Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мәңгілік мұра

0 301

Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай «Ұлы Абай әлемі – халықтың мәңгілік өшпес мұрасы» қойылым-концерті өтті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ
Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Қала әкімдігі, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы және Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі ұйымдастырып отырған әдеби кеш ақын Абайдың әдеби мұраларын дәріптеп, поэзиясына, ұлттың рухани мұрасына деген сүйіспеншілігін оятуға бағытталды.
Ұлы ақынның мерейтойына арналған кешке келушілер әуелі «Абай – бейнелеу өнерінде» атты көрмеден ақынға қатысты барлық ақпаратқа қанығып, шығармашылығымен танысты. Бұдан кейін «Абайдың дүниеге келуі» атты театрландырылған қойылымды тамашалады. Қойылым барысында қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің орындауында «Торы жорға» күйі төгілсе, көрермендер назарына колледж оркестрінің, «Шолпы» би ансамблінің қойылымы ұсынылды. Оркестрдің сүйемелдеуімен Абай әндері орындалды.
Ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығынан сыр шерткен сахналық қойылым Ұлжан ананың ұлы Абайды өмірге әкелген сәті мен әкесі Құнанбайдан халықтың сүйінші сұрағаны, әке Құнанбайдың ұлына Ибраһим деп есім бергенін сүйіншілей жеткізуі мағынасында өрбіді.
Сонымен қатар кеш барысында Мұхтар Әуезовтің «Абай» спектаклі сахнаға жол тартып, Абай өлеңдері мен қара сөздері оқылды. Абай Құнанбаевтың өлеңдері бойынша «Мен ішпеген у бар ма?» композициясы көрерменге жол тартты. Мұрат Құсайыновтың орындауындағы Абай қара сөздерінен құрылған көркемсөз өнері көпшіліктің көңілінен шықты.
Рухани кеш барысында әсіресе, ауыл жастары – ақын Айдар мен ару Ажар арасындағы махаббат, Абай мен Жиреншенің тартысы көпшілікке ой салды.

– Менің атым Абай! Әжем менің есімімді ұлы ақынның құрметіне Абай деп қойған. Мектепте әдебиет пәнінен сабақ берген менің әжем де Абайдың Зересіндей менің бойыма рухани құндылықты сіңіріп өсірді. Әдебиетті сүюге, ұғуға, түсінуге үйретті. Мен Абайдай болмасам да ұқсап бағамын. Аздап өлеңге қалам тербеймін, бірақ әлі өзімді ақын сезінбеймін. Абай жайлы қойылым, көріністер маған рухани азық сыйлады, мен есімін арқалап жүрген ақынның атын мақтанышпен көтеріп жүруге тағы бір кеңес бергендей әсер етті. Абай Абаймен мақтанады, – дейді небәрі 16 жастағы тараздық Абай.
Абай Құнанбаевтың құрметіне қойылған кешті актер Ұлан Абзалиев Абайдың өсиет сөздерімен қорытындылады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.