Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Біз үшін тұрғындардың қауіпсіздігі маңызды»

0 218

Ұлттық қауіпсіздікті қорғау қолыңа қару алып, шекара шебін күзетумен ғана өлшенбейді. Төтенше жағдайдың алдын алып, тұрғындарды тосыннан келетін табиғи апаттан қорғау да жоғарыда аталған ұғымның аясына сияры сөзсіз. Сондықтан селден қорғау қызметін ұлттық қауіпсіздігіміздің бір бөлшегі деп санауымызға толық негіз бар. Биыл аталған қызметтің құрылғанына 50 жыл толып отыр. Осыған орай ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ «Жамбыл аумақтық пайдалану басқармасы» филиалының басшысы Сұлтан Ақбердиевпен сұхбаттасып, үлкен жауапкершілік жүктелген қызметтің қыр-сыры жайында білген едік. 

– Сұлтан Құдиярханұлы, әңгімеміздің әлқиссасын «Жамбыл аумақтық пайдалану басқармасы» филиалының құрылу тарихынан бастасақ…

– Қазақ КСР Министрлер кеңесінің 1973 жылғы 23 тамыздағы №449 қаулысына сәйкес, сел тасқыны және қар көшкіні қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанда Құрылыс министрлігінің Бас селден қорғау құрылысы және пайдалану басқармасы («Казглавселезащита») құрылған болатын. Ал 1974-1978 жылдары «Казглавселезащита» мекемесіне қарасты Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Талдықорған, Оңтүстік Қазақстан облыстарында жергілікті басқармалар жасақталды. Сондай-ақ халық депутаттары қалалық Кеңесінің 26.12.1978 жылғы №37-10 шешімімен селден қорғау жөніндегі «Жамбыл өндірістік-пайдалану учаскесі» жұмысын бастады.
Тәуелсіздік таңы атқан соң 1999 жылы «Қазселденқорғау» «Жамбыл облыстық пайдалану басқармасы» мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылып, жұмысы жандана түсті. 2020 жылдан біздің мекеме ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі «Жамбыл облыстық пайдалану басқармасы» филиалы болып қайта аталып, өз қызметін жалғастыруда. Бұл ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволық бағынысты кәсіпорны болып саналады. Бүгінгі күні аталған қызметтің жұмысы жүйелі жүргізілуде. Бұған саланы әр жылдары басқарған Р.Комратов, Т.Серікбаев, А.Белгібаев, К.Қаражанов, М.Заппаров, Р.Тойшыбеков және М.Бекмұратовтың қосқан үлесі қомақты.

– Өзіңіз басқаратын мекеменің негізгі қызметі мен алға қойған мақсаты қандай?

– Біздің филиалдың негізгі қызметі – өзінің қызмет көрсету аймағы шеңберінде селдің, қар көшкінінің, сырғыманың алдын алу және олардың зардаптарын жою жөніндегі шараларды жүргізуге және ұйымдастыруға қатысу, тиісті бақылау және құлақтандыруды жүзеге асыру. Мекемеміз тек мұнымен шектелмей, ағымдағы және перспективалық жоспарларда көзделген жөндеу-құрылыс және көлемдік-пайдалану іс-шараларын орындайды. Сондай-ақ тиісті жергілікті атқарушы органдар арқылы табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру жөнінде шаралар қабылдайды. Бұған қоса селдер, қар көшкіндері және басқа да экзогендік процестер сынды қауіпті құбылыстарды бақылау және хабарлау қызметтерін ұйымдастырып, жергілікті атқарушы органдарды, Жамбыл облысының Төтенше жағдайлар департаментін хабардар етеді және эвакуациялық іс-шараларға және олардың салдарын жоюға қатысады. Бұдан бөлек жедел және өндірістік байланыстың ведомстволық жүйелерін, ультрақысқа толқын көздерінің жабдықтарын ұстау және жетілдіру жөніндегі жұмыстарды жүзеге асырып, облыстық және аудандық төтенше жағдайлар комиссияларының жұмысына қатысу да мекеменің қызметіне жатады. Бір сөзбен айтқанда қызметіміз қауіпті әрі қиындыққа толы. Біз үшін тұрғындардың қауіпсіздігі маңызды.

