткен аламандағы Елдостың кезекті жүлдесі әлемдік рейтингтегі орнын сақтап қалуға мүмкіндік туғызды. Өз салмағында әлемнің үздік спортшыларымен иық тірестіріп келе жатқан жерлесіміз жеңісті жорығын жалғастырса, 60 келі салмақта көш басында тұрған жапониялық Нагаяма Руиджиді де басып озатынына сенім мол.
Дзюдо күресінде әлемдік рейтингтегі көрсеткіш спортшылардың Олимпиада ойындарына қатысуына ықпал ететінін де айтқан жөн. Сол рейтингте Елдос әлем саңлақтарымен ғана емес, өз отандастарымен де бәсекеге түсуі мүмкін. Мәселен, Елдос Сметовпен бір салмақта өнер көрсетіп жүрген Ғұсман Қырғызбаев әлемдік рейтингте 6-орынға көтерілді.
Биылғы жылдың байрақты бәсекесінде спорттық бабында екенін байқатқан жерлесіміз Елдос Сметов төртжылдықтың басты додасына дайын екенін тағы бір дәлелдеді. Парижде өткен біріншілікте Токиодағы Олимпиададан үлкен үміт күттіретін тәжірибелі балуан Жансай Смағұловтың да жақсы нәтиже көрсеткенін атап өткен жөн. 73 келіге дейінгі салмақта белдескен ол күміспен күптелді. Ақтық белдесуге дейін қарсылас шақ келтірмеген Жансай финалдық белдесуде жапониялық Соиши Хашимотоға есе жіберді. Сөйтіп, өзінің жеңісімен 700 ұпайға қол жеткізген Жансай Смағұлов рейтингте жеті сатыға жоғарылап, 24-орынға жайғасты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.