Қалалық қоғамдық-саяси газет

Таланттар тоғысқан күн

0 186

Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев облыстық Шоқан Уәлиханов атындағы ғылыми әмбебап кітапханасында өңірдің жас ақындарымен кездесті. Бір жарым сағатқа созылған басқосуда шалқар шабыт иелері шығармашылықтағы жаңалықтарын баяндап, ұсыныстарын ортаға салды.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Суреттерді түсірген Юрий КИМ

Емен-жарқын кездесуді тараздық әдебиет сүйер қауымға есімі етене таныс жас ақын, «Арай» облыстық жастар басылымының мәдениет бөлімінің меңгерушісі Нұржан Қадірәлі жүргізді. Жиырмаға жуық ақын қатысқан шарада қара домбырамен арнау айтылып, гитарамен ән шырқалды. Кездесуде алғаш сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Хамит Есаман жастардың көкейінде жүрген бірқатар мәселені тарқатып айтты.
– Тараз топырағында қала басшысының ақындармен кездесуі көптен бері болмаған еді. Бүгін сол олқылықтың орнын толтырып, жастардың жанынан табылып отырғаныңыз үшін алдымен зор алғысымды білдіремін. Тараз – шайырлардың шаһары. Шығыстың жеті жұлдызы тамсана жырлаған қаламызбен қалай мақтансақ та болады. Мен сіздің назарыңызды бірнеше мәселеге аударғым келеді. Басқа облыстарда поэзия фестивальдері мен әдеби форумдар тұрақты өтіп тұрады. Таяуда ғана Нұрболат Жолдасбек пен Нұржан Қадірәлі Қарағандыдағы сондай әдеби жиынға қатысып қайтты. Бұл әдебиет үшін, шайырлар шаһарының имиджі үшін керек. Мүмкіндік болса, Таразда да республикалық деңгейде әдеби форум немесе фестиваль өтуіне мұрындық болсаңыз деген өтініш бар. Қазақтың ғажап ақындарының бірі – Ерлан Жүніс. Талантымен талайларды таңдандырған ақынның Таразда лайықты деңгейде кеші өтпеді. Осы мәселеге де назар аударсаңыз. Тағы бір айтарым, жергілікті жас ақындардың бірнешеуінің жыр жинағын шығаруға ықпал етсеңіз деген тілегім бар, – деді филиал директоры өз ойымен бөлісіп.
Айтылған ұсыныстардан соң, Хамит Есаман маржан жырдың көзесінен жыр төгіп, ізінше Табиғат Абаилдаев, Данияр Әлімқұл, Арайлы Жақсылық, Нұрболат Сатымқұл, Назерке Оңғар, Ғайникен Маралтайқызы, Бексұлтан Қоштаев, Нұржан Қадірәлі бастаған өзге де ақындар алуан тақырыптағы төл туындыларын оқыды.
– Тараз – ақындар қаласы. Бүгін өздеріңіздей талантты жастармен кездескеніме қуаныштымын. Айтылған мәселелерді жазып алдым. Кітап шығару мәселесіне қатысты айтар болсам, осы жиырмаңыздың барлығыңыздың жинағыңызды шығаруға ықпал етемін деп уәде бере алмаймын. Кейбір ақынның кітабын шығаруға ықпал етсек, кейбірінің өзі шығарған жинақты таратуға күш салуға болады. Мұның бәрі – ақылдасып шешетін мәселе, – деді шаһар басшысы өз ойын қорытындылап.
Басқосу барысында Қайрат Әскербекұлы да бірнеше өлең оқып, әзілдер айтып, өзінің әдебиетке де, қазақы қалжыңға да жаны жақын екенін аңғартты. Кездесу соңында шаһар басшысы ақындарға Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ұлы хәкімнің қара сөздер жинағын тарту етті. Жастар жылы аясында, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде ұйымдастырылған шара осылайша түйінделді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.