Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ерекше балаларға айрықша қолдау

0 277

Ерекше жағдайдағы балаларға қолдау көрсету қашанда маңызды. Осы орайда шаһарымызда сауықтыру орталықтары жұмыстарын қарқынды жүргізіп отыр. Мүгедектігі бар балалардың көпшілік ортада болып, басқа балғындармен араласуына мүмкіндік жасауда, оларға моральдық, материалдық тұрғыда қолдау көрсетуде қоғамдық бірлестік пен үкіметтік емес ұйымдардың үлесі зор.

«Баламның табанына кірген шөңге менің маңдайыма кірсін» деп перзенті үшін ішкен асын жерге қоятын халықтың қатарынанбыз. Шынында, бала Тәңірдің үлкен бір сыйы деуге болады. Ал осының ішінде ерекше күтімді қажет етер балаларды, ерекше бір жаратылыс иелері деп айтқаным дұрыс болар. Осы орайда біздің тұлға ретіндегі басты міндетіміз – ерекше жағдайдағы азаматтар мен балаларға қолдау көрсету. Ерекше бала тәрбиелеп отырған әрбір ата-ананың асыл арманы қайтсе де періштесін аяққа тұрғызу, өмірге бейімдеу, ешкімнен кем қылмай тәрбие беру екені анық. Алайда бір жанға батары қаламызда ерекше балалардың қатары артып келеді. Осы орайда тауы шағылып, еңсесі түскен отбасылар да көптеп кездеседі. Сондықтан шарасыздық шыңырауға құлатып, одағай күйзеліс орға жықпас үшін әуелі баланы кішкентай кезінен бастап оңалту, бейімдеу орталықтарына жетелеген жөн деп ойлаймын. «Бала – көңілдің гүлі, көздің нұры» деген сөз бар қазақта. Әсіресе тумысынан тағдыр азабымен бетпе-бет келген ерекше балалар қоғамның да, ата-ананың да – басты назарында. Оларды мемлекетіміз де қамқорлықтан кенде қалдырған емес. Оған дәлел шаһарымызда ерекше балаларға арналған арнайы мекемелер ашылып, бүгінде өз жұмыстарын жүргізіп отыр. Солардың бірі – 114 ерекше балғынды қанатының астына алған облыстық білім басқармасына қарасты Оңалту орталығы.
– Біздің орталық он сегіз жасқа дейінгі ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалар мен жасөспірімдерді арнайы дамыту бағдарламасы аясында білім беретін, психологиялық-медициналық көмек көрсететін ұйымдардың бірі. Мұнда әртүрлі санаттағы балалармен жұмыс жүргізіліп, ақыл-ойында және психикалық дамуында кемістігі бар балғындарға көмек көрсетіледі. Орталықта дефектологтар, педагог-психологтар, әлеуметтік педагогтар, тәрбиешілер, массажист, дене шынықтыру нұсқаушысы, медбике, дәрігер-невропатолог сынды жоғары білімді мамандар еңбек етуде. Әр қабылданған бала психофизикалық жағдайына қарай топтық бағалау құру үшін мамандардың арнайы тестілеуінен өтеді. Мамандар балалардың жағдайын өз саласы бойынша тексеріп, арнайы топтарға бөледі. Сондай-ақ солармен тиісінше жұмыс жасайды. Орталықтың қыруар қызметі тек балаларды қолдап қана қоймай, ата- анаға да үлкен мүмкіндік береді. Себебі ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-ана баласы орталықтың қадағалауында болған кезде өз-өзін дамытуға, жұмыс істеуге, қарапайым үй шаруаларымен айналысуға уақыт табады. Толыққанды өмір сүреді. Осы орайда орталықтың ана мен балаға тигізер көмегі көп екенін аңғаруға болады. Әрине, ерекше балалармен жұмыс істеу айтарлықтай оңай дүние емес. Баланы жақсы көріп, оларға ерекше қарым-қатынас көрсете алатын тәрбиеші ғана бұл саладағы жұмысын жалғастыра алады. Сол үшін орталыққа арнайы дайындықпен келген дұрыс, – дейді орталық директоры Лейла Шаймерденова.
Ерекше балаларға арналған орталықтардың көптігі көңіл қуантады. Алайда ешқандай мекемеге тіркелмеген, ата-анасының өзі қараусыз қалдырған балдырғандар да баршылық. Әйтсе де, олардың барлығы бірдей далада қалды деп айта алмаймыз. Өйткені мұндай бүлдіршіндерге аналық мейірімін төгіп, шуағын шашып жүрген алтын жүректі тараздық Зульфия Төленова сынды қайырымды жандар да табылуда.
Зульфия Төленова 2006 жылдан бері осындай тағдыр тауқыметіне түскен мүгедек балаларды қамқорлығына алып, жылуын төгіп келеді. Өзі де көпбалалы отбасынан шыққан Зульфия облыс орталығындағы №1 мүгедек балаларға арналған интернатта еңбек еткен. Сол жылы бұған сіңлісінің қайын жұрты жағынан Қырғыз елінде тұратын туыстарының бірі мүгедек баласын алып келеді. Бала денесін ұстап, отыра алмайды, тамақтануы да қиын екен.
– «Анасы алып келгенде, «мүмкін сізден көмек болар» деген үміт тұрды анасының көзінде. Қырғыз баланы интернатқа өткізуге қимадым. Менің де қолымнан келер деп өзімді жігерлендірдім. Сол үш жастағы Бағдат қазір өзі отыра алады, тамақтанады. Балалармен де еркін ойнап жүр. Жасы 15-те, – дейді Зульфия.
