Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мәдениет саласы – БАҚ назарында

0 207

Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен «Өңірлік коммуникациялар қызметі» КММ-нің бірлесіп ұйымдастыруымен ашық есік күні өтті.

Арайлы СЕРІКҚЫЗЫ

Өңірдегі мәдениет саласының маңызды мәселелері кеңінен талқыланған шараның алғашқы жиынын басқарма басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев жүргізді. Ол мекемеге қарасты барлық бөлімдердің жұмыстарымен жете таныстырып, жаңалықтарымен бөлісті.
– Халықтың мәдениетін арттырып, ұлттық өнерімізді өркендетуге үлес қосып отырған облыс көлеміндегі мәдениет, архив мекемелерінің саны – 524. Оның 26-сы басқармаға қарайды, қалған 498-і Тараз қаласы мен аудан әкімдіктеріне бағынысты. 2019 жылы мәдениет саласын қаржыландыруға 5,4 миллиард теңге бөлінді, 1 шілдедегі есеп бойынша 3,2 миллиард теңге игерілді. Биылғы ауыз толтырып айтарлықтай ең үлкен жаңалығымыз 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай «Даңқ» залы ашылып, ел игілігіне қолданысқа берілді. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында есепті жылы «Электронды архив» ақпараттық жүйесі бағдарламасын енгізу үшін жергілікті бюджеттен 15 млн теңге бөлініп, Жамбыл облыстық мемлекеттік архивіне «Электронды архив» ақпараттық жүйесі бағдарламасы орнатылды. Бүгінгі таңда бағдарламамен жұмыс жүргізілуде, – деді Дүйсенәлі Дыбысалыұлы.
Мәдениет, өнер және архив қызметкерлері, БАҚ өкілдері және әлеуметтік желі белсенділері қатысқан шараның басты мақсаты – мәдениет саласының сан қырлы жұмысын, тыныс-тіршілігін көрсетіп, мәдениет қызметкерлерінің еңбегін насихаттау. Жиынға келген меймандар бірінші кезекте Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының залдарын, оқырмандарға қызмет көрсету тәртібін тамашалады.
Әдебиет пен театрдың, бейнелеу өнері мен музыканың көркемдік қасиеттерін ұтымды пайдаланатын көп салалы өнердің бір түрі – кино. Жоспар бойынша меймандар облыстық кино орталығына бас сұқты. Осы бір қиын әрі қызықты саланың жай-жапсарын Жамбыл облыстық кино орталығы директорының орынбасары Жеңіс Қалмұрзаев баяндап берді. Меймандарға киноның кешегісі, бүгінгісі және болашағы баяндалып, түрлі фильмдерден үзінді көрсетілді.
Ашық есік күніне қатысушылар ендігі кезекте Жамбыл облыстық қазақ драма театрына ат басын бұрды. Шара аясында жақында көрермен назарына ұсынылатын жаңа қойылымдар хабарланып, арнайы шақыртулар таратылды. Театр басшысы Болат Бекжанов қонақтарға театр тарихынан сыр шертіп, өнер ордасымен байланысты өз өміріндегі естеліктерімен бөлісті.
Архив – тарих айнасы. Өткенімізді танымай, алға қадам жасай алмаймыз. Жамбыл облысының мемлекеттік архивіне табан тіреген БАҚ өкілдері түрлі тарихи құжаттарға көз жүгіртіп, өңірдің өткеніне қатысты оқиғаларға қанықты. Архив директоры Қалдыкүл Башенова бастаған мекеме қызметкерлері ескі құжаттар қалай сақталатынын, оларды кез келген уақытта қалай көруге болатынын жіті түсіндіріп берді.
Ағымдағы жылдың 5 қыркүйегінде облыстық тарихи-өлкетану музейінде Елбасымыздың көшпелі қор көрмесі ашылған болатын. Ашық есік күнінің бағдарламасына сәйкес, музейге келген қонақтар көрмеге экскурсия жасап, Тұңғыш Президенттің өмірінен сыр шертетін құнды дүниелермен таныс болды.
Бағдарламаға сәйкес меймандарды Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының ұжымы қарсы алды. Сахна сыртындағы қарбаласты көзбен көру көрерменге өте қызық. Өнер иелері тек ел алдында емес, сол елдің алдына шығудың қамын қалай жасайтынын әлеуметтік желі қолданушылары мен БАҚ өкілдеріне көрсетті. Филармония өмірімен Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы директорының орынбасары Жандос Омаров таныстырды. Осылайша, ашық есік күніне арнайы келген ұшқыр қалам иелері жалпы саны 6 мекемені аралап, мәдениет саласының бүгінгі жаңалықтарымен жақынырақ танысты, мол мағлұмат алды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.