Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қасиет қонған құт мекен

0 2  295

Жамбыл облысында ең үлкен елді мекен болып Мойынқұм ауданы саналады. Батысы Жамбыл тауымен, шығысы Қозыбасымен шектесіп жатқан өлкенің қойнауы қандай құтты болса, тарихы да аңыз-әпсаналарға бай.
Әсіресе аудандағы жер атауларының шығу тарихы талайды таңғалдырады. Есте жоқ ескі заманнан сыр шерткен мұндай мекендердің тылсымы мен құпиясы да аз емес.

«Ақсүйек» пен «Қозыбасы»

Аңыздарға қарағанда, Мойынқұм ауданындағы Хан тауын Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы хан қоныс қылған деседі. Өлкеде ол кездері құландар үйір-үйірімен жортып жүрген екен. Бірде Жошы ханның еркетотай баласы аңға шығып, бір топ құланның үстінен түседі. Құландардың күйлеп жүрген кезі болса керек, үйір ішіндегі құланның аналығы ат үстінен баланы жұлып алып шайнап, тепкілеп өлтіреді. Ұлының қазасын естіген хан қаһарына мініп, құлан біткенді қырып, бір орға көмген екен. Міне, осы құлан қырылған ор «Ханның оры» атанып кеткен. Аңызбен астасқан оқиғаға байланысты «Ақсақ құлан» күйін ХІІІ ғасырда атақты күйші Кетбұға шығарған. Қырылған құландардың сүйегі тау-тау болып үйілген жер кейіннен «Ақсүйек» деген атау алды. Бүгінде Мойынқұм ауданына қарасты Ақсүйек ауылына халық қоныстанып, тарихи орында тіршілік етуде.
Осы Хан тауында Қазақ мемлекетінің тұңғыш туы көтерілгені де белгілі. Керейді ақ киізге отырғызып, хан қылып көтерген жер Қозыбасы деп аталады. Аты аңызға айналған Қазақ елінің тұңғыш ханымыздың тұрағы Керегетаста болған. Күні бүгінге дейін «Хан қорасы» деп аталатын осы қасиетті мекен Қарабөгет ауылынан 15, Ақбақайдан 50 шақырымдай жерде жатыр. «Хан жолы» деп аталатын күре жол Ақбақайды тіліп өтіп, сонау Арқаға қарай жосылып жатыр.
Ал «Қозыбасы» атауының шығуына келсек, ертеде хандар таққа отырғанда, оның қарауындағы қалың жұрт кезекпен жабыла қозы сойып, ел болып жиналып етін жейді екен. Сөйтіп, қозының бас сүйегі үйіліп қалатын көрінеді. Содан бастап бұл аймақ «Қозыбасы» атанып кеткен. Мұның бәрі көнеден жеткен аңыздар екенін жоққа шығармаймыз. Дегенмен әдемі, әсерлі әңгімелер.

Аңырақ пен Андас батыр

Тарихтағы атақты Аңырақай шайқасы Мойынқұм жерінде өткенін біреу білсе, біреу білмес. Аңырақай шайқасы 1729 жылы жаз айында басталып, 44 күнге созылған. Аңырақай шайқасы басталар алдында қалмақтардың 25 мың қолы Хан тауында бекініп дайындалады. Ал қазақтардың 29 мың қолы Шу бойында жатады. Осы қалың қолмен қазақтар Хан тауындағы қалмақтардың 25 мың қолына аттанады. Келесі күні Хан тауында қақтығыс басталып, ортаға «жекпе-жек» деп Аңырақ батырдың өзі шығады. Қазақтар жағынан Сатай бидің баласы Бөлек батыр атқа қонады. Бөлек батыр жан алысып, жан беріскен айқаста Аңырақ батырдың желкесінен шоқпармен ұрып құлатады. Кейін Хан тауындағы Аңырақ өлген жер «Аңырақай» атанып кеткен.
Андасай жайында да аңыз дерек аз емес. Андасай Бетпақдала бесігі, Сарыарқаның есігі саналады. Бетпақдала мен Мойынқұмның қиылысар тұсында Андасай атты қорғалым бар. Бұл – табиғаты әсем, аң-құсқа бай тарихи жер. Осыдан екі жарым ғасыр бұрынғы Ақтабан шұбырынды тұсында мұнда Андас атты сері саятшы жігіт өмір сүрген екен. Жамбыл тауының етегіндегі дүбірлі бір жиында баған басындағы жамбыны атып түсіріп, ел аузына іліккен сол батыр жоңғар шапқыншылығында ерлікпен қаза табады. Ол оққа ұшқан жер содан бастап «Андасай» деп аталып кеткен. Бүгінде «Андасай» қорығында құланнан бастап, Қызыл кітапқа енген аң-құстардың сан түрі мекен етуде.

Желтау деген жерді білесіз бе?

Мойынқұм ауданындағы Ақбақай ауылы Бетпақдаламен қойындасып, Арқамен жанасып жатыр. Ақбақайдың ауасы басқа жердікінен бөлекшелеу болып келеді. Арқаның ақырған аязын, құмның аптап ыстығын, оңтүстіктен соққан желін осы жерден табасың. Сондықтан Ақбақайдың аспанында ұшқан құстың қанаты талып, жерінде жортқан аңның тұяғы тозады. Жаздың шіліңгір ыстығында жер өз-өзінен түтіндеп тұрады. Тау-төбе, қырқа қыраттарда өрт шалғандай қара қошқылданып, тұнжырай түнере түседі. Ал дауыл дегенің Ақбақайда үйреншікті құбылысқа айналған. Жылдың он екі айы соғатын желіне байланысты бабаларымыз бұл мекенді ертеде Желтау деп атапты.
Ал Ақбақай атауын халық атақты «Ақбақай» әнімен байланыстырады. Бұл әнде Ақбақай атты текті тұлпардың жүйріктігі суреттеледі. Сондай-ақ Ақбақай сәйгүлігі Қабанбай батырдың тұлпары болған деген де аңыз бар.
Қолбасы ер Қабанбай ту ұстаған,
Қайраты қаһарланса құрыштаған.
Үш жүздің бар батырын ұйыстырып,
Маңына хас дұшпанын жуытпаған, – деген жырда Қабанбай батырдың Ақбақай атты тұлпары болғаны айтылады.
Демек, Ақбақай Ақан серінің Құлагері секілді тарихи тұлғаның жүйрігі болғанға ұқсайды. Сол себепті қойнауы қазынаға толы бұл мекен ел есінде ерекше қалсын деген ниетпен Ақбақай деп қойылған секілді.

