Қала әкімі Ержан Жылқыбаев бітіруші түлектермен кездесіп, бүгін һәм болашақ жайында сыр бөлісті.
Сәндібек ПІРЕНОВ Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ
Биыл қала мектептерін үш мыңға жуық оқушы бітіреді. Оның 101-і «Алтын белгі», 76-сы «Үздік аттестат» үміткерлері. Түлектердің ішінде халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 25 оқушы жүлделі орын алып, 6 оқушы алтын медаль иеленген.
Кездесуде Ержан Жұматұлы ұстаздарға алғыс білдірді. Сондай-ақ үздік түлектердің болашағы зор екенін негізге ала отырып, балалардың үлкен өмірге басқан қадамы сәтті болсын деп тілегін айтты.
– Өмірдегі ең маңызды шешімнің бірі мамандық таңдау екені рас. Себебі әрбір жас өзі қалаған мамандықтың шебері болу үшін кемел білім алып, келешекте ел ұстыны болуды мақсат етуі қажет. Тіпті қазір жастарға шетелде оқуға үлкен мүмкіндіктер қарастырылып жатқанын білесіздер. Осыны ескерсеңіздер, келешекте биік асуларды бағындырасыздар деген ойдамыз. Қайда болсаңыздар да туған жерді, білім алған мектепті ұмытпаңыздар. Биылғы оқу жылын түлектер сәтті аяқтап отыр деуге болады. Себебі қала мектептерінде үздік оқушылар көп болды. Карантин режимінде қашықтан оқуды белсенді ұйымдастыра білген мұғалімдер қауымына да алғыс айтамыз, – деді Ержан Жұматұлы.
Жиында түлектер таңдаған мамандығы, алға қойған жоспары туралы сыр бөлісіп, мақсаты айқын екенін көрсете білді.
– Мен мектепте қазақ және орыс тілінен бөлек, ағылшын, неміс және француз тілін жақсы меңгеріп алдым. Ендігі арманым – қала аумағынан халықаралық стандарттарға сай көп тілде оқытатын оқу орталықтарын ашу. Бізде қазір орталықтардың басым көпшілігі тек ағылшын тілінде оқытады. Осы жағдайды ескере келе, мен қытай, араб, түрік тілдеріне баса назар аударғым келеді. ЖОО тәмамдаған соң, білікті маман атанып, жомарт түлектердің ізін жалғауға тырысып бағамын, – деді Бауыржан Момышұлы атындағы №45 гимназияның түлегі Аяна Истанбекова.
Жастардың жігеріне тәнті болған қала әкімі Ержан Жылқыбаев жаңашыл идеяларына үн қосып отырды. Кездесу соңында шаһар басшысы мектеп бітіруші түлектерге естелік сыйлық пен Алғыс хат табыстады.