Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жер мәселесі қашанда өзекті

0 268

Жер – мемлекеттің басты байлығы. Нарықтық заманда жер төңірегінде жасалатын мәмілелер үлкен маңызға ие. Осы орайда біз Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөліміне барып, ондағы жұмыстардың жай-жапсарымен танысып қайттық.

Сәндібек Піренов

Иә, жерді тұрғындарға тиімді үлестіру, құжаттарын рәсімдеу жұмыстары бірден бола қалатын оңай шаруа емес. Әсіресе, соңғы жылдары жер мәселесі төңірегінде келеңсіздіктер туындап, кезекке тұрған адамдардың саны күрт өсті. Мысалы, 2005 жылдан күні бүгінге қала бойынша 73 161 азамат жер алуға өтініш білдіріп, кезекке тұрған. Жер қатынастары бөлімі арқылы жүргізілген жұмыстарды тереңірек тарқатпас бұрын соңғы жылдары орын алған үлкен өзгерістерді айта кеткен жөн-ақ. Жалпы жер қатынастары бөліміндегі жұмыстар жайлы бөлімнің бас маманы Ғани Усибалиевтен сұрап білдік. Бүгінде қала әкімдігінің басшылығымен жер қатынастары бөлімі мен сәулет және қала құрылысы бөлімі бір ғимаратқа орналасқан. Мұның басты себебі – аталмыш екі бөлімнің тығыз байланыста жұмыс жасауында. Бұл екі мекеменің қызметкерлері үшін де, тұрғындар үшін де тиімді болып отыр. Қазіргі таңда жер қатынастары бөлімінде жұмыс істейтін мамандардың 70 пайызы жастар. Олардың барлығы да жастар практикасынан өткен, бір сөзбен айтқанда, ерекше көзге түскендер келісімшарт бойынша жұмыс жасауда. Жер мәселесі бойынша уақыт күттірмейтін шаруалар шаш етектен. Сол үшін де бөлім мамандары карантин кезінде ауысыммен жұмыс істеген.

Былтыр аталмыш бөлімде «Сервистік әкімдік» кеңсесі ашылып, жұмыстар біршама жүйелене бастады. Бұл халық үшін өте қолайлы болды. Әсіресе, аукцион арқылы ұсынылатын жер телімдерін үлестіру үшін 30-40 адамды жинаудың енді қажеті жоқ. Сондай-ақ жер қатынастары бөлімінде 8 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. Бұл жұмыстарды да электронды форматқа көшіру шаралары басталып кеткен.

Қазіргі таңда қаланың жалпы аумағы – 18787 гектар. Бұл ауыл шаруашылығы мақсатында егістік, тұрғын үйлер аумағына, өндіріс ошақтарына, ерекше қорғалатын, орман қоры, су қоры және босалқы жерлерге тиесілі. Бүгінде жерді тиімді пайдалану мақсатында бағдарламаларға басым бағыт берілуде. Мәселен, «Нұрлы жер» бағдарламасының талаптарына сәйкес, тұрғын үйдің 1 шаршы метрі 120 000 теңгеден аспауы қажет. Оны іске асыру мақсатында Сабалақов көшесінің соңынан 255 тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жолға қойылған. Бағдарлама шеңберінде «Сырым Білеке» ЖШС – 50, «КСС Construction» ЖШС – 5, «Ремстрой-СС» ЖШС – 150 және «Дәмдес» ЖШС 50 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Бүгінде 23 үйдің құрылысы толығымен аяқталған. Бұдан бөлек, 64 үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатса, 198 үйдің жұмыстары әлі басталмаған.

Ағымдағы жылы жер қатынастары бөлімі 2005-2006 жылдары кезекте тұрған азаматтарға «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасына қатысу үшін 65 еріктінің көмегімен ескерту хаттарын көрсетілген мекенжайларға жеткізіпті. Нәтижесінде 11752 ескерту хат таратылып, бағдарламаға қатысуға ниет білдірген 465 азамат Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жолдама алған. Соның ішінде 54 азаматтың төлем қабілеттілігі расталған.