Қыста суы қатпайтын Қызылжартас

Ақбақай кентінен он бес шақырымдай жерде орналасқан Қызылжартастың табиғаты таңғаларлық. Жартас қынамен боялғандай, қызыл шырайымен сонадайдан көз суыра қылаңдап, кейде сағым орана сылаң қағып тұрады. Содан болар, жартас сонау Ақбақайдың қоңыр қырат-қырқалы биігінен бері құлаған заматта құдды қолдан қалаған қабырға кейпінде қылаң беріп қалады. Ал жартас жапсарласқан тауды тіліп, тасты жарып шыққан тұнба суы тұнық та мөлдір қалыбын бір бұзбаған. Ең таңғаларлығы, аққан су Ақбақайдың боранды аязында қатпайды, аптап ыстығында құрғамайды. Қашан көрсең де, бұл жердің суы өзекшенің табанын қуалай жылжып келіп, жартастың жылға-жықпылына сынаптай жылтырай сіңіп жатады.
Ақбақайдың арғы бетіндегі Көшкінбай сайындағы жарқабақтың түбінде де бір тұма бар. Бірақ жердің қалың қыртысынан қайнап шығып жататын судың көзі көп ретте өз-өзінен жоғалып кетеді. Соның салдарынан бұл сайдың «құйқасы» жұқалтыңдау болып келеді. Ал Қызылжартас пен Көшкінбай сайындағы судың Ақбақайдың екі жағында ауылдан бірдей қашықтықта жатуы еріксіз ойға қалдырады.

Елі кеткен ен дала – Бетпақ

Арқа мен Жетісу аралығындағы ұланғайыр далаға «Бетпақ» деген ат берілген.
Бетпақдала шөл даланың сүйкімсіз, сұрықсыз қалпына қарай парсы тілінің «бад-бахт» (жаман, жексұрын, жиренішті) сөзінен шығуы мүмкін деген болжам бар. Бұған қосымша Бетпақдала өте көне заманда су жайылған жер болуы да ықтимал. Уақыт өткен сайын су тартылып, оның орнында батпақты дала пайда болып, міне, сол кезде оған «Батпақдала» атауы берілуі ғажап емес. Сол кездегі көл-көсір судан қалғаны Балқаш көлі болуы да мүмкін.
Кейбір тарихи деректерге сүйенсек, кезінде осы өңірдің сай-саласы суға толып, тау-төбесі нуға тұнып тұрған көрінеді. Шалғыны мен шүйгін шөбі аяққа оралып, жүргіншіге жол бермейтін болыпты. Қамысы теректей, шиқурайы білектей әрі аттылы адам көрінбейтіндей биік те қау болып өскендіктен, бабаларымыз төрт түлікке өрісті осы өңірден сайлаған. Ол кезде бұл өлкенің балығы тайдай тулап, бақасы қойдай шулаған. Алайда жаратылыс жұмбағымен Жетісу мен Арқаның аралығындағы ұлы даланың жерасты суы тартылып, түрлі арналар арқылы алыс қиырға қарай қаша бастайды. Соның салдарынан өзендер сарқылып, бұлақтар тартылып, айдай атырап тақырға айналған. Қорегін 80 метр тереңдіктен тартатын сексеуіл, жусан, бетеге, баялыштан басқа өсімдіктің бәрі жер жұтқандай жоғалған. Осылайша кезіндегі көкорай көркем атырап біртіндеп құлазыған қу далаға айналған. Жұтаған жұрт Оңтүстік пен Арқаға қарай ауа көшіп, Хан ордасы Түркістанға, қараша қалың қауым Жетісуға қарай қоныс тепкен. Сөйтіп, елі кеткен ен дала сұп-сұр реңінен бір жазбай, жылдың төрт мезгілінде де бедірейіп жата беретін болды. Осындай түр-түсіне орай бұл даланы жұрт «Бетпақ деп атап кетті» деген де ақиқаттан ауылы алыс емес аңыз бар.
P.S:
Негізі, Жаз-ата ауылының біз білмейтін құпия сыры көп. Хан тауын мекен еткен жұрт бүгінгі күнге дейін Аңырақай даласындағы қиян-кескі шайқастың үні естілетіндігін айтады. Әсіресе ай туған түні ен дала ерекше кейіпке бөленіп, салт аттылар сайын даладан жүріп өткендей әсер қалдырады екен. Естеріңізде болса, өткен жылы дәл осы Хан тауының маңындағы моладан адамның айқайлаған дауысындай үн шығып, әлеуметтік желі қолданушыларының үрейін алған болатын. Кейіннен мола басына молдалар барып құран оқып, бұл оқиға басылған.
Осы сынды елді мекенде сананы сан-саққа жүгіртетін орындар мен тылсымға толы оқиғалар көп. Бұл Мойынқұмды әулие-әмбиелер мекен еткен қасиетті қоныс екенін айғақтап тұрғаны анық.

Саян Тілеужан

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.