Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұрпағы ұмытпақ емес

0 6

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Қиын-қыстау жылдардың көңілге түсірген сызаты мен жанға салған жарасын кейінгі ұрпақ ұмытқан емес. Осы күні Желтоқсан мен Ыбырайым Сүлейменов көшелерінің қиылысындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының ескерткіші және Төле би даңғылы мен Сыпатай батыр көшесінің қиылысындағы «Қазақ халқына мың алғыс» монументтеріне салтанатты түрде гүл шоқтарын қою рәсімімен жалғасын тапты.

– 1919-1933 және 1937-1938 жылдар аралығында қаншама боздақтарымыз зардап шекті. Біз осы күнді естен шығармауға тиіспіз. Әрі мұндай жағдай екінші қайталанбас үшін адам баласына қатыгездікпен жасалатын оқиғаларға жол бермеу керекпіз. Бүгінгі таңда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша толық жұмыс жүргізіліп жатыр. Ал оның ішінде Жамбыл облысында комиссия құрылған. Бірақ біздің 1926 жылға дейінгі архивіміз өзімізде болғанмен, 1917-1926 жылдардағы архив Түркістан облысында. Ал 1917 жылға дейінгі архивтің барлығы Ташкент қаласында. Сондықтан да біздің ғалымдар тарапынан бірқатар азаматтар осы іс бойынша жұмылдырылып, кезінде жазықсыз атылған азаматтарымызды ақтау бойынша толық жұмыс жүргізіп жатырмыз, – деді өз сөзінде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек.

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым ете отырып, біз ел тарихындағы қайғылы даталарды еске түсіреміз. Зұлмат жылдары Қазақстанда 100 мыңнан астам адам сотталып, 25 мың адамға өлім жазасы кесілген. Осы орайда сөз алған «Тараз қаласының өзбек орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдурахман Зайнутдинов: «Бүгін біз саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алып, сол дәуірде зардап шеккен адамдардың рухына тағзым ету үшін жиналдық. Бұл қиын кезеңдерді кейінгі ұрпақ есте сақтауымыз керек. Әр халықтың өміріндегі ең қымбат нәрсе – ол өткенін ұмытпай, қадір тұтып, есте сақтау болса керек. Жазықсыз сотталған, қаза тапқан, туған жерінен қуылған миллиондаған адамдардың естелігі біз үшін қасиетті болған және солай болады да», – деді ол.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.