Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Мұғалімдердің жалақысын 30 пайызға қысқартады»: Желіде тараған ақпарат қазақстандықтардың наразылығын туғызды

0 408

Қазақстандықтар WhatsApp желісінде жаңа жылда мұғалімдердің жалақысы қысқартылатыны туралы хабарлама таратып жатыр. Ақпаратта жаңартылған бағдарлама бойынша оқытудың 30 пайызына тең қосымша ақы алынып тасталатыны жайында айтылған, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz  сайтына сілтеме жасап.

«Мемлекет өзінің бет-бейнесін көрсетіп қойды. Жаңа жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға көтеріледі. Бірақ олардың жаңартылған ақысын алып тастайды, яғни 30 пайызын азайтады», – дейді жазба авторы.

Шу туғызған ақпаратқа Білім және ғылым министрлігі түсінік берді. Басқарма жаңартылған білім мазмұны бойынша қосымша төлем бұрынғыдай төленетінін атап өтті.

«Сонымен қатар, 2022 жылдың қаңтарынан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша мұғалімдердің жалақысы тағы 25 пайызға өсетінін еске салайық. Айта кетейік, 2020 жылы мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға ал 2021 жылы тағы 25 пайызға өскен болатын», – деді министрліктің баспасөз хатшысы Мөлдір Әбдуәлиева.

Ол мемлекет басшысының қолдауының арқасында біліктілік санаты үшін қосымша төлемдер айтарлықтай ұлғайып, 30-дан 50 пайызға дейін көтерілгенін қосып өтті. Бұдан бөлек, Әбдуалиеваның айтуынша, қазақстандық мұғалімдердің оқу-жаттығу кітапшалары мен сынып жетекшілерін тексеруге арналған жәрдемақыны екі есеге арттырған.

Сөзін түйіндей келе министрлік азаматтарды тек ресми ақпаратқа сеніп, ғаламторда тараған қауесеттерге мән бермеуге шақырды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.