Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ілкімді істер баршылық

0 203

Биыл Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарық көргеніне 2 жыл толды. Бұл маңызды құжат осы уақыт аралығында мектептердің тәрбие және идеологиялық жұмыстарын жүйелеуге кең мүмкіндіктер ашты. Елбасының бағдарламалық мақаласында 6 бағытқа басымдық берілген. Соның бірі – білім беру жүйесін жаңаша жетілдіру.

Зере Қуаныш

Білім саласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында облыста көптеген маңызды іс-шаралар атқарылып келеді. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыс әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамаловтың қатысуымен брифинг өтіп, спикер атқарылған жұмыстарға егжей-тегжейлі тоқтады.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы ағымдағы жылдың 28 қаңтар мен 16 наурыз аралығында «Ауылым – алтын бесігім» атты балалар әлеуметтік жобаларының республикалық байқауын өткізді. Байқаудың іріктеу кезеңінен республикалық сараптау комиссиясы 5 оқушының жұмысын таңдап, олар республикалық кезеңге жолдама алды. 14-15 наурыз аралығында Нұр-Сұлтан қаласында өткен байқауда үміткерлер өскен өңірі туралы презентация жасап, жобаларын қорғап шықты.

Байқау қорытындысы бойынша Меркі ауданындағы №39 мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Жұлдызай Темірболат І орын иегері атанып, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының атынан Ресей Федерациясының Владивосток қаласындағы «Океан» балалар орталығына демалуға жолдама алды.

Сонымен қатар «Qazaq epos» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен 6-10 сынып оқушылары арасында республикада батырлар жырын жатқа айтудан «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының бірінші (аудандық/қалалық) кезеңі өтуде.

Байқау шарттары бойынша қатысушылар «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау жазған нұсқасын мүдірмей айтып шығуы тиіс. Жыр жатқа айтудан байқауға облыс бойынша 388 мектептен 3827 оқушы және 1909 мұғалім қатыспақ. Байқаудың облыстық кезеңі мамыр айында қорытындыланса, республикалық кезең маусым-шілде айларында ұйымдастырылады, – деді Талғат Салқанұлы.

Сонымен қатар облыстық білім басқармасы балалар мен жасөспірімдер арасында «Өз жеріңді танып біл!» атты жобаны жүзеге асырып, мектеп оқушылары үшін өздерінің ауылына, көрші аудандарға және Тараз қаласына туристік экскурсиялар ұйымдастырылып, онлайн сабақтар, интерактивті жарыстар ұйымдастырған. Өткен жылы туристік экскурсиялармен 63 мыңға жуық мектеп оқушысы мен колледж студенттері қамтылыпты.

Олардың ішінде 11 300-ден аса бала ауданнан ауданға туристік саяхат жасаса, аудан ішіндегі киелі нысандарын 36800 оқушы аралап, республиканың өзге өңірлеріне 14500 бала саяхаттап қайтқан. Ағымдағы жылдың басынан 2500-ге жуық бала өңірдің киелі жерлеріне туристік саяхат жасаған.

Өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бірнеше бірегей жобалар облыстың мектептері мен колледждерінде іске асырылуда екен. Атап айтсақ, «BestvidеoТуғанӨлке», «Виртуалды мектеп мұражайы», «BILIM анимация», «Оқы, тап!» облыстық онлайн байқауы, «BILIM FM» мектеп радиосы.

Аталған жобалар туған өлкенің тарихи, мәдени құндылықтарын ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы оқу-тәрбие үрдісіне енгізуге бағытталған. Жиын соңында спикер журналистердің сауалдарына жауап берді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.