Қалалық қоғамдық-саяси газет

Білім шамшырағы

0 724

Бүгінгінің баласы ақпаратты тез қабылдайды, естіген дүниесін санаға жылдам сіңіреді. Z ұрпақтарының заманауи ғылыми жаңалықтарға бейім болуы – қуантарлық жайт. Бүгінде шаһарымызда осындай ерекше дарынды балаларды қосымша оқытатын техникалық шығармашылық орталығы қарқынды түрде жұмыс істеп келеді.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Қазіргі балалардың өмірі физикалық, психикалық және интеллектуалды күшті талап ететін жарнамаға толы. Сондықтан баланың бойында жиналған мазасыздық пен шаршауды сейілту мақсатында олардың бос уақытын дұрыс ұйымдастыра білу өте маңызды. Қалалық білім бөліміне қарасты техникалық шығармашылық орталықтың ұстаздары осы бағытта 2008 жылдан бері қалтқысыз қызмет етіп келеді. Білім беру мекемесінде қазіргі таңда 94 қосымша білім беру педагогы жұмыс істейді. Олардың барлығы балалар шығармашылығын дамыту, жасөспірімдердің құқық бұзушылығының алдын алу және бос уақытын тиімді ұйымдастыру, ұлттық және азаматтық құндылықтар негізінде жеке адамды қалыптастыру, кәсіби бағдар беруге қажетті жағдай жасау, салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру бағыттары бойынша барлығы 3062 тәрбиеленушіге тәлім береді. Орталықта судоүлгілеу, авиа, ғарыштық үлгілеу, авто ісