Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталды. Жоғары оқу орындарында білім алуға үмітті түлектердің көптен күткен сәті жақындап қалды. Жалпы еліміз бойынша жақын арада мемлекеттік білім берудің гранттарына конкурс басталады. Ал облыста биылғы оқу жылында қандай өзгерістер бар? Оқу ақысы қымбаттайды ма? Грантқа кімдер ілінеді? Саралап көрелік.

Арайлым Шабденова

Тараздық ЖОО оқу ақысын өзгертпейді

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өңіріміздегі ЖОО-ның 2019-2020 жылдарға арналған оқу ақысы мен білім гранттары төңірегінде баспасөз-конференциясы болып өтті. Іс-шараға М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков және Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Ержан Әмірбекұлы аталған тақырып аясында баяндама жасап, журналистер сұрағына жауап берді. ТарМУ ректорының хабарлауынша, барлық білім бағдарламалары бойынша оқудың төлемақысы өскен жоқ, былтырғы жылдың деңгейінде сақталды. Мысалы, бакалавриатта гуманитарлық, заң, экономикалық ғылымдар бойынша 1 жылдық төлемақы 308 мың теңгені құрайды. Ал инженерлік, техникалық, технологиялық бағыт бойынша оқудың төлемақысы 318 мың теңге болып бекітілді. Магистратураның 1 жылдық төлемақысы ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша 357 мың теңге, бейіндік бағыт бойынша 396 мың теңге. Докторантураның барлық білім беру бағдарламасы бойынша 1 жылдық төлемақы 915 мың теңгені құрайды. 2018 жылы 4 шілдеде жоғары оқу орындарының автономиялық дербестігін кеңейту бойынша қабылданған арнайы заңға сәйкес университеттер оқудың төлемақысын өздері бекітеді.
– Жылдан-жылға Тараз мемлекеттік университетінде оқитын шетелдік студенттердің саны көбеюде. Бүгін 700-ден астам шетелдік азамат білім алуда. Олардың 1 жылдық төлемақысы 350 мың теңгені құрайды. Университет тарапынан әлеуметтік жағдайы төмен білім алушыларға төлемақы бойынша әртүрлі жеңілдіктер қарастырылып, университеттің Байқау кеңесінде бекітілген. Мысалы, былтырғы оқу жылы 1464 бала 30%-дан 100%-ға дейін жеңілдік алды. Бакалавриаттың білім беру бағдарламаларының топтары бөлінісінде жоғары білімі бар кадрларды даярлауға 2019-2020 оқу жылына 53785 мемлекеттік білім гранты бөлінді. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 191 грантқа артық. 2019-2020 оқу жылына магистрлерді даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 13484 мемлекеттік білім гранты, 2019-2020 оқу жылына PhD докторларын даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес 2312 мемлекеттік білім гранты бөлінді, – деді ТарМУ ректоры Махметғали Нұрғалиұлы.
Ал ТарМПУ ректоры Ержан Әмірбекұлының сөзінше, қазіргі таңда әлеуметтік желі арқылы «Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарының ақысын 20 пайызға көтеруді тапсырды» деген жалған ақпарат жан-жаққа тарапты. Оны бірер күн бұрын барлық отандық арналарда Білім және ғылым министрінің БАҚ-пен байланыс мәселелері бойынша кеңесшісі Ерболат Мұхаметжан теріске шығарып, ақпараттың негізсіз екенін мәлімдеді. Өз сөзінде ведомство өкілі қазір елімізде 131 жоғары оқу орны барын, олардың көбі жеке меншік екенін айтқан, олар нарықтың ыңғайына қарай жұмыс істейтінін, министрлік нарық заңдылығына араласа алмайтынын да мәлімдеді. Ол сондай-ақ студент пен университет арасындағы келісім нормаларына сәйкес кейбір білім мекемелері оқу ақысын шамамен 4-8 пайызға арттырғанын, ал кей білім ошақтары оқу ақысын керісінше 7 пайызға түсіргенін де хабарлады.
– Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті де оқу ақысын алдыңғы жылдың деңгейінде қалдырғанын ескертемін. Биыл «Ұстаз» университеті бакалавриат бойынша 24 білім бағдарламасы аясында талапкерлерді оқуға қабылдайды. Магистратура бойынша 13, докторантура бойынша 9 білім бағдарламасы қарастырылып отыр. Біз қазіргі таңда стратегиялық міндет қойып отырмыз – жастарымыз үшін білім қолжетімділігі мәселесі, осыған байланысты Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде оқу бағасы мен құнын тұрақты сақтауға барынша жұмыстар атқарылады, – деді ректор.

