Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қысқы соната

0 213

Поэзия – дүниенің өзегінде жасырынған әсемдік пен үйлесімділікті, адам болмысындағы ізгілікті, жан мен рух арасындағы көзсіз байланысты сипаттайтын асыл өнер. Осы өнер бойларына кие болып қонып, жүректері құнды сия сауытқа айналып, сол сия сауыттарына қасиетті рухтың демі толған жандар «Авангардтың» кезекті кешінде бас қосты.

Арайлым Шабденова Суреттерді түсірген Юрий КИМ

«Ақ ұлпа жерді жапқанда, Ағаштар сырға таққанда, Бозарып атқан ақ таңда, Бозарып тұрып ақпанда, Есіңе мені алғайсың…» деп ақпанның аппақ кешін «Chalet» мейрамханасында жырға бөлеген көне шаһардың бір топ ақындары шөлдеген көңілдің мейірін қандырды. Осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырған «Авангардтың» бұл жолы бірнеше ерекшелігі болды. Оның алғашқысы, кеш мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні қарсаңында ұйымдастырылып, «Есіңе мені алғайсың…» деп аталды. Әріптесіміз, жас ақын Арайлы Жақсылық пен бүгінде Түркияда білім алып жатқан ақын Файзулла Төлтайдың ортақ идеясынан бастау алған дәстүрлі поэтикалық кештің дресс-коды шляпа мен шарф болды. Келген қонақтар мен жастардың басым бөлігі дәстүрден жаңылмай, дресс-кодты барынша сақтап келген. Поэтикалық кешті идея авторы Арайлы Жақсылықтың өзі жүргізді. Шымылдық Мұқағали Мақатаевтың «Есіңе мені алғайсың» өлеңімен түрілді.
– «Авангард» ешкімнің меншігі емес. Мұнда оқылар тұмса жырдың алдында адам біткеннің бәрі тең. Бұл кешке келген әрбір мейман өткенін еске алар, бәлкім, болашаққа сапар шегер. Кештің негізгі мақсаты – оқырман қауымға эстетикалық ләззат сыйлау. Мәртебелі поэзияның қасиетін оқырманға сезіндіру. Мұнда бәрі тәуелсіз, ешбір ресмилік жоқ. Бұл кешке ешкім арнайы шақыру алмайды, барлығы еркін, – деді Арайлы Серікқызы.
Иә, осымен үшінші рет ұйымдастырылған кеш өзінің алғашқы ұстанымынан таймады. Кешке келген атқамінер азаматтар мен мемлекеттік қызметкерлер, жастар мен өнерсүйер қауым – барлығы бір толқында болды. Сөз кезегін алған ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Жамбыл облыстық филиалының директоры Хамит Есаман:
– Бүгінде «Авангардтың» өрісі кеңейіп, оған қызығушылық артуда. Осы заманғы әдебиеттегі қолтаңбасы бөлек сыншы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дидар Амантайдың республикалық әдеби басылымдардың біріне жасындай алаулаған жас ақындарымыз Табиғат Абаилдаев пен Данияр Әлімқұлдың тұңғыш кітаптарына жазған рецензиясын өзіміздің жастар газетіне жариялауды парыз санадық. Таразда жас қаламгерлеріміз таяуда ғана құрған тәуелсіз «Авангард» клубынан кейін олардың шығармашылығында ерекше серпіліс бірден байқалып отыр, – деді Хамит Есаман.
Поэзия – бүгінді нұрландырған сәуле, келешекке жарығын шашқан қуатты шам және шексіздіктен бастау алатын ғашықтықтың әні. Адамның толқуынан туатын әуен де – поэзия. Нағыз өлең арқылы адамның ақиқатқа көзі ашылып, көңілдерде көктем орнап, шуаққа бөленеді, алыстағы жақындайды, рух қанаттанады. Әу бастан ақындар сахнаға көтеріліп, кезек-кезек лағыл жырдан маржан төкті. Гитараның мұңды әуені, домбыраның қоңыр үні, пианино кешке ерекше сиқыр берді. Кешке Шымкент қаласынан арнайы келген орыс тілді ақындардың шығармашылығы көпшіліктің көңілінен шықса, Алматыдан арнайы келген жас ақын Асылан Қуанышұлы өзінің жан-жақтылығымен дүйім жұртты баурап алды. Поэтикалық кешке «Знамя труда» газетінің тілшілері, әріптестеріміз Лариса Губашева мен Людмила Мельник, жас ақындар Нұржан Қадірәлі, Нұрболат Жолдасбек, Нұрболат Сатымқұл, Данияр Әлімқұл бастаған өзге де қыз-жігіттер жаңа өлеңдерімен жүректерге жол тапты.


«Авангардтың» тағы бір ерекшелігі – суретші Айдархан Сихаев шараға арнайы қонақ болып, кеш барысында өзінің айналасындағы образдарды қағазға түсірді. Кеш соңында жүрекжарды лебізін білдірген суретші бұрын-соңды мұндай әдемі де әсерлі кеште болмағандығын, тынымсыз тіршіліктен демалып, рухани ләззат алғанын жеткізді. Ал қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали жас ақындардың жарқын жобасына ризашылығын білдіріп, ұйымдастырушы Арайлы Серікқызына ақ раушан гүлдерін ұсынып, кешті қорытындылады. Идея авторы Арайлы Жақсылықтың ұсынысымен «Ең үздік дресс-кодқа» ақын Назерке Оңғар мен Данияр Әлімқұл лайық деп танылды. Жеңімпаздарға Эльмира Иниятқызы кітап сыйға тартты. Сондай-ақ кештің өтуіне қолғабыс еткен «SK group» ҚБ-ға алғыс айтылып, сыйлық тарту етілді. «Авангардқа» келе алмаған көпшілік оны тікелей эфирден тамашалауға да мүмкіндік алды. «Фейсбук» әлеуметтік желісі арқылы жүргізілген тікелей эфирді 300-ден астам адам қараса, «Instagram» арқылы жүргізілген эфирді 100-ден астам оқырман көрген. Ал кештен кейін 50-ден астам пост жазылып, түрлі пікір мен ұсыныстар айтылды. Бұл жобаның ауқымы мен көпшілік арасындағы қолдауға ие болғандығын тағы бір дәлелдегендей.
Қорытынды бөлімде «Авангард» айналасындағы ақындар дәстүрді бұзбай, келесі жыр мерекесін көктемде ұйымдастырамыз деп уағдаласты.Осылайша, көл-көсір жыр оқылып, қара сөздің маржаны көмейден төгілген таңғажайып кеш көпті толқытып, біріне ғашығын, біріне өткенін еске түсіріп, мың бояу сезім сыйлап мәресіне жетті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.