Осы кезден бастап кең жүректі ананың ерекше балаларға деген мөлдір мейірімі оянып, ата-анасы қараудан бас тартқан ерекше балаларды өз бауырына басуда.
– Өзіңіз байқағандай, менің бағып отыр- ғандарым – негізінен мүгедек балалар. Олардан ата-аналары туа салысымен бас тартқан. Мысалы, Нұрболымның екі қолы жоқ. Өзі мамыр айында туған. Сәби кезінен менің қолымда. Беске толған туған күнінде ата-анасы іздеп келді. Бірақ одан кейін ол кісілердің қарасын көрген жоқпыз. Нұрбол қазір төртінші сыныпта оқиды. Сондай мейірімді болып өсіп келеді. Аяғымен сурет салады, өнерлі.
Ал әпкелі-інілі Рита мен Лесбек бала кездерінен менің қамқорлығымда. Аналары қайтыс болған. Ританың есту, сөйлеу қабілеті кем. Ол мүгедек болғанымен, інісі сап-сау. Бірақ екеуін айырғым келген жоқ. Лесбек колледжде білім алуда. Кейін кәсібі бойынша жұмыс тапса, маған да, әпкесіне де қамқор болмақ ниеті бар. Қайырымды, жүрегі жұмсақ жігіт.
Сондай-ақ сәби кезінен бауырыма басқан Нышан деген балам бар. Қазір жасы 19-да. Сол Нышан ата-анасын іздеді. Ол кісілер Меркіде тұрады екен. Іздеп бардық, жергілікті полиция бөлімінің қызметкерлері көмектесті. Ата-анасы, үш бауыры, үлкен әжесі бар екен. Бірақ әжесі: «Айналайын балам! Сені туғалы өлдіге санадық. Енді осы уақытқа дейін баққан-қаққан анаңның батасын ал!» – деп бізді шығарып салды. Өкініштісі, Нышан содан кейін біраз уақыт күйзеліс- те жүрді. Ал мен баламды ешқашан тастамаймын. Иә, әр баланың тағдыры әртүрлі. Менің тәрбиемдегі балғындар еліміздің әр қаласынан, әр ұлттың өкілдері. Бірақ бір отбасында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатырмыз. Қолымнан түлеген балалардың 9-ы отбасылы болып, олардан 14 немере сүйіп отырмын. Олар да сағынышын арқалап келіп тұрады, еркелеп, аунап-қунап қайтады, – дейді кең жүректі ана.
Әрине, өмірде әртүрлі жағдайға тап болып жатамыз. Сан түрлі тағдыр тоғысқан өмір жолында әр пенде басына түскен тағдырға көнбеске амал бар ма? Қызығы мен қиындығы қатар жүретін бұл өмірдің ыстық-суығына төзіп, қатал сынағына көніп, бұйырған тағдыр ғой деген батыр- лықты көргенде бас иесің.
Ата-ана үшін ең алдымен баласының денсаулығы ең маңызды екені айтпаса да белгілі. Дәл солай бұл отбасы үшін де баласының денсаулығы – бәрінен маңыз-ды болып тұрған дүние. «Біз тартқан азапты Аллам балама көрсетпесе екен» деген ата-ананың жатса да, тұрса да тілер жалғыз тілегі. Мүмкіндіктері аз болғанына қарамастан, баласы үшін қолдарынан келгенше жұмыс жасап, адал нандарын маңдай терімен тауып отырған көпке үлгілі отбасы. Өздері туралы ашып жазуды қаламаған бұл жанұяға тек «төзімдері таусылмасын» деп қана басу айтасың.
Еліміз бүгінде ерекше балаларға барлық тараптан қолдау білдіріп жатқаны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев: «Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағы. Сондықтан да әр балаға ерекше қолдау көрсету керек», – деген еді. Бұл тұрғыда арнайы жұмыстар да жасалуда. Атап айтқанда, ерекше баланың асыраушысы болып табылатын тұлғаға, яғни ана мен балаға мемлекет тарапынан түрлі көмек көрсетілді. Айталық, мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы мөлшері де жыл сайын артып келеді. Бұдан бөлек, ай сайын жанұядағы әрбір адам басына 15 498 теңге әлеуметтік қолдау мақсатында төлем де қарастырылыпты. Сондай-ақ Үкіметтен баланы үйден оқыту мақсатында ай сайын 16 413 теңге жәрдемақы да беріледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, ерекше күтімді қажет ететін баласы бар жанұя өз санаты бойынша үй кезегіне де тұра алады. Үй күтіміндегі стационар немесе жартылай стационар жағдайында осы бағыттағы арнайы әлеуметтік қызметті пайдалануға болады екен. Сонымен қатар мемлекет тарапынан жүзеге асқан әлеуметтік қолдаудың тағы бірі – мүгедек баласы бар отбасы қоғамдық көлікте тегін жүреді. Яғни мемлекет тарапынан ерекше балаларға барынша көмек көрсетіліп, жағдай жасалынып отыр. Бұл, әрине, ең әуелі бүлдіршіндеріміздің еш уайымсыз бақытты балалық шағына бағытталған.
Қорыта келе айтарым, ерекше білім беруді қажет ететін балалар – қазіргі қоғамның ерекше бір бөлшегі. Осындай балаларды қолдау, қорғау барынша көмек қолын созу – біздің азаматтық борышымыз.

Әмина МҰСА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.