– Осы орайда мекеменің құрылымына кеңірек тоқталып өтсеңіз…

– Филиалдың құрамына екі өндірістік учаске кіреді. Олар – Тараз қаласында орналасқан «Төтенше жағдайлардың алдын алу және қорғаныш құрылыштарын пайдалану тобы» және Меркіде орналасқан «Меркі өндірістік пайдалану бөлімі». Қазіргі уақытта филиалдың штаттық саны 28 адамды құрайды. Оның құрылымы басшы, басшының орынбасарынан, сонымен бірге мамандардан жасақталған 5 топтан және 1 бөлімнен тұрады. Атап айтсақ, «Төтенше жағдайлардың алдын алу және қорғаныс құрылыстарын пайдалану тобы», «Кезекші қызметі, мониторинг және құлақтандыру тобы», «Қаржылық қамтамасыз ету тобы», «Кадрлық саясат және құжатпен қамтамасыз ету тобы», «Тылдық қамтамасыз ету тобы» және «Меркі өндірістік пайдалану бөлімі» күні-түні тынбай қызмет көрсетуде.
Бүгінгі күнге мекеменің қызмет көрсету аумағындағы Бақылау қызметіне 10 гидрологиялық бекет тартылған. Оның 8-і жылдық, 2-і маусымдық. Сондай-ақ сел жүру қаупі жоғары кезеңде «Жоғары Аспара» және «Жоғары Меркі» маусымдық гидробекеттерінде бақылау қызметін жүргізеді. Тағы бір айта кетерлігі, Меркі диспетчерлік пунктінен берілген күнделікті бақылау жұмыстары нәтижесіндегі гидрометеорологиялық ақпараттар Тараз қаласындағы Орталық диспечерлік пунктінде жинақталып, Алматы қаласында орналасқан Бас диспечерлік пунктіне беріліп отырады.

– Осы тұста оқырман қауымға түсінікті болу үшін табиғи сипаттағы төтенше жағдайларға қысқаша түсініктеме бере кетсеңіз… Жалпы сел дегеніміз қандай құбылыс?

– Сел тасқыны – мұздардың қатты еруінен, ұзақ және қарқынды жауындар немесе мерзімдік қар жамылғысы нәтижесінде кіші таулы өзендердің алаптарында және құрғақ сайларда кездейсоқ пайда болатын тау жыныстарының сынықтары және тастардың, минералды бөлшектерінің ағын көлемі 50-60 пайызға дейін үлкен концентрациясы бар ағын.

– Қазіргі таңда Жамбыл облысында сел тасқыны жүру қауіпі бар қанша өзен тіркелген және оларда бұрын-соңды мұндай жағдай болып па еді?

– Облысымызда сел қауіпі туындауы мүмкін аймақтарда орналасқан телімдер мен 18 өзен бар. Олар – Жуалы ауданындағы Ақсай, Көксай, Т.Рысқұлов ауданындағы Қайыңдысай, Шөңгер, Қарақат, Қарақыстақ, Шалсу, Көкдөнен, Меркі ауданындағы Аспара, Меркі, Молалы, Талдыбұлақ, Түзусұрат, Қордай ауданындағы Қарақоңыз, Қақпатас, Ырғайты, Қалғұты, Талас ауданындағы Тамды өзендері. Аталған өзен алаптары сел қалыптастырушы ошақтардың қатарына жатады. 1945-2022 жылдар аралығында бірнеше рет қарқыны күшті селдің қалыптасуы мен өтуі жүрген. Нақтырақ тоқталсақ, 1945, 1988 жылдары Аспара, 1967, 1969 және 1994 жылдары Меркі, 1959, 2016 жылдары Тамды, 1981, 1983 жылдары Қайыңдысай, 1998, 2005 жылдары Ақсай, 1997, 1998 жылдары Қарақоңыз, 2005, 2022 жылдары Ырғайты және 2008 жылы Алмалысай өзендерінде сел ағыны өткен. Бұрынғы жылдары болған сел ағындарының салдарынан келтірілген шығындар жөнінде деректер жоқ. Ал соңғы 30 жыл көлемінде болған сел ағындары үлкен көлемде шығындар әкелген. Айталық, 1994 жылы Меркі өзенінен өткен сел ағыны – 3 миллион, 1997, 1998 жылдары Қарақоңыз өзенінен өткен сел ағыны 27 миллион, 2005 жылы Ырғайты өзенінен өткен сел ағыны – 8,2 миллион, 2005 жылы Ақсай өзенінен өткен сел ағыны 85 миллион теңге шығын келтірген.

