Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Мемлекет бізді керек қылмай отыр»: Қызылорда облысында қатерлі ісікке шалдыққан науқастар билік көмегіне зәру

0 163

Қызылорда облысындағы қатерлі ісікке шалдыққан науқастар биліктің медициналық көмек санатынан ең қажетті әрі ең қымбатқа түсетін курстарды алып тастағанына наразы. Енді министрлік қаржыландырмайтын таргетті және иммундық терапияның жылына шаққандағы негізгі құны 51 миллион теңге тұрады. Науқастар бұндай соманы қалта көтермейтінін айтты деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

68 жастағы Рүстембек Шембеков 7 жылдан бері бүйректің қатерлі ісігі ауруымен сырқаттанып келеді. Таргетті терапия алып жүргеніне 2 жылдай уақыт болған. Еміне қаражатты енді мемлекет бөлмейтінін естігенде қатты таңқалған.

“Өзім де түсінемін. Препараттар қымбат. Мен өзіме айына қабылдайтын екі дәріге 4,5 миллион теңге кетеді. Мен сияқты зейнеткер бұндай ақшаны таба алмайды ғой! Енді ем алсам, бір ай ғана алатын шығармын”, – деді науқас.

Былтырғы жылдың қазан айынан бастап бұйрық бойынша таргетті терапияны тек сүт бездері ісігі мен жатыр ісігіне шалдыққандар ғана медициналық сақтандыру қоры есебінен қабылдай алады. Басқа диагноздағы науқастар өз қаражаттарымен емделуі керек. Ал терапияның бұл түрі қатерлі ісіктің асқынып кетпеуі үшін дәрілік препараттармен жүргізіледі. Алайда оған қажетті дәрінің бағасы өте қымбат. Мәселен бір жылда науқас 17 курс ем қабылдауы тиіс болса, бір курсына ол кем дегенде 3 миллион теңге жұмсайды.

“Мемлекет бізді керек қылмай отыр. Бұл деген сұмдық қой. Біз секілді ауруларды бір жерге апарып лақтырып тастай салсын онда. Естеріңізде болсын қатерлі ісіктен ешкім де сақтандырылмаған”, – деді тағы бір науқас Любовь Георгиевна.

Қызылорда облыстық онкологиялық орталық бас дәрігерінің орынбасары Димитрий Хегай таргетті және иммунды терапиялар аурулары асқынып кеткен науқастарға жасалатынын және бұл ем түрі бекітілген хаттамада бекітілгенін айтты. Қаражаттың қарапайым адамға қол жетімсіз екнендігін де жеткізді. Бұған дейін дәрігерлер қолда бар препараттармен науқастарға ем-дом жасап келген. Ал қазір дәрілер қорының таусылғанын айтады. Осы мәселе бойынша министрлікте арнайы топ құрылып жұмыс атқарылып жатыр. Қазіргі кезде облыс бойынша 60 науқас иммунды және таргетті ем-шараларға тәуелді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.