Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлтты ұйыстырған Ұлттық құрылтай

0 959

15 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Атырауда Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өтті. «Келісіп пішкен тон келте болмас» дейді дана халқымыз. Ұлттық құрылтай осы тәмсілдің негізіне құрылғаны сөзсіз. Алғашқы құрылтай ұлт ұясы Ұлытау төрінде бастау алып, өткен жылы қасиетті Түркістан қаласында түңдігін түріп, үшінші отырыс ұлу жылы Жайық жағасында жалғасын тапты.

– Биыл Ұлыстың ұлы күні қасиетті Ораза айының алғашқы күндерімен тұспа-тұс келіп отыр. Ұлттық құрылтай да әз-Наурыз қарсаңында өтіп жатыр. Ұлыстың ұлы күні табиғат пен тұтас тіршілік жаңарады. Ал құрылтайда қоғамдық құндылықтарды жаңғырту үшін маңызды қадамдар жасалады. Жаңару мен жаңғыру жақсылыққа жол ашады. Сондықтан құрылтай мүшелерінің жылына бір рет алқалы жиында бас қосуы игі дәстүрге айналды. Алғашқы отырыс ұлт ұясы Ұлытау жерінде өтсе, былтыр киелі Түркістанда жиналдық. Бүгін тағы бір тарихи өлке Атырау облысына келіп отырмыз. Үшінші отырыстың Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін емес. Әйгілі Сарайшық қаласы осы жерге тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі. Ұлы Жібек Жолының бойында тұрған қала бір кездері айрықша геостратегиялық рөл атқарған. Батыс пен Шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына ерекше ықпал еткен. Атақты хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ел билеген. Бірқатары Сарайшықта мәңгілік мекенін тапқан. Тарихшылардың пайымдауынша, Қазақ хандығын қуатты мемлекетке айналдырған Қасым хан осында жерленген. Бір сөзбен айтсақ, Сарайшық – төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен және Ораза айымен орайлас келген құрылтай Мемлекет басшысы, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды екендігіне терең тоқталды.
– Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет. Қазір ертеде өткен оқиғаларға, белгілі бір тұлғаларға қатысты талқылау көбейіп барады. Қаламгерлеріміз тіпті Шыңғыс ханның тегі кім деп айтысып-тартысып жататын болды. Кеңес заманындағы тұлғаларды, әсіресе Алаш көсемдері мен Кеңес қайраткерлерін салыстырып, бір-біріне қарсы қояды. Дәл осындай сөз тартыстарының ақиқатына жету қиын, жеткеннің өзінде ел ішіне іріткі салатын мұндай дау-дамайдың еш қажеті жоқ. Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Әрбір тұлға өзінің көзқарасына, дүниетанымына қарай және өз қоғамының мүддесіне сәйкес елге қызмет етті. Олар, яғни сол заманның қайраткерлері бір кездері ұстанған бағытына бола дауласса, ендігі ұрпақ кімнің ісі дұрыс, кімдікі бұрыс деп даурығып жүр. Жалпы бұрынғы және қазіргі тарихтың түрлі кезеңдерін, тұлғаларын бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Түптеп келгенде, мұның бәрі – біздің тарихымыз, – деді Қ.Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретінін де мәлімдеді.
– Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады, – деген Президент бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы ағартушылық деп санайды.
Бұған қоса, кітапхана ісін өркендетуге бейжай қарауға болмайтынын атап өтіп, көп ұзамай Алматы мен Астанада тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапханалар бой көтеретінін жеткізді. Бұл да бір қуантарлық жағдай. «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек», – деді.
Мемлекет басшысы болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет деп санайды. Оның пікірінше, Қазақстан – Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері. Жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы ұлысы Орталық Еуразияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде мойындалған.
– Біз болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет. Қазақстан – Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері. Жер жүзіне Алтын Орда деген атпен танылған әйгілі Жошы ұлысы Орталық Еуразияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде мойындалған. Осы ортағасырлық державаның геосаяси мұрасы бірқатар Еуразия мемлекетінің, соның ішінде Қазақ хандығының құрылуына негіз болды. Ұлық ұлыстың жерінде сан алуан этнос және дін өкілдері бір шаңырақтың астында өмір сүрді. Түрлі мәдениеттер өзара астасып, мемлекет құру ісінің бірегей үлгісі қалыптасты. Жошы әулеті 6 ғасыр бойы Орталық Еуразияның тағдырына тікелей ықпал етті. Ұлан-ғайыр аумақта біртұтас өркениет құруға ұмтылды. Жошы ұлысы Ұлы даланы мекен еткен халықтардың сан ғасырлық даму бағдарын айқындап отырды. Ұлық ұлыс мемлекетті басқару ісін жаңа деңгейге көтерді. Оның Рим империясымен ұқсастығы да – осында. Биыл Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толды. Бүгінгі жиынымыз да осы мерейлі