Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлттық өнердің ұйытқысы

0 321

«Жігітке жеті өнер де аз» деген қанатты сөздің қасиетін ұғынған шаһардың жас жеткіншектері бүгінде Мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылық орталығының «Өрлеу» үлгілі ұлт аспаптар оркестрінің жанынан құрылған «Жігер» ұлдар домбырашылар ансамблінде өнер көрсетеді.

Думан САХИ

Өз жұмысын 2013 жылдан бастаған «Жігер» ұлдар домбырашылар ансамблі Мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылық орталығы директорымен бекітілген жылдық, күнтізбелік жоспар, білім беру бағдарламалары, оқу жоспарлары негізінде сабақ жүргізеді. Бүгінде ансамбль құрамында 11-16 жас аралығындағы 15 ер бала өнер көрсетеді. «Жігер» ұлдар домбырашылар ансамблінің жетекшісі Мәди Пайызұлы репертуар таңдау барысында үнемі үлкен ізденіс үстінде жүреді. Ансамбль репертуарында халық композиторларының күйлері, отандық сазгерлердің туындылары бар.
Ансамбльдің бүгінгі таңда атқарып отырған таңдай қағарлық тәлімді істері Тараз жұртшылығының ризашылығына кенеліп, қазақ музыка өнерінің өрге басып, дамуына айшықты жол ашып отыр. Ұлдар домбырашылар ансамблінің негізгі бағыты – тек жас ұрпақтың музыкалық мәдениетін көтеріп қоймай, оларды отаншылдыққа тәрбиелеп, патриоттық сезімін оятып, жалпы адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға зор үлесін қосу. Ансамбльді басқара жүріп Мәди Пайызұлы Тараз тұрғындарының мәдени өмір тынысының кеңеюіне, қазақ музыкасының уақыт талабына сай қалыптасып, жаңаша дамуына барынша үлес қосуда. Соның нәтижесінде ұжым бірнеше дүркін халықаралық, республикалық фестивальдер мен өнер сайыстарында оза шауып, үздіктер қатарынан орын алып келе жатыр. «Жігер» ұлдар домбырашылар ансамблі қалалық іс-шараларға белсенді қатысып, жергілікті білім басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталып, халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді. Атап айтқанда, 2017 жылы ақпан айында Шымкент қаласында өткен халықаралық «Қысқы әуен» балалар шығармашылық байқауында І орынға, 2017 жылдың наурыз айында Тараз қаласында өткен республикалық «Қош келдің, Әз-Наурыз!» атты балалар сайысында бас жүлдеге, 2017 жылдың наурыз айында Астана қаласында өткен халықаралық «Шашу» ән-күй байқауында І орын, 2017 жылдың мамыр айында Тараз қаласында өткен республикалық «TARAZ MUZIC GAMES» аспаптық ойнау байқауында І орынға, 2018 жылы ақпан айында Тараз қаласында өткен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында М.Мақатаевтың поэзиясына арналған «Мына адамдар неге жатыр тойламай…» атты республикалық «Құс жолы» балалар өнер байқауында бас жүлдеге ие болып, бұдан өзге де түрлі деңгейдегі сайыстарда топ жарған.
Өнер ұжымының тәрбиеленушілері өз білімдерін ары қарай да музыкамен байланыстыруда. Мысалы, 2016 жылғы түлек Мұхамедәлі Шакенбаев Алматы қаласындағы П.И.Чайковский атындағы мемлекеттік колледжінің домбыра класында, 2017 жылғы бітіруші түлектер – Ержан Алелов Астана қаласындағы «Шабыт» өнер колледжінің домбыра класында, Ерболат Сұлтан Алматы қаласындағы П.И.Чайковский атындағы мемлекеттік колледжінің дәстүрлі ән класында, 2018 жылғы бітіруші түлектер – оркестр солистері Арман Ысқақұлы, Асыл Ысқақұлы, Рамазан Жылқышиев Тараз қаласындағы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің домбыра класында білімдерін жетілдіріп жатыр.
Музыкада шекара болмайтынын дәлелдеп жүрген ұжым бүгінде ұлттық өнерімізді кеңінен дәріптеп, өңірдегі өз тыңдармандарын баурап үлгерген. Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұрап, талантымен тамсандырып жүрген ансамбль құрамындағы ұлдардың өнердегі жұлдызы биік боларына сенеміз. Бұл ретте балаларға дұрыс бағыт беріп жүрген ұстаздардың да еңбегі елеулі.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.