– Бүгінде сел ағыны қаупінің алдын алу мақсатында филиал тарапынан қандай жұмыстар атқарылуда?

– Аталған сел қаупі ықтимал 18 өзен алаптарының жоғары жағында 27 мореналық көл бар. Олардың ішінде 5 көлде қауіптіліктің жоғары деңгейі сақталып тұр. Атап айтсақ, №1, №2 және Аспара өзені алабындағы №2 және Көксай өзені алабындағы №2 мореналық көлдері мен Көлсай үйінді көлі.
Ауа температурасының күрт жоғарылауы салдарынан мұздықтардың қарқынды еруі, тоқтаусыз жауын-шашын жаууына байланысты мореналық-мұздық көлдердің бассейндері мерзімінен бұрын толып, жарылуы ықтимал. Осындай төтенше жағдай туындаған кезде сел ағындары әсер ету аймағына Қырғыз және Талас Алатауы тауалды аймақтарында орналасқан елді мекендер, демалыс орындары мен шаруашылық нысандары түсуі мүмкін.
Жамбыл облысы аумағындағы тұрғындар мен нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «2020-2024 жылдарға арналған сел, сырғыма және көшкін қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жоспар» Жол картасы шеңберінде Меркі өзенінде селден қорғаныс бөгеттерін салу, сондай-ақ Аспара және Меркі өзендерінің алабында автоматтандырылған мониторинг жүйелерін енгізу көзделген. Осыған сәйкес, Меркі ауданындағы Аспара, Меркі өзендері алабы қауіпті учаскелеріне автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізу үшін бірінші кезекте ғылыми негіздеме жұмыстарын жүргізу мақсатында Меркі ауданы әкімдігі мен «Жүйелік зерттеулер орталығы» ЖШС 2022 жылдың 27 қазанында келісімшарт жасасты. Құжатқа сәйкес, «Жүйелік зерттеулер орталығы» ЖШС «ЖАПБ» филиалы мамандарының қатысуымен 2022 жылдың 7 қарашасы мен 31 желтоқсан аралығында ғылыми негіздеме жұмыстарын жүргізіп, қортынды есебін берді. Қорытынды есеп бойынша бірінші кезеңде 2023 жылға жобалық-сметалық құжаттарды дайындау, екінші кезеңде 2024 жылға құрылғыларды жабдықтау және монтаждау жұмыстары қарастырылған. Оның ішінде Сүйіндік өзен бассейінде автоматтандырылған метеорологияқ станция – 1, Сүйіндік, Меркі және Аспара өзен арналарында автоматтандырылған гидрометеорологияқ бекет – 7, демалушылар орындарында сел мен су тасқыны қауіптілігін ескертетін рекреационды аймақта сиреналық-дауыстық құрылғы – 1, филиалдың Меркі өндірістік пайдалану бөлімшесінде ақпараттарды қабылдау және талдау орталығы – 1 дана орнату қажеттігі көрсетілген. Берілген қорытынды есеп негізінде «Monitoring & Engineering» ЖШС-нан автоматтандырылған мониторинг жүйесін орнатуға жобалық-сметалық құжаттарын дайындау үшін бағалық ұсынысы алынып, Меркі аудандық әкімдігіне берілді. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға бюджеттен қаржы бөлу көздері қарастырылуда.
Жалпы 15 мамыр мен 15 қыркүйек аралығы сел жүру қаупі жоғары кезең болып саналады. Селге қарсы шаралар кешені негізінде бүгінгі күнге дейін облыстық филиалдың қызмет көрсету аумағындағы қауіпті өзендер алабына 118 жербетілік зерттеу және биік таулы мореналық көлдерге, мұздықтарға, сел қауіпті өзендер алабына 2 аэровизуалды зерттеу жұмыстары жүргізілді. Зерттеу жұмыстары аталған кезеңінің соңына дейін жалғасады. Зерттеу нәтижелері бойынша бүгінгі күнге мореналық көлдерді қауіпсіз деңгейге дейін босату қажеттілігі туындап отырған жоқ.
Жыл сайын шілде-тамыз айларында қызмет көрсету аумағындағы мореналық көлдерге барлау-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Батиметриялық түсірілімдер жасалып, зерттеу жұмыстары нәтижесінде алынған мәліметтер бойынша мореналық көлдер паспорттарына түзетулер енгізіледі. Осыған сәйкес филиалдың 2023 жылғы жұмыс жоспары бойынша құрамы 6 адамнан тұратын арнайы барлау тобымен 2023 жылдың 3-25 шілдесі аралығында Қырғыз жотасының солтүстік беткейіндегі теңіз деңгейінен 2 532-3 662 метр биіктікте орналасқан Меркі ауданындағы Аспара өзені алабындағы мореналық көлдерге, Т.Рысқұлов ауданындағы Қарақыстақ өзені алабындағы Астаукөл, Бұзылғанкөл, Сарыкөл, Көккөл үйінді көлдеріне және Шалсу өзені алабындағы Шалсу мореналық көліне барлау-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Соның ішінде Аспара өзені алабындағы №6 және Шалсу мореналық көлдеріне батиметриялық түсірілімдер жасалды.