белеске тұспа-тұс келіп отыр. Мұның зор символдық мәні бар. Біз аста-төк той жасауға емес, салмақты зерттеу жүргізуге баса мән беруіміз керек. Жошы ұлысы Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орын алады, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Сонымен қатар Президент Қазақстанның жеті томнан тұратын жаңа академиялық тарихын жазу жұмыстары жүйелі жүріп жатқанын хабарлады. «Еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы оның тарихи мұрасымен тығыз астасып жатыр. Ендеше, Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керек. Жақында Алтын Орданың тарихы және әйгілі тұлғалары туралы көп сериялы деректі фильм түсіру үшін тиісті жұмыстар басталды. Оған шетелдің танымал мамандары тартылып жатыр. Фильм белгілі халықаралық платформалар арқылы көрсетілуі керек. Жалпы елімізді әлемге таныту үшін Алтын Орда брендін жан-жақты және кеңінен пайдалану қажет. Оны толық зерттеу үшін табанды жұмыс істеу керек. Бұл бағытта біраз шаруа атқарылды. Менің бастамаммен Жошы ұлысын зерттейтін ғылыми институт құрылды», – деді. Мемлекет басшысының сөзінше, қазір Қазақстанның жеті томдық жаңа академиялық тарихын жазу үшін нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Оған 250-ден астам ғалым, соның ішінде 60 шетелдік маман жұмылдырылған.
– Академиялық басылымның осындай үлгісін әзірлеу тәжірибесінде алғаш рет Жошы ұлысына жеке том арналмақ. Оны дайындауға Ресейдің көрнекті тарихшысы Вадим Трепавлов та атсалысты. Өкінішке қарай, ол жақында өмірден озды. Бірақ Вадим Трепавлов өте құнды зерттеу материалдарын әзірлеп, оны көптомдықтың редакциялық алқасына табыстап кетті. Бұл – Қазақстан мен Ресейдің тарихи мектептері арасындағы тиімді ықпалдастықтың жарқын көрінісі, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Ассамблеяға да қатысты этностармен жалпыұлттық бірегейлікті, этносаралық қатынасты сақтау, нығайту туралы Мемлекет басшысы мұнайлы өлкеде өткен құрылтайда айрықша атап өтті. «Біздің күшіміз – бірлікте. Жұртымыз басына түскен тауқыметтің бәрін мызғымас бірліктің арқасында жеңіп келеді. Орасан зор сын-қатерлер пайда болған қазіргі заманда ынтымақ-бірліктің маңызы арта түсті. Қазақстан – бәріміздің қасиетті қара шаңырағымыз. Сондықтан әрбір азамат ел тағдырына өз тағдырындай қарауға тиіс. Біздің күшіміз – ынтымақта. Еліміздің әлеуметтік саясаты осы құндылыққа негізделген», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар ол еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсу үшін, дәстүрлі дініміз – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет деді. Бұл орайда Президентіміз Ислам дінінің Ұлы дала төрінде таралып, тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан, түркі әлеміндегі сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге айрықша назар аударуды нақтылап алға қойды.
– Дүниеге ақыл-парасатпен қарау және еркін ойлау секілді ханафизмге тән қасиеттер Ислам өркениетінің қайта өрлеуіне жол ашты. Сондай-ақ біздің өңірде өнер-ғылымның өркендеуіне және Әл-Фараби сияқты ұлы ойшылдардың тарих сахнасына шығуына ықпал етті. Ислам дінінің Ұлы дала төрінде таралып, тамыр жаюына орасан зор үлес қосқан, түркі әлеміндегі сопылық ілімнің негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге де айрықша назар аударған жөн. Бұл мәселе бойынша ең әуелі өз еліміздің және шетелдің ғалымдарын шақырып, арнайы симпозиум өткізу қажет. Осы орайда, Ясауи кесенесіне қатысты көне жәдігер туралы айта кеткім келеді. Ислам елдерінде әйгілі дін қайраткерлерінің бейіті міндетті түрде жапқышпен жабылады. Мәдинадағы Мұхаммед пайғамбардың қабірі де осылай бүркелген. Бұл – Ислам өркениетінің дәстүрі. Ал қасиетті Түркістандағы Ясауи қабірінде көптен бері арнайы жапқыш жоқ. Талай заманнан келе жатқан көне жапқышты қалпына келтіру жұмысы біраз жыл бұрын басталып, аяқсыз қалған. Мен құзырлы мемлекеттік органға осы құнды мұраны тезірек сапалы жөндеуден өткізіп, тарихи орнына қайтаруды тапсырамын, – деді ел Президенті.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай мүшелерінің алдында сөйлеген сөзінде қоғамды жайлаған бес кеселмен, атап айтқанда, есірткі саудасы және нашақорлықпен, лудоманиямен, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және агрессиямен, вандализммен, ысырапшылдықпен бүкіл ел болып күресіп, тосқауыл қоюды сөз етті. Орынды айтылған әрбір ұсыным, тиянақты берілген әрбір тапсырма, алға қойылған әрбір жаңа міндет бізді Наурыз – Жаңа жылымызбен тұстас жаңаруға, тазаруға, серпілуге шақырып тұр. Ендеше, біріге іске сәт!

Айгүл КАБИЕВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
«Мәдениет және өнер» кафедрасының меңгерушісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.