Қалалық қоғамдық-саяси газет

Медведев те, Клинтон да көше сыпырған

0 19

Күн сайын көшеден қолына сыпырғы, күрек ұстаған тазалық жанашырларын көреміз. Жұмысшылар көбінесе шаң-тозаңда, шақырайған күннің, шытынаған аяздың астында жұмыс істейді. Ауа райының қолайсыздығына да қарамайды. Өйткенi олар қала тазалығына жауапты екенін сезінеді. Сондай жауапкершілікті көтеріп жүрген мекеменің бірі – «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС. Мекеменің қайнаған тіршілігінен құлағдар болу мақсатында серіктестіктің директоры Талғат Заурбековпен сұхбаттасқан едік.

– Талғат Бөкейханұлы, әңгімемізді сіздің салаға келуіңізден бастасақ…

– Жалпы мен аталмыш мекемеге ағымдағы жылдың мамыр айында директорлық қызметке тағайындалдым. Оған дейін коммуналдық саланың сан түрлі сатысынан өттім. Алғашқы еңбек өтілім 1984 жылы Жамбыл облысы, Свердлов ауданының шаруашылықаралық құрылыс ұйымында қарапайым жұмысшы болып бастадым. Сосын сатылай көтеріліп, әр жылдары әр компанияда түрлі қызметтерді атқардым. «Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде де қызмет еткенмін. Жалпы мен коммуналдық салада түрлі қызметтерде болып, бүгінде қаланың тазалығына жауапты мекеменің тізгінін ұстап отырмын.

– Сіз басқарып отырған «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС тарихына тоқталсаңыз. Бүгінде қанша жұмысшы еңбек етеді?

– Негізі «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС 1998 жылы «Жасыл Тараз» мамандырылған кәсіпорын» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын» ретінде тіркелген болатын. Қайта құру жолымен қайта ұйымдастырылуына байланысты 2012 жылы орта бизнес субъектісі ретінде тіркелген. Бүгінгі таңда «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жарғылық капиталында 100 пайыз мемлекеттік қатысу үлесімен серіктестік «Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің «Жасыл Тараз» мамандандырылған кәсіпорын» ШЖҚ МКК-нің барлық, соның ішінде даулы да, құқықтары мен міндеттерінің құқықтық мирасқоры болып табылады және жалғыз қатысушысы ретінде «Тараз қаласы әкімдігінің қаржы бөлімі» КММ саналады. Бүгінгі таңда «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-інде 233 штат жұмысшысы, шартты негізде қызмет ететін 293 жұмысшы және қоғамдық 297 жұмысшы қаланың санитарлық тазалығы үшін қызмет етеді. Біздің жұмысшыларымыздың еңбектері адал. Жанға бататыны, тұрғындардың тазалыққа көзқарасының төмендігі. Менің ойымша, адал еңбекпен тапқан наннан қадірлі не бар?! Біздің жұмысшыларымыздың жүрмейтін жері жоқ. Жауын-шашын, төтенше жағдай болғанда да техникамызбен аяқтан тік тұрамыз. Соңғы кезде қаламыз көркейіп келеді. Таразда ұлттық нақышта безендірілген аллеялар, демалыс орындары көбейді. Көше бойлары түгел жарықтандырылып, қала заманауи үлгіде дамуда. Осыдан он жыл бұрынғы Тараз бен қазіргі қаланың келбетін салыстыруға келмейді. Өйткені қала көркі ол кездегіден әлдеқайда көркейгені байқалады. Оған көше тазалаушылардың қосқан үлесі зор.

– Осы орайда тұрғындар арасында сіздің мекеменің «жалақысы аз, жұмысы көп» дейтін азаматтар жоқ емес. Жалпы жұмысшыларға қандай жағдай жасалған?

