Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тіл – тәуелсіздік тұғыры, халықтың қазынасы

0 1  058

Көгілдір көктемнің алғашқы айында, Алаш тарихының алтын қазығы Атырау төрінде өткен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел көкейіндегі, ұлтты толғандырып жүрген ойларды дөп басып айтты.

Аталған құрылтайда Президент білім, ғылым, тәрбие, тарих, бірлік, дәстүр-салт туралы келелі ойларын ортаға тастап, жауаптыларға тиісті тапсырмаларды орындауды міндеттеді. Жайық жағасында жалғасын тапқан құрылтайда елді елең еткізген екі маңызды бастамаға тоқталуды жөн көрдім.
Ең әуелі Қасым-Жомарт Кемелұлы қазақ тілін қолдау, қолдану аясын кеңейту және жастарды кітап оқуға баулу мәселелеріне назар аударды.
Шыны керек, мемлекет тілі саясат пен экономикада төмен деңгейде, сондықтан саяси және бизнес элита өкілінің қазақтілділер арасында имиджі төмен. Өздері, балалары, айналасы шетелден білім алғанды, орысша, ағылшынша сөйлегенді артық көретіні жасырын емес. Экономикалық, ІТ, қаржылық, дипломатиялық салаларда қазақ тілінің қолданыс аясы әлі көңіл көншітпейді. Дегенмен «Көш жүре түзеледі» демекші, дарынды азаматтардың еңбегінің арқасында қазақ тілінің көкжиегі кеңейіп келеді.
– Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек. Осы тұста халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» туралы ерекше атап өткім келеді. Қазір Ұлттық құрылтайдың мүшесі Рауан Кенжеханұлы бастаған жаңа буын өкілдері ұйым тізгінін қолға алды. Мен қоғамның «Qazaq tili» эндаумент қорын құру туралы ұсынысын қолдадым. Осы жақсы бастаманы қолында қаржысы бар азаматтар жалғастырып әкетті. Тілімізге қамқорлық танытқан жандарға ерекше ризашылығымды білдіремін. Қалталы, жанашыр азаматтар қорды ұлғайтуға үлес қосады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Шынымен де, мемлекеттік тілді білу – Отан алдындағы парызымыз. Сондықтан кез келген кәсіп, мамандық, лауазым иесі қазақ тілін құрметтеуге тиіс және оны өз саласында қолдануды міндет етуі керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы: «Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық. Қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түсті. Соңғы кезде баспагерлердің жаңа буыны әлемдік бестселлерге айналған шығармаларды аударып жүр. Көптеген кітаптарды шығарып жатыр. Аударылған кітаптардың ішінде көркем әдебиет қана емес, іскерлік бағыттағы туындылар да көп. Мемлекеттік саясаттың мәні – осында», – деді.
Президент айтқандай, қазақ тілі ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Қазіргі кезде қазақша ғылыми еңбектер, диссертациялар көптеп жазылуда. Бұл – қуанарлық нәрсе. Өйткені ғылым тілі қазақшаланбай, өркениетке ілесе алмайтынымыз анық екеніне көзіміз жетті.
Қазақ тілінің өсіп-өркендеуіне бірден-бір себеп – ұлт санының өсуі. Шүкір, мемлекетімізде қазақтардың және қазақ тілін меңгерген азаматтардың үлесі артып келеді. Тек біздер жас ұрпақты ұлттық тәрбиемен сусындатып, білімді алтыншы сыныпқа дейін қазақ тілінде беріп, содан соң шет тілдерін оқыта бастауымыз қажет. Жастар ағылшын тілін білуі керек, ол әлемдік өркениетті тануға мүмкіндік береді. Геосаяси жағдайға байланысты қазақ-ағылшын, қазақ-орыс, қазақ-қытай тілмаштарын көптеп даярлау қажет.
Ертеңгі күні сұраныс пайда болары анық. IT-коммуникация, компьютерлік технология, робототехника, жаратылыстану, инженерлік іс саласында қазақ тілін қолдану аясын кеңейтсек, сонда қазақ тілі жаңа технология мен интернет тіліне жылдам айналады. Бұл ойымызды Президенттің: «Мен экономиканы дамыту үшін «Креативті индустрияның» мән-маңызы зор екенін үнемі айтып жүрмін. Бұл мемлекеттік тілдің болашағы үшін де өте маңызды. Қазақ тілін дамытамыз десек, қазіргі заманғы әдіс-тәсілдерді барынша тиімді пайдаланған дұрыс. Тек ақпараттық технологияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болған жөн. Ашығын айтсақ, интернетті талғамсыз пайдалану бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатыр. Бұл, өкінішке қарай, ақиқат. Балалар түгілі, ата-аналар да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке тым әуес», – деген сөзі толықтай түседі.
Әрине, біз қазақша сөйлеумен қатар, қазақша көркем жаза білуіміз керек. Ол үшін кітапты көбірек оқуымыз қажет. Жастанып жатып кітап оқыған аға буын жолын жалғастыратын жастар аз. Әрине, интернет заманында қажеттілік жоқ дейтіндер табылар. Дегенмен де Абай атамыздан «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деген нақыл қалған. Рухани азықтың бастау бұлағы болған кітаптың адам өміріндегі алар орны бөлек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек. Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек. Жалпы бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет. Алматыда кейбір кітапханалар заман талабына сай жаңғыртылды. Онда жастардың шығармашылықпен айналысып, білімін ұштауына толық мүмкіндік бар. Облыс әкімдері осы жақсы тәжірибені жалғастыруы керек», – деді.
Бәрімізге мәлім, кітап оқу жаңа әлемнің есігін ашқанмен бірдей. Жақсы кітап жаңа әдеттер қалыптастыруға, ойымыздың ұшқыр болуына, биікті бағындыруға, көркем сөйлеуге, жазуға үйретеді. Кітап оқыған сайын біліміміз жаңарып отырады, пікір тудырады. Сондықтан да дана халқымыз «Оқып-оқып тоздырсаң тоқсан томды, қаламың алып қашар палуан қолды» деп тегін айтпаса керек.
– Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Мысалы, көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Бөріхан Нұрмұхамедов, Айдос Сарым, Данияр Әшімбаев бастаған құрылтай мүшелері осындай бастама көтерді. Мен олардың Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдаймын. Бірақ оны мазмұнды етіп өткізу қажет. Мысалы, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, арнайы жәрмеңкелер өткізу қажет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек. Біз ең алдымен жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр, – деді Президент.
Сондықтан тек жастар емес, барша адам кітапты жандарына серік ету керек. Президентіміз оқырман мен кітап арасындағы негізгі алтын көпір кітапхана туралы жақсы айтты. Оқырманның рухани талап-тілегін қанағаттандыратын, ұлттық, әлемдік әдеби-ғылыми ақпарат көздерін толық жинақтап, оқырманға ұсынатын заманауи кітапханаларды салу – заман талабы.
Еліміздің болашағы жастар десек, сол жастар ұлттық тәрбиені, кітапқұмарлықты бойына сіңіріп, білім мен ғылымды игеріп, ортақ тілде түсініп, саналары ортақ болса, қазақ елінің озық ойлы мемлекет қатарында болуына өз үлесін қосатындары анық.

Кенжеғали ШИЛІБЕК,
Тараз қалалық мәслихатының депутаты

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.