Қалалық қоғамдық-саяси газет

Іскер әйелдердің игі ісі

0 178

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Мереке қарсаңында облыстық іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері балаларға концерт ұйымдастырып, сыйлық үлестірді.

Сәндібек Піренов

Жыл сайын атаулы күн таяғанда іскер әйелдер бас қосып, балалардың көңілін табуды дәстүрге айналдырған. Бұл жолы Т.Рысқұлов саябағында өткен концертке ерекше қабілеті бар және көпбалалы отбасыдан шыққан балалар қатысты. Онда балғындар концерт қойып, замандастарына ән арнап, би де биледі. Олардың шығармашылығынан Отанға, отбасыға деген махаббат пен еркіндіктің лебі сезіліп тұрды. Балаларға сыйлық табыстау салтанатында облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Меруерт Лештаева сөз сөйлеп, тілегін жеткізді.

– Облыстық іскер әйелдер қауымдастығының бастамасымен балалар күніне сыйлық үлестіріп жүргенімізге де 10 жылдан асты. Жыл сайын 100 баланы қамтитын едік. Ал биыл 110 баланы қолдан келгенше қуантып отырмыз. Себебі осы жылы «Қамқор ана», «Нұрбала», «Қамқор жүрек» және басқа да бірлестіктермен қатар «Мен ерекшемін» қоғамдық қорының балаларын да шет қалдырмадық. Концертке белгілі бір себептермен келе алмаған балғындардың сыйлығын үйлеріне жеткізіп береміз, – деді Меруерт Қаттабайқызы.

Айта кету керек, Іскер әйелдер қауымдастығы жыл сайын оқу жылының басында көпбалалы және аз қамтылған отбасыда тәрбиеленетін балаларға оқуға керек-жарағын үлестіруді де ұмытпайды. Ал бұл жолы қауымдастық мүшелері балалар күніне арналған мерекелік шараларды үш күнге жоспарлапты. Әрине, бұл ретте көптеген игі істерге үн қосып жүрген Іскер әйелдер қауымдастығының бастамасын бас бармақпен бағалауға болады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.