Таразда мехатроника мамандары даярланады

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті биылғы оқу жылына бакалавриаттың 60, магистратураның 40, докторантураның 4 мамандығы бойынша қабылдау жүргізеді. Олардың ішінде еңбек нарығында аса үлкен сұранысқа ие болған жаңа мамандықтар да ашылып отыр. Мысалы, республикада тек қана Тараз мемлекеттік университетінде «Мехатроника» білім бағдарламасы бойынша мамандар даярлау басталды. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда мехатроника мамандары сұранысқа ие. Қос дипломды білім беру жүйесі де дамып келеді. Бұл орайда, аталмыш мамандықтың иесі болған студент алғашқы 2 оқу жылын Тараз мемлекеттік университетінде оқып, келесі 2 оқу жылын Люблин политехникалық университетінде (Польша), Браганса политехникалық университетінде (Португалия) жалғастырып, екі мемлекеттің дипломын ала алады. Келер жылы бұл мамандықтың алғашқы түлектері дипломдарын қолдарына алады.

«USTAZ» University: өзіміздің брендімізді қалыптастырдық

Ұстаздардың қара шаңырағына айналған оқу ордасы алдыңғы қатарлы заманауи, креативті педагог кадрлар дайындайтын жоғары оқу орны. Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті білім беру бағдарламаларынан бөлек, «Foundation» жоғары оқу орнына дейінгі дайындық курсы бойынша қоғамға қажетті мамандарды дайындайтын академиялық орталық болып табылады.
– Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің 2019-2020 оқу жылына оқу төлемақысы бакалавриат бойынша (барлық білім беру бағдарламаларына) күндізгі бөлімде 297 000 теңге, қашықтықтан оқыту технологиясы аясындағы техникалық және кәсіптік білімнен кейін оқитындарға 190 000 теңге көлемінде қалып отыр. Құжаттарды қабылдау бүгінгі күні басталып кеткен. Әлі 25 шілдеге дейін жалғасады. Қабылдау емтихандары 8-16 тамыз аралығында өткізіледі. Ал жалпы қабылдау мерзімі 28 тамызға дейін жүзеге асады, – деді Ержан Әмірбекұлы.
Университеттің білім беру бағдарламалары кәсіптік оқытудан басқа студенттерге қосымша және бейресми білім берудің кең спектрін ұсынады. Олардың ішінде кәсіби ағылшын тілінің тәжірибелік дағдылары, шығармашылық қабілеттерін дамыту және көшбасшылық қасиеттерін дамыту, шетелдік әріптестермен қос дипломды білім беру, ақпараттық технологиялар және робототехника, инклюзивті білім беру, жобалық қызмет және басқа да академиялық дағдылар. Университетте студенттердің туризм бағытында білім алу жүйесі жақсы дамыған. Онда студенттер еліміздің түкпір-түкпіріне баруға мүмкіндік алады.
Сондай-ақ академиялық ұтқырлық аясында ең үздік шетелдік серіктес жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндіктер жасалынған. Университеттің халықаралық ынтымақтастығы студенттерге жетекші шетелдік профессорларды лекция оқуға шақыруға және жазғы мектептерде білім алуға мүмкіндік береді. Университеттің академиялық және басқарушылық дербестігін кеңейту жұмыстары қазіргі заманғы «Major» және «Minor» білім беру бағдарламаларының пайда болуына мүмкіндік берді. Мысалы, робототехника негіздері бар физика, химия және нанотехнология, география және туризм, тарих және археология. ғылыми білім бағдарламалары үш тілде оқытуды қамтамасыз етеді.

Қосымша гранттар кімдерге беріледі?
Ағымдағы жылдың 26 маусымында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көпбалалы және әлеуметтік көмек алатын отбасы балалары үшін 5 мың грант бөлу туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Ал бүгінде бұл гранттар қалай бөлініп, мамандықтардың қайсысы бұл тізімге енетіндігі туралы сауал әрбір ата-ана мен жас түлектің көкейінде жүр. Жалпы бөлінген 5 мың гранттың 460-ы Жамбыл облысына беріліп отыр. Жергілікті атқарушы органдар облыстың қажеттілігіне байланысты гранттарды білім беру бағдарламаларына бөледі және бұқаралық ақпараттық құралдарда жариялайды екен. Жалпы 13-20 шілде аралығында республикалық мемлекеттік гранттарға құжаттар тапсыру мен оны қабылдау жүргізіледі. Оның нәтижесі шыққаннан кейін, 5 тамыздан бастап аталмыш грантқа құжат қабылдау басталады. Мамандықтар бойынша 77-сі педагогикалық болса, 460-тан қалғаны техникалық, ауыл шаруашылық, инженерлік сынды мамандықтарға бөлінбек. Арнайы комиссия құрылып, егер мамандықтар бойынша сұраныс артып жатса, бұл көрсеткіш өзгеруі де мүмкін. Енді мемлекеттік гранттар мамандық бойынша емес, білім беру бағдарламасына тағайындалады.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған