Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ғалымның хаты өлмейді

0 21

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ қабырғасында техника ғылымдарының докторы, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Әшімжан Ахметовтің 70 жылдығына арналған «Экология және табиғатты пайдаланудың өзекті мәселелері» тақырыбында халықаралық конференция өтті.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Атаулы жиынға Беларусь, Ресей елдерінен эколог мамандар шақырылса, еліміздің өзге өңірлерінен Әшімжан Ахметовпен қызметтес болған ғалымдар арнайы келді.
Әшімжан Сүлейменұлы 1950 жылы 23 ақпанда Жамбыл облысы, Шу ауданында дүниеге келген. Мектепті «Алтын белгімен» аяқтап, Ленинград технологиялық институтын да үздік бітірген. Еңбек жолын Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтынан бастады. Кейін «Қазфосфор» қауымдастығы төрағасының орынбасары, «Қаратау» холдингтік компаниясының бірінші вице-президенті, қазақ-лихтенштейндік «INKO» бірлескен мекемесінің бас директоры болған. Одан кейін ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары, Көлік, өнеркәсіп, энергетика және байланыс комитетінің төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты, Экология және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы болды. Елімізде бірнеше жоғары оқу орнын басқарды. Өмірінің соңғы жылдары М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры болды. Техника және экология ғылымдарында тыңнан түрен салып, өшпес ізін қалдырған ғалымның дүниеден озғанына биыл сегіз жыл толып отыр. Ғылыми конференцияға келген ғалымның замандастары оның өмір жолында жасаған елеулі еңбектерін атап өтіп, ел өміріндегі маңызды оқиғаларға етене араласқанын баяндамаларына арқау етті.
Конференцияның модераторы университет ректоры, п.ғ.д., профессор Махметғали Сарыбеков өз сөзін тарихи сабақтастық ұғымын тарқатудан бастады. «Оқу ордамыздың қалыптасу тарихында еңбек сіңірген Хамза Сейітов, Рахмет Жолаев сынды ректорлардың салған сара жолын абыроймен жалғастырған Әшімжан Сүлейменұлы ғылыми мектепті қалыптастыруда ерен еңбек етті. Жоғары мектептің ұйымдастырушысы ретінде көп жұмыстар атқарды. Мемлекеттік қайраткерлік еңбегі тағы бар», – деді Махметғали Нұрғалиұлы.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Дария Қожамжарова «Әділдіктің барометрі: қазақстандық жоғары мектепті қалыптастырудағы ғалым Әшімжан Ахметовтің өзіндік моделі» тақырыбында баяндама жасады.
– Туған халқының мерейі үшін білімі мен қайрат-жігерін, күш-қуатын аямай жұмсаған белгілі ғалым, танымал тұлға, академик, дарынды ұстаз, ҚР білім беру ісінің үздігі Ахметов Әшімжан Сүлейменұлы жайлы айтқанда, егемендікке енді қадам басқан тәуелсіз қазақ елінің білімі мен ғылымы, жоғары мектебі еріксіз еске түседі. Төрге шықса төбедей, төбеге шықса төредей, жақын мен алысты бірдей тең көрген, талай студент жастардың жігері, қазақстандық профессор-оқытушылар құрамының тірегі бола білген Әшімжан Сүлейменұлы арамызда болса 70 жасқа толар еді. Әрбір шәкіртінің бойындағы қырағылықты алыстан дөп басып танитын көрегендігі бар Әшімжан ағамыздың қаншама шәкірттері бүгінде ел игілігіне қызмет етіп жүр. Осы қызметтерде жүріп жастардың ой-санасын, позициялық көзқарастарын өзгерту үшін күш салды, – деді Дария Пернешқызы.
ҚР мемлекет және қоғам қайраткері, еңбек сіңірген заңгер Ирак Елекеев «Әшімжан Ахметов – ғалым, Қазақстан Республикасындағы жоғары білімді ұйымдастырушы» тақырыбында баяндама жасады. Әшімжан Ахметовтің Англияға барып, сол елдің заңдарымен танысып, еліміздің Экологиялық кодексіне арнайы бап енгізгенін айтты. Ғалымның бар болмысы кейінгіге үлгі-өнеге екенін жеткізді.