– Дерек көздеріне сүйенсек, аула, көше тазалаушылардың шетелде беделі жоғары. Мәселен, Лондонда өткен Олимпиада ойындарында аула сыпырушылардың көмегі зор болды. Олар туристермен дұрыс сөйлесуді, қаланың ерекшелігі жөнінде алдын ала дайындық курстарынан өткен көрінеді. Сөйтіп, әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристерге Лондонды аула сыпырушылар таныстырған. Сенесіз бе, сенбейсіз бе, тіпті президенттер де аула сыпырушы болған. Мәселен, Ресей Федерациясының экс-президенті Д.Медведев те еңбек жолын аула сыпырудан бастаған. АҚШ-тың экс-президенті Б.Клинтон да көше сыпырған. Сондықтан көше тазалаушыларының қоғамда да өзіндік орны бар. Оған дәлел ретінде Ресейдің 10 қаласында аула сыпырушыларға арналған ескерткішті айтуға болады.
Біздің мекемеде де жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Арнайы түрлі бригадалар көшелерге бөлініп, жұмыс кестесіне сай өз қызметтерін атқарады. Ал жұмысшыларға жасалған жағдайға келер болсақ, ай сайын тиісті жалақыларын алып отырады. Одан бөлек, бір мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі. Күн райына байланысты біз де жұмысшылардың жағдайын барынша жасаймыз. Сонымен қатар жақында «Шөлдала» алқабының тұрғыны, бір жұмысшымыз өз жағдайын айтып қайырылған болатын. Ол 3 баланың әкесі, үйінде есік-терезе жоқ, балалары еденсіз үйде ұйықтап жатыр екен. Күн суықта бала-шағасымен тұрып жатқан үйінің жайын көріп, ұжым болып көмектесейік деп шештік. Өздеріңіз білетіндей, қала бойынша төрт мектепте құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сол мектептердің ескі заттарын алып, үйге еден, терезе, есік салып берген жайымыз бар. Сондай-ақ мерекелерде арнайы марапаттаулар мен жасы жеткен кісіні зейнетке құрметпен шығарып салу үрдісі біздің ұжымда дәстүрге айналған. Күні кеше Конституцияның 25 жылдығына орай қала әкімі Айтқазы Қарабалаевтың атынан 7 әкімшілік қызметші қала дамуына қосқан үлесі үшін Алғыс хатпен және серіктестік атынан сыйақы ретінде ақшалай марапатталды. Бұл – кішкентай болса да жұмысшыларға деген құрмет.

– Дүниені дүр сілкіндірген вирустың әсері мекемеге тиді ме? Карантин уақытында серіктестік қалай жұмыс жасады?

– Әрине, елге келген індетпен күресті біздің мекеменің қызметкерлері де атқарды. Біздің жұмыс маусымдық болғандықтан, көктем айларында гүлзарлар мен саябақтарды реттеу, абаттандыру, қала көшелерінің тазалығын сақтау сияқты жұмысты үздіксіз атқарып келеміз. Сонымен қатар «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасына сәйкес пандемия кезіндегі карантин режимінде қаланың санитарлық тазалығы үшін күндіз-түні тынбай еңбек етіп келе жатыр. Атап айтқанда, күнделікті қала көшелерін, жаяу жүргінші жолдарын және аялдамаларды дезинфекциялық су шашу жұмыстары, көшенің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету жұмыстары, қала саябақтарын демалыс күндері дезинфекциялау жұмыстарын жүргізіп келеміз. Карантинге қарамай, жұмысшы топ өз жұмысын жасайды.

– Техникалық база қаншалықты жиі жаңартылады?

– Бүгінгі таңда «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС теңгерімінде 100-ден астам заманауи техника бар, атап айтқанда, су құйғыш автотехникалар, қоқыс шығаратын автотехникалар, жүк тиегіш автотехникалар, тракторлар, самосвалдар, біріктірілген автотехникалар (комбинированные машины). Аталған техникалар қысы-жазы қаланың тазалығы және санитарлық жағдайын жақсартуға қызмет етеді. Сонымен қатар мекеме биылға облыс әкімі Б.Сапарбаевтың қолдауымен 4 қоқыс шығаратын автотехникамен қамтамасыз етілді.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Сұхбаттасқан Арайлым Шабденова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.