Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Келгенге демеу, сұрағанға сүйеу болуға тырыстым»

0 323

«Қартың болса – қазына» дейді дана қазақ. Бүгінде өткеннің ізі, көненің көзі болған үлкен буын ағалар аз емес. Олардың өмірі – өнеге, еңбек жолы – кейінгілерге үлгі-өсиет. Міне, сондай азаматтың бірі – Байзақ ауданының Құрметті азаматы, ҚР Президентінің «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚР Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы Әзімхан Қилыбаев биыл 70 жасқа келіп отыр. Осы орайда арда азаматпен арнайы кездесіп, мерейтойымен құттықтап, өмір жолы мен қоғамда орын алып жатқан мәселелер төңірегінде әңгіме өрбіткен едік. 

– Әзімхан Қилыбайұлы, жетпістің жотасына шыққан мерейтойыңыз құтты болсын! Осы орайда әңгімеміздің әлқиссасын туған өлке, өскен ортаңыздан бастасақ…

– Мен сұрапыл соғыстан кейін елдің еңсесі енді тіктеле бастаған 1953 жылы Талас ауданының Ойық ауылында дүниеге келдім. Сол аядай ғана ауылда ержетіп, білім алдым. Өзім Ұлы жүздегі Ойық, Қызылқұрт оның ішінде Жарықбас деген рудан боламын. Бұрындары аталас туыстар ауыл-ауыл болып қоныстанатын болған. Біздің ауылда да Жарықбас атаның ұрпақтары бір көшенің бойында тұратын. Сол кезде өзімнен 1-2 жас үлкен балалар мектепке бара жатқаннан кейін анам мені қалып кетпесін деп соларға қосып жіберіпті. Осылайша 5 жасымда «Октябрь» 8 жылдық мектебінің табалдырығын аттадым. Осы оқу ордасында 8 сыныпқа дейін білім алып, кейін 10 жылдық «Ойық» орта мектебіне ауыстым. Мектепті тәмамдаған соң Жамбыл педагогикалық институтына оқуға түсіп, математика пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықтым. Осылайша үлкен өмірге желкен кердім.

– Алғашқы еңбек жолыңыз қайдан басталды? Жалынды жас маманның қызметтік өмірі қалай өрбіді?

– Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін өзім білім алған «Октябрь» 8 жылдық мектебіне математика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналастым. Осы жерде 3 жылдай еңбек еттім. Ұстаздық қызметпен айналыса жүріп, сурет салу, фото түсіру секілді шығармашылық жұмыстардан да қол үзбедім. Сол жылдары ауылымызда клуб ашылып, киноаппарат әкеліп қойды. Ол кезде киномеханик деген жоқ. Содан әрі мұғалім, әрі киномеханик болып жұмыс істедім. Кейін аудандық білім бөлімі мені қазіргі Сейілбек ауылындағы 8 жылдық мектепке директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындады.
Жалпы ол кезде жастар спортқа құмар болатын. Студент кезімде өзім де солардың қатарынан табылып, күрес үйірмесіне қатыстым. Волейболмен шұғылдандым. Институттың волейбол құрамасына да қабылданғанмын. Ауылға келгеннен кейін де осы спортты тастамадым. Сөйтіп жүргенде «Ойық» совхозы комсомол комитетінің хатшысы Досмұрат деген ағамыз мені өзінің орнына ұсынды. Сол кездегі совхоз директоры Әнуарбек Тәжімбетов, партия ұйымының хатшысы Сейсен Шолпанбеков ағаларымыз еді. Олар қолдау білдіріп, комсомол ұйымының секретарі болып сайландым. Келе сала бірден іске кірісіп, комитеттің жұмысын жүйелеп, тірлігін тіктеуге бар күшімді салдым. Жастарды спортқа, мәдениетке тартып, мал шаруашылығымен айналысатын «Балауса» атты комсомол жастар бригадасын құрдық. «Самал» ансамблін ұйымдастырып, елді мекендерде мәдени-көпшілік концерттер өткіздік.

Сол тұста «Ойық» аудандағы ең үлкен совхоздардың бірі болатын. Мұнда қонақ үзілмейтін. Роза Бағланова, Нұрғиса Тілендиев, «Отырар сазы» оркестрі және «Дос-Мұқасан» секілді өнер жұлдыздары ауылда сан мәрте концерт қойып, солармен пікірлесіп, дастархандас болдық. Осының арқасында өзім де мол тәжірибе жинадым. 5 жылдан кейін ауданның сол кездегі орталығы – Ақкөл совхозына кәсіподақ жетекшісі болып ауыстым. Ол жерде совхоз директоры Базар Тәттібаевпен қоян-қолтық жұмыс істеп, білігімді тағы шыңдай түстім. Ақкөл өзі бұрыннан жылқы шаруашылығына бейімделген кеңшар болатын. Соған орай бие сауумен айналысатын «Құлагер» жастар бригадасын құрдық. Кейін Қаратау қаласындағы «Қаратау Фосфор Строй» тресіне жұмысқа ауыстым. Мұндағы еңбек жолымды ер жұмысшылар орналасқан жатақхананының тәрбиешісі болып бастадым. Жақсы жағынан көзге түсіп комплекс директоры қызметіне ауыстым. Арада 1 жарым жылдай уақыт өткен соң ЖКО-ның бастығы болдым. Ол кезде мұндай жұмыстарда қазақтар аз, өзге ұлттар көп болатын. Осылайша ЖКО-ны қазақыландыруға күш салдық. Кейін Қаратау қаласында коммуналдық саладағы мекемелерді топтастырған Көпсалалы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бірлестігі құрылды. Мен сол жерге бас инженер болып тағайындалдым. Бұл Кеңес одағы ыдырап, еліміздің тәуелсіздік алған жылдар болатын. Егемендіктің елең-алаң тұсында халықтың тұрмысы нашарлап, коммуналдық қызметке ақы төлеудің өзі мұңға айналғаны жасырын емес. Тіпті қаланы жылумен қамтамасыз етудің өзі қиынға соқты. Осы жылдары Қаратау қаласы мен Талас ауданы бірігіп, Қаратау қаласы аудан орталығына айналды. Бұл жұмысымызды одан сайын қиындатты. Себебі халық көбейген сайын оларды коммуналдық қызметпен қамтамасыз ету оңайға соқпады. Тұрғындардың еңбекақы алмағанына да біршама айдың жүзі болып қалған. Осындай ауыр кезеңде мен Талас ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалдым. Маған жүктелген жауапкершілік тіпті арта түскенімен, бұл қызметті де абыроймен атқарып шықтым. Алайда араға 1 жарым жыл салып, Талас ауданына жаңа әкім келді де, мен де қызметімнен босатылдым. Біраз уақыт бос жүріп, кейін Байзақ ауданы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалдым. Осы қызметті табаны күректей 17 жыл 6 ай атқарыппын. Осы жылдар ішінде 5 әкіммен бірге жұмыс істеп, жақсы дос, сыйлас әріптестер таптым. Сондықтан Байзақ ауданы менің екінші туған өлкемдей болды. Тасы да, суы да, желі де мен үшін ыстық.

– Осы еңбек жолыңызда «әттеген-ай» деп өкінген сәттеріңіз болды ма?

– Халқымыз «Қызмет – қолдың кірі» деп бекер айтпайды. Ол ешкімге өмірлік мұра болмайды. Мәселен, мен Ақкөл кеңшарының кәсіподақ ұйымының жетекшісі қызметінен босағанымда бұл шешім маған ауыр тиді. Сол сәтте ата-анам мен отбасым маған қолдау көрсетіп, жаныма жалау болды. Екінші рет Талас ауданы әкімінің орынбасары қызметінен босағанымда да сондай күй кешкенім бар. Алайда кеудемді аса бір өкініш кернеген сәттер болған емес.

– Жоғарыда Байзақ ауданында 18 жылға жуық уақыт еңбек еткеніңізді айттыңыз. Осы жылдар ішінде жұртшылықтың жадында қалған қандай жарқын істеріңізді атап өте аласыз?

– Әкімнің орынбасары ретінде қызметке кіріскен алғашқы күні санамда «Жұмысты неден бастаймын?» деген ой тұрды. Сосын бірден мәдениет бөлімінің басшысы Сәкен Сыздықовты шақырып, жоба-жоспарларын тыңдадым. Сөйтіп одан аудандағы шығармашылық иелерінің, яғни ақын-жазушылар мен сазгерлердің тізімін алдырдым. Ізінше жаңадан ән жазып жүрген Махамбет және Қасқырбай деген жігіттермен кездестім. Сұрастырып келе Қасқырбайдың жұмыссыз жүргенін біліп, аудан әкімі Қожахан Жабағиевке ұсыныс айтып, оны мәдениет үйіне жұмысқа алдық. Қасқырбай – өзі ақын, өзі сазгер бесаспап азамат. Содан кейін оған Шәмшінің «Мойынқұмда ауылым», М.Өзбековтің «Келші Құланға» секілді әндері барын, Байзақ ауданына да осындай жақсы бір ән керек екенін айттым. Сөйтіп, бір күні Қасқырбай «Сарыкемерім – салған әнім» деген әнді жазып, ол Байзақ ауданының Әнұранына айналды. Кейін «Байзақ жұлдыздары» деген өнер фестивалін ұйымдастырдық. Оған ауылдардағы 18-25 жас аралығындағы дарынды жастар қатысты. Сол шарада І, ІІ, ІІІ орындарға қол жекізген жас дарындарды аудандық мәдениет үйіне жұмысқа қабылдадық.
Кеңес Одағы тұсында ауданда «Шахан» деген халық театры болған екен. Сол театрды қалпына келтіріп, өңірде үлкен мәдени ұжым құрдық. Әрине, бұдан өзге атқарылған ауқымды жұмыстар аз емес. Бірақ мұның барлығын жалғыз өзім істедім деп айта алмаймын. Себебі, олай ету мүмкін де емес. Алайда аудан әкімдеріне өз ұсынысымды айтып, қолға алынған істерді соңына дейін жеткізуге тырыстым.

– Өмір жолыңызда қызметтің сан түрлі сатысынан өтіпсіз. Қазір елімізде көптеген саяси реформалар қолға алынуда. Соның бірі – ауыл және аудан әкімдерін сайлау. Сіздің бұл бастамаға көзқарасыңыз қандай? Бұл жоба ел саясатына қаншалықты өзгеріс әкеледі деп ойлайсыз?

– Жалпы мен – оптимист адаммын. Сондықтан әрдайым жаңашылдықты қолдаймын. Әрине, мұндай өзгерістер елімізге қажет. Бізге Кеңес Одағынан алатын кейбір үлгілер баршылық. Мәселен, Одақ тұсында кадрлық резервті қалыптастыру жүйелі жолға қойылды. Ол кезде басшыларды жұмыс өтіліне қарай сатылап жоғарылататын. Бүгінгі таңда шыны керек, ондай үрдіс көп байқалмайды. Салдарынан өз ісін жетік білмейтін мамандардың қарасы азаймай тұр. Әкімдерді сайлау жүйесі осы бір олқылықтың орнын толтыруға бағытталған шара шығар деп ойлаймын. Мәселен, өңірлерде қолынан іс келетін, жұмысы тиянақты, кез келген саланы өрге сүйреп әкететін азаматтар баршылық. Бірақ олар басшылық қызметке келе алмайды. Ал мұндай сайлаулар сондай азаматтарға мүмкіндік беріп, жол ашады деген ойдамын. Дегенмен біз әлі күнге сайлау өткізуді толық меңгере алмай келеміз. Себебі, бізде қазір сайлаулар күреске айналып кеткендей. Турасын айтсақ, 2-3 тарапқа бөлініп алып, әрі тартып, бері тартып, сайлаудың қадірін кетіреміз. Тіпті өз басым мұндай келеңсіз жағдайларға сан мәрте куә болғанмын. Нәтижесінде бұра тартып, белден басып, әділетсіздікке жол береміз. Әйткенмен сайлау біздің болашағымыз үшін қажет. Егер өскелең ұрпақтың болашағы жарқын болғанын қаласақ, сайлауды заң аясында әділ өткізуіміз керек.

– Жоғарыда келеңсіз жағдайларға куә болғаныңызды тілге тиек еттіңіз. Соған қарап не түйдіңіз? Жалпы дәл бүгінгі сайлау жүйесі көңіліңізден шыға ма?

– Еліміздің қазіргі қалыптасқан саяси жүйесінде 20 жылдай қызмет еттім. Әрине, біреулер «Өзі де соның бел ортасында жүрді ғой» деп айтуы мүмкін. Бірақ мен сайлауға көп араласқан емеспін. Мен қашанда әділдікті жақтаймын. Жасым жетпіске жақындаса да соңғы өткен Парламент, қала мен аудандық мәндегі мәслихат депутаттары сайлауында өзім де бақ сынадым. Себебі, туған өлкемде еңбек ету менің асқақ арманым еді. Сол себепті сайлауға қатысуға бел будым. Үгіт-насихат науқаны кезінде туған жерім –Талас ауданына барып, жұртшылықпен жүздесіп, алға қойған жоспарларымды жан-жақты түсіндірдім. Расында, сайлау барысында халықтың көпшілігі мені қолдады. Сайлау қорытындысы жазылған хаттама қолыма тигенде көпшілік дауыспен мен жеңіп шықтым. Алайда басқа хаттамаға сәйкес мен жеңіліс таптым. Оны маған «хаттаманы толтырған хатшы қателік жіберген» деп түсіндірді. Сондықтан сайлауды дұрыс өткізбесек, келешегіміз бұлыңғыр болмақ. Бұл бір жағынан халықтың сайлауға деген сенімін азайтады. Сондықтан сайлауға жоғары жауапкершілікпен қараған абзал.

– Үгіт-насихат кезінде үміткер ретінде елді мекендерді аралап, халықпен кездестіңіз. Тұрғындарды бүгін қандай мәселелер толғандырады екен?

– Ең әуелі халықтың жұмыссыздық мәселесі алаңдатады. Бұған Қаратау қаласына барған кезде әбден көзім жетті. Барлығының сұрайтыны – өндіріс орындарын ашып, тұрғындарды жұмыспен қамту. Одан кейін инфрақұрылым мәселелері тұр.

– Талай жылғы еңбек жолыңызда сізге сатқындық жасағандар болды ма? Оларды кешіре алдыңыз ба?

– «Мынау мені сатып кетті» деп саусақпен көрсетіп айта алмаймын. Әрине, қызмет болған соң үстіңнен арыз жазылып, сыртыңан әңгіме айтылып жатады. Бірақ ондайларды мен көңіліме алмаймын әрі кек сақтамаймын. Осы орайда есіме бір оқиға түсіп отыр. Бірде 1 жарым жылдай менің соңыма құқық саласының қызметкерлері түсті. Оған себеп – менің үстімнен бір қария арыз жазыпты. Бұл – аудан әкімі ауысқан тұста. Жаңа әкім өңірдің тыныс-тіршілігімен танысу үшін ауылдарды аралайтыны белгілі. Сондай жұмыс сапарының бірінде Түймекент ауылының мектебіне ат басын бұрдық. Білім ордасына бұрылар жолда ескі мектептің ғимараты тұр екен. Соны көрген аудан әкімі: «Мынау ескі ғимарат неге бұзылмай тұр? Тез арада бұзып, орнын тегістеңдер», – деп маған тапсырма берді. Содан ауданнан мектепті бұзуға жұмысшылар іздегенімізбен, ешкім табыла қоймады. Кейін қаладағы базарлардың біріндегі жігіттерге мән-жайды түсіндіріп едім, олар бірден келісті. Оларға: «Жарайтын кірпіші болса, өздерің алыңдар. Алайда 400 шатырды аудандық білім бөліміне беріңдер», – дегенмін. Содан әлгі жігіттер ескі ғимаратты бұзуды бастады. Сол кезде ауылда есік-терезе жасайтын шеберхана ашылған екен. Шеберханада істейтін бір-екі кісі келіп, мектептің жарамды ағаштарын беруді сұрады. Мен де бірден келістім. Кейін мектепті бұзған жұмысшылар кірпіштерін өздері пайдаланып, шиферлерін аудандық білім бөліміне өткізді. Арада 2 жыл өткенде құқық қорғау органдарының қызметкерлері: «Сіз Түймекенттегі мектептің кірпішін сатып, ақшасын қалтаңызға басқан екенсіз, үстіңізден арыз түсті», – деп келді. Мен бірден мұның негізсіз екенін алға тарттым. Сосын олар тексеріс жүргізді. Тіпті жиындарға барсам да камераға түсіріп, артымнан қалмады. Арада біраз уақыт өткен соң үстімнен арыз жазған қария қайтыс болып кетті. Менің ойымда оған ешқандай жеккөрушілік сезімі болған жоқ. Ол кісі өмірден өткенде жаназасына қатысып, құран бағыштадым. Кейін оны әзілге айналдырғандар да болды. Сонда да мені тергеп-тексеру тоқтаған жоқ. Содан бір күні облыс прокурорының қабылдауына жазылып, барлық мән-жайды айттым. Ешқандай кінәм жоқ болса да маған қысым жасау тыйылмай тұрғанын да ашып жеткіздім. Прокурор бұл өтінішімді көмекшісіне тапсырды. Сөйтіп бір күні жұмыста отырсам, құқық қорғау органы қызметкерлері хабарласып, істі қысқартынындарын айтты. Мен оған: «Істі қысқартпаңдар, аяғына дейін тергеп-тексеріп, барлығын анықтаңдар», – дедім. Кейін істің толығымен жабылғаны туралы ақпарат келді. Мен сол іс жүріп жатқанда аудандық білім бөлімінің есепшісінен: «Ғимаратты бұзған жігіттер шифр әкеліп берді ме?» –деп сұрағанымда ол; «Жоқ», – деп жауап берген. Сөйтсем, шын мәнісінде 400 шиферді білім бөлімі қабылдап алып, оларды мектептерге үлестірген екен. Тексеріс барысында соның барлығы анықталған. Алайда соған қарамастан мені бопсалап, барлығын менің мойныма іліп жібермек болған екен. Десе де әділдік пен шындық жеңіп шықты.

– Қазір немен айналысып жүрсіз, алға қойған қандай жоспарларыңыз бар?

– Өзім жастайынан өнерге құштар болып өстім. Мектепте жүргенде ән салатынмын. Содан болар, мектеп бітірген соң консерваторияға оқуға түскім келді. Бұл жайлы әкеммен ақылдасып едім, ол кісі қолдамады. Шешем ою оятын ісмер болатын. Кейін жасы келген соң соны маған істететін. Бірақ оны ешкімге көрсетпейтін. Осылайша мен қолөнеріндегі жаңа қырымды аштым.
Мектеп қабырғасында бізге Кеңес Қожатаев деген ұстаз қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Сол кісінің арқасында әдебиетке де жақын болып өстім. Қазақ классиктарының туындыларын жата-жастана оқитынмын. Зейнетке шыққан соң «Ауыл-аймақ» деген газет ашып, қазақ баспасөзіне аз да болса үлес қостым. Қазіргі таңда баспа ісімен айналысып жүрмін. Әдебиетке құмартып өскендіктен, бала кезден өлең, очерк, новеллалар жазамын. Өмірден ойға түйгенімді, санамда сақталған жақсы адамдар туралы естеліктерімді қағазға түсіретінім де бар. Соны жалғап, алдағы уақытта кітап жазсам деп жоспарлап жүрмін.
Қызмет етіп, зейнетке шыққаным кеше ғана сияқты еді. Бүгін міне, жетпіс жасқа аяқ бастым. Кейде «Елге қандай пайда тигіздім, халыққа не бердім?», – деп ойланамын. Әрине, қолдан келгенше жұртшылықтың мұң-мұқтажына құлақ түріп, келгенге демеу, сүрінгенге сүйеу болуға тырыстым. Содан болар, кейде өзім танымайтын азаматтар көшеде көріп қалса, келіп сәлемдесіп, хал-жағдайымды сұрап жатады. Арасында келіп, рақметін айтатындар да бар. Бұл – менің өмірімнің текке өтпегені. Сол үшін қуанамын.


Жарым Сенімкүл екеуміз бір ұл, бір қыз сүйіп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырдық. Қызым – Мөлдір Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика мамандығын қызыл дипломмен бітіріп, қазір «Хабар» агенттігінде жұмыс істеуде. Күйеу балам – Ернар Президенттің жеке күзетінде қызметте. Айбатыр, Әміре, Айтөре атты ұлдары бар.
Ұлым – Дархан да өмірлік жолын тауып, Экономика, Білім және ғылым министрлігі сынды жауапты орындарда лауазымды қызметтер атқарды. Қазір Америка Құрама Штаттарында. Келініміз – Әйгерім екеуі «Болашақ» бағдарламасымен оқыды. Төрт немереміз бар. Олар да Америкада ағылшынша білім алды. Бүгінде немерелерім – Айым, Айбын, Абылай, Айбота қасымызда.
Қызым – Мөлдірден үш немере сүйіп отырсақ, ұлымның балаларымен қосып, қазір жеті немеренің ата-әжесі атанып отырмыз. Енді солардың қызығына тоймай, ортасында шапқылап жүрсем, одан асқан бақыт жоқ.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Саятхан САТЫЛҒАНОВ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.