– Табиғи сипаттағы тағы бір құбылыс – қар көшкіні екені белгілі. Бұған дейін облыста мұндай құбылыс тіркелген бе еді?

– Қар көшкіні – тау беткейлерінен құлайтын немесе сырғитын қар массалары. Олар адам өміріне және шаруашылық нысандарға зор қатер төндіреді. Қар көшкіні еңістігі 15 градустан асатын, биіктігі 30 сантиметрден асатын қар жамылғысына ие барлық таулы аудандарға тән құбылыс. Жамбыл облысының аумағында қар көшкіні қаупі бар жерге Жуалы ауданындағы Көксай және Қаралма шатқалдары жатады.
2017 жылға дейін Жамбыл облысында қар көшкіні қауіпті аймағы тіркелмеген. 2017 жылдың 17 ақпанында Көксай шатқалында 91678 әскери бөлімінің әскери қызметшілерін жауынгерлік даярлау бойынша 23 адамнан тұратын жоспарлы сабақ өткізілген. Сол уақытта Көксайдағы қар жамылғысының биіктігі 40 сантиметр, ал шатқалдың табанында 70 сантиметрге дейін болған. Әскери қызметшілердің сөзінен қарағанда оқу-жаттығу аяқталған сәтте жауынгерлік даярлық өткен орнында қар көшкіні жүрген. Қар көшкіні массасының көлемі шамамен 800 текше метрді құраған.

– Алда қыс маусымы келе жатыр. Қар көшкіні кезеңіне дайындық жұмыстары қалай жүруде?

– Жамбылда қар көшкіні қаупі бар кезең қарашадан наурызға дейінгі аралық болып саналады. Қазір сел қауіпті кезеңі аяқталған жоқ. Ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап алдағы қысқы кезеңге дайындық жұмыстары жүргізіледі. Яғни, 1 қазанға дейін қысқы кезеңге дайындық және оны өткізу жөніндегі филиалдың жұмыс жоспары бекітіліп, әрі қарай сол бойынша тиісті жұмыстар қолға алынады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.