Жер қатынастары бөлімінің жұмысы осымен шектеліп қалмайды. Мамандардың құзырына жер телімдерін мемлекет мұқтажына қайтару жұмыстары да кіреді. Мәселен, қалаға қарасты «Құмшағал-Шалғай Қарасу» алқабынан 369 гектар жерге 8 шаруа қожалығын жүргізу үшін қаулыға сәйкес жер қайтарылған. Оны тәуелсіз бағалаушы «Бағалау және сараптама» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен жүргізілген 8 шаруа қожалығын жүргізу үшін 154,848 гектар жер сатып алуға өтемақы мөлшері 127 729 982 теңгеге есептелген. Қорытынды сомалары жер телімінің иелеріне ұсынылған. Қазір ұсынылған сомаға келісімдерін берген 3 шаруа қожалығын жүргізуге жалпы көлемі 93,723 гектар жер телімінің иелерімен мемлекетке қайтару туралы 78 046 068 теңгеге келісімшарт жасалынып, қаражат толық аударылған соң, мемлекет мұқтажына қайтарылған. Жалпы мұндай мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары қаланың орталық көшелерінде жиі жүргізіледі. Себебі жыл сайын қаланың шырайын ашатын құрылыс нысандары көптеп салынуда.

Жер қатынастары бөліміндегі негізгі жұмыстардың бірі – көрсетілетін мемлекеттік қызметтер мен арыз-өтініштерді тыңғылықты қарау. Осы орайда жұмыстардың нақты нәтижесіне тоқталғанды жөн көрдік. Жер қатынастары бөлімі арқылы 2020 жылдың қаңтар-шілде айларында 2776 мемлекеттiк қызмет көрсетіліпті. Оның iшiнде 1075 өтініш Халыққа қызмет көрсету орталығы ақпараттық жүйесі және «Е-лицензиялау» жүйесі арқылы электронды нұсқада жүргізілсе, 1701 қызмет қағаз жүзінде көрсетілген. Жыл басынан жер мәселесі бойынша жеке және заңды тұлғалардан «Айқын» жүйесіне 3066 өтініш қабылданып, оның 2110-ына нақты жауап берілген.

– Ең бірінші кезекте жерді мақсатты түрде пайдалану көзделген соң, сәулет және қала құрылысы бөлімі жердің инфрақұрылымдық жүйелерін ескере отырып сызбасын шығарады. Жалпы жер қатынастары бөлімі жерді қандай да бір мақсатты пайдалануға берсе, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес Акционерлік қоғамының Жамбыл облысы бойынша филиалы тіркеу және жер кадастрының қалалық бөлімі жерге орналастыру жұмыстарын жүзеге асырады, – дейді бөлім басшысы Ғани Нұрмаханұлы.

Жерді халыққа тиімді үлестіру мәселесі – уақыт сәтімен шешілетін шаруа. Бұлай дейтініміз, мысалы, 800 азаматқа жер бөлу үшін инфрақұрылымдық жұмыстарын жүргізуге шамамен 800-900 млн теңге көлемінде қаржы жұмсалады екен. Бұдан бөлек, сол жерді иелерінен сатып алуға тағы да қосымша қаражат кажет. Тағы бір назар аударатын мәселе, кәсіпкерлерге жер тек аукцион арқылы сатылады. Биыл жеті айдың ішінде аукцион арқылы 14 жер телімі беріліпті. Оның жалпы құны 26 млн 747 мың теңгені құраған.

Айта кететін жайт, жер қатынастары бөлімі жерді үлестірген кезде сатып алушыдан оның қандай бағытта пайдаланатынын сұрамайды. Жер сатып алған азамат сәулет және құрылыс бөліміне барғанда ғана кәсіптің бағытын егжей-тегжейлі көрсетеді. Сондай-ақ егер кәсіпкер үш жылдың ішінде жұмыс жүргізбеген жағдайда жер мемлекеттің меншігіне қайтарылады. Қалалық бюджетке қаржы түсіретін бірден-бір бөлім осы жер қатынастары бөлімі десек болады. Нақтырақ айтсақ, жыл сайын аталмыш бөлімнен қала қорына орташа есеппен 400 млн теңге түседі. Бұл – арендалық жерлер және жеке тұлғалардың есебінен түскен қаржы. Жыл сайын жер қатынастары бөліміне әкімдіктен жоспар бекітіледі екен. Биыл жыл соңына дейін 346 млн теңге қаржы түсіру жоспарланса, осы 7 айда қаланың бюджетіне жер қатынастары бөлімінен 191 миллион кіріс кірген. Бұл сатылымдағы жерден түскен қаражат болса, арендалық жерлер бойынша кіріс 59,9 миллион теңгені құрап отыр.

Жалпы жер қатынастары бөлімінде көпшілік біле бермейтін жаңалықтар баршылық. Оң өзгерістердің барлығын жоғарыда жіпке тізіп өткеніміз де содан. Ендігі кезекте өз істеріне жаңа қарқынмен кіріскен мамандардың жұмыстары жақсы нәтиже берсе дейміз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.