Халықаралық конференция барысында А.Д.Сахаров атындағы Беларусь мемлекеттік университетінің ғалымы, т.ғ.к. Мария Герменчук «Беларусь Республикасындағы радиациялық мониторингінің өзекті мәселелері» тақырыбында ауқымды баяндама жасап, университет ғалымдарының назарын аударды.
– Қоршаған ортаның радиациялық мониторингінің қолданыстағы жүйесі адамның және табиғи зілзалалар мен апаттардың практикалық қызметі салдарынан қоршаған ортаға радиациялық жағдайды бағалау мен болжауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Беларусь Республикасындағы радиациялық мониторингі жүйесі қоршаған ортадағы радионуклидтердің мөлшері туралы терең ғылыми ұғымдарға, кешенді биосфералық тәсілге, ұйымдастыру-басқару жүйелерінің жұмыс істеуі туралы қазіргі заманғы ұғымдарға, кең нормативтік-құқықтық базаға және қазіргі заманғы бақылау және ақпараттық технологияларға негізделеді. Қоршаған ортаның радиациялық мониторингі жүйесінің жұмыс істеуі мен дамуы қауіп-қатерлерді зерттеуге, болжауға және әлеуметтік қолайлы деңгейде радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мемлекет пен қоғамның ақпараттық қажеттіліктерін қанағаттандыруға негізделген, – деді баяндамашы.
Ал Мәскеу қаласынан келген Бүкілресейлік қоршаған ортаны қорғау саласында жұмыс берушілер қауымдастығының стратегиялық даму және білім беру бөлімінің бастығы Галина Шевцова экологиялық ахуалдар мен оны шешу жолындағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ізденісімен таныстырып, ғылыми жаңалықтарымен бөлісті.
– Бүгінгі таңда ұлттық біліктілік жүйесін дамыту – әр мемлекеттің болашағына тікелей қатысы бар маңызды міндеттердің бірі. Әлемдегі экономикалық көшбасшылық үшін күресте тез бейімделуге қабілетті біліктілігі жоғары қызметкерлер үшін жағдай жасайтын елдердің ахуалы әлдеқайда жақсырақ. «Экологиялық өркениетті» дамыту – Еуразиядағы интеграциялық үдерістер үшін ортақ міндет. Бұл ретте біз эколог мамандарды даярлауға мән беруіміз керек. Сондықтан біз жұмысты үйлестіріп, интеграциялық қоғамдастығымыздың, елдегі органдар мен Үкімет назарын осы жұмысқа – заңнаманы және нормативтік базаны біріздендіруге аударғымыз келеді. Кадрларды даярлау, еңбек нарықтарындағы кадрлардың біліктілігін арттыру процестерінде келісілген ортақ жолмен жүруіміз керек. Қазақстанда бұл бағыт Еуроодақ стандарттары бойынша жолға қойылған. Ресей өзінің критерийлерін ұлттық стандарттарды реттеу арқылы жүзеге асырып келеді, – деді ресейлік ғалым.
Халықаралық экология академиясының президенті, т.ғ.д., профессор Мұсағали Дуамбеков өз баяндамасында елімізде 47 миллиард тонна түрлі қалдықтар барын айтты. Және бұл қалдық көлемі жыл өткен сайын артып келеді. Экология саласының мамандары атқаратын жұмыстың аса көптігін тілге тиек етті. Академияда қолға алынған бірнеше жобамен таныстырып, жас ғалымдарды түрлі жобаларға қатысып, оны өндіріске енгізіп, тәжірибе алмасуға шақырды.
«Экологияның қазіргі жаһандық мәселелері» тақырыбында баяндама жасаған Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің профессоры, т.ғ.д. Тіріболсын Омарбеков экологияның жаһандық проблемаларын – бүкіләлемдік климаттың өзгеруі, жер салмағының өсуі, антропогенді факторлардың әсері жөнінде тарқатып айтты. Сонымен қатар ҚР Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров Әшімжан Ахметов атындағы шахмат турнирінің жеңімпаздарын марапаттады.
Жиын соңында сөз алған ғалымның жары Дина Смайылқызы алыстан арнайы келген қонақтарға алғыс білдірді. Конференциядан соң марқұмның әруағына бағышталып құран оқылып, ас берілді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.