Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ескерткіштерді қорғау – елдігіміздің белгісі

0 812

Қазақстан өзінің мемлекеттік тәуелсіздігін алғаннан кейін егемен мемлекеттің және оның барлық азаматтарының өміріне арқау болатын бүкіл құқықтық базаны түбегейлі қайта құру кажеттілігі туындады. Бұл арада аз жұмыс жасалған жоқ: мемлекеттік басқару, экономика, ұлттық қауіпсіздік, сыртқы саясат, қоғамдық саяси өмір, тарихымыз бен мәдениетті, халықты әлеуметтік қорғау, табиғатты қорғау, кұқықтық тәртіпті қорғау салаларында көптеген заңдар мен жарлықтар талқыланып қабылданды.

Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғаудың маңыздылығы жайында көрнекті мемлекет қайраткері, этнограф, тарихшы ғалым Өзбекәлі Жәнібеков: «Қай халықтың болса да рухани әлеміне саяхат оның көне ескерткіштерімен, тарихи орындарымен танысудан басталатыны мәлім. Оларды сақтау ұлтты сақтау болып табылады», – деп жазып кеткен болатын.

Елдігіміз бен келер ұрпақ үшін маңызы зор ескерткіштерді қираудан, бүлінуден сақтау өткен көне замандарда да өткір мәселе болып отырған. Жасыратыны жоқ, тарихи-мәдени құндылықтардың тоналуы мен зақымдануы кез келген елдің, халықтың тарихын, мәдениетінің күйреуіне, жойылуына алып келетіндігін көріп отырмыз.

Осы орайда, жергілікті халық аталған тарихи-мәдени ескерткішті бүгіннен бастап бүлінуден, зақым келтіруден қорғап, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа ескерткіштерді қорғау елдің, барша халықтың баға жетпес асыл қазынасы екенін түсіндіріп, насихаттап отыруы қажет-ақ. Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғап, сақтау және болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдыру – әрқайсымыздың азаматтық міндетіміз.

Өйткені Қазақстан Республикасының Конституциясының 37-бабында Қазақстан Республикасының азаматтары тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қамқорлық жасауға, тарих пен мәдениет ескерткіштерін қорғауға міндетті деп көрсетілген.

Қазіргі уақытта Жамбыл облысы әкімінің 2010 жылғы 14 сәуірдегі №90 қаулысымен бекіткен жергілікті маңызы бар, мемлекеттік тізімге алынған 711 тарихи-мәдени ескерткішіміз бар. Оның ішінде республикалық дәрежедегі – 30, ЮНЕСКО-ның «Бүкіләлемдік мәдени мұра» тізбесіне енген Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан халықаралық дәрежедегі 5 тарихи-мәдени ескерткішті атап өтпеске болмайды.

Қазақстан Республикасының 2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында облыс әкімінің 2004 жылдың 26 ақпандағы №40 қаулысымен Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» мемлекеттік мекемесі ашылған болатын.

Қазіргі кезде ол облыс көлемінде орналасқан жергілікті маңызы бар, мемлекеттік тізімге алынған және алдын ала тізімде тұрған тарихи-мәдени ескерткіштердің бүлініп, жойылып кетпеуін қадағалаушы орган болып табылады.

Еліміздегі тарихи-мәдени нысандар ҚР 1992 жылғы 2 шілдедегі «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңымен қорғалады. Аталмыш Заңның 36-бабы мен Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдығы Жер кодексінің 127-бабында тарихи-мәдени нысандардың қорғау аймағын белгілеу көрсетілген.

Сондай-ақ қорғау аймағын белгілеу Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің 2014 жылғы 29 желтоқсандағы «Тарихи-мәдени мұра объектілерінің қорғау аймақтарын, құрылыс салуды реттеу аймақтарын және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарын айқындаудың қағидалары және оларды пайдалану режимін бекіту туралы» №156 бұйрығының негізінде жүргізіледі.

Жоғарыда аталған бұйрықтың негізінде тарихи-мәдени мұра объектісінің қорғау аймағын айқындау және пайдалану режимінің тәртібі сегіз негізгі ережеден тұрады.

Жалпы алғанда, қорғау аймағы тарихи-мәдени мұра объектілері және оның аумағына жапсарлас тарихи қалыптасқан ортаның сақталуын қамтамасыз етумен қатар, ғылыми, көркемдік немесе өзге де мәдени құндылықтарды анықтауға ықпал ететін жағдай жасау үшін белгіленеді.

Қорғау аймағының аумағында тарихи-мәдени мұра объектісінің сақталуына, оның тарихи-мәдени қабылдануына теріс әсерін тигізетін жұмыстар жүргізілмейді.

Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының 38-бабына сәйкес тарихи-мәдени нысандардың орнын заңсыз ауыстыру және оларды өзгертуге қатаң тыйым салынған.

Талайлардың таңданысын тудырған Жамбыл облысы тарихи-мәдени ескерткіштерге өте бай. Жыл өткен сайын ажарланып, көркейе түскен өңірімізде көптеген тарихи ескерткіштер мен монументтер қатары артып келеді. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің 2015 жылы 2 желтоқсанда «Монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату қағидаларын бекіту туралы» №371 бұйрығы шыққан болатын.

Мұнда аса көрнекті тұлғаларға, маңызды тарихи оқиғаларға монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату арқылы мәңгі есте қалдыру мақсатындағы негізге алынатын ережелер егжей-тегжейлі негізделген.
Өткен оқиғалар мен тарихымыздан, сондай-ақ тұлғаларымыздың ұлт жолындағы қызметінен сыр шертетін мемориалдық тақталардың орны ерекше екендігі даусыз.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі 2015 жылғы 16 қарашадағы «Мемориалдық тақталарды орнатудың өлшемшарттары мен қағидаларын бекіту туралы» №356 бұйрығы шықты. Мұнда мемориалдық тақталарды орнатудың өлшемшарттары, қағидалары мен тәртібі жасалынған. Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғауға байланысты заң талаптары орындалмаған жағдайда 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 145-бабы негізінде жаза қолданылады.

Қазақстан Республикасының заңнамасынан бөлек, ЮНЕСКО және ИСЕСКО сияқты шетелдік және халықаралық ұйымдармен ескерткіштерді қорғау және қайта жаңғырту саласында да ынтымақтастық белсенді дамып отыр.

Өз кезегінде тарихи-мәдени құндылықтарымыз келер ұрпаққа мұра болып қалуымен қатар, туризм саласына да ықпалы зор екендігін естен шығармауымыз қажет.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаев үстіміздегі жылдың 12 сәуірінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық мәдени ескерткіштеріміз бен құндылықтарымызға аса мән берген болатын.

Біздің пікірімізше, мәдени-тарихи құндылықтар – белгілі бір ұлтқа, азаматына тән дүние, адами қадір-қасиет, яғни халықтың ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық рухани және материалдық құндылықтары деп білеміз. Сіз бен біздің міндетіміз – тарихи бай мәдени мұрамызды сақтап, оны зерделеп, келесі ұрпаққа аманат етіп тапсыру.

Балжан СЫДЫҒАЛИЕВА,
Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» КММ-нің құқықтық қамтамасыз ету
және ақпараттандыру бөлімінің меңгерушісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.