Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ізгілікті ту еткен «Ғибратты керуен»

0 354

Облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының қолдауымен Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Сәндібек АСАНӘЛІҰЛЫ

Шараға облыс аумағындағы қала мен барлық аудандардан ардагерлер кеңесі, ішкі саясат, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармаларынан бөлек, ҚМДБ-ның облыс бойынша бас имамы, «Jas Otan» жастар қанатының өкілдері қатысты. Жиынды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ашып, баяндама жасады.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы негізгі мақсат – сана-сенімімізді, ұлттық құндылығымызды одан әрі дамыту. Қазақ қоғамы ұл-қыздарын үш-ақ сөзбен тәрбиелеп отырған. Нақты айтсақ, «ұят болады» деп артық іске барғызбау, «обал болады» деп біреуге қиянат жасатпау, «сауап болады» деп ізгі істерге бастау. Ұлтты тәрбиелеу үшін қызды тәрбиелеу керек. Ол – ертеңгі ана. Ұлт ана сүтінен бастау алады. Отбасында тәрбиелемеген қызды көше тәрбиелейді. Оның арты жақсылыққа апармайтыны баршаға белгілі. «Ғибратты керуен» жобасы аясында ізгілікті ту ете отырып, өңір басшысының «Қарапайым заттар экономикасы», «Асар», «Үлгілі ауыл», «Ақылды ауыл» жобалары мен тапсырмаларын қолдайық, – деді Еркінбек Солтыбаев.

Басқосуда жалпы Ардагерлер кеңесінің басым бағыттары бойынша баяндама жасалды. Бұдан бөлек, өңір басшысының бастамасымен жолға қойылған жоспарлар бойынша да кеңірек айтылып, жан-жақты сараланды. Ұлттық дәстүрімізден келе жатқан құндылықтарды қайта жандандыру, келешек ұрпаққа дәріптеу жайында пікірлер айтылды. Сондай-ақ Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі мен ҚМДБ-ның облыстық өкілдігі арасында меморандумға қол қойылды. Енді бірлесе атқарған жұмыстар ортақ мақсатқа жетуге оң ықпалын тигізетініне сенім мол.

Көпшілікке белгілі Ардагерлер кеңесінің «Ғибратты керуен» жобасы аясында ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді дәріптейтін, жастардың рухани әлеміне жол ашатын тәрбиелік маңызы жоғары шаралар атқарылып келеді.

Жиын соңында қонақтар облыстық кітапхананың бөлімдерімен танысып, белсенді ардагерлер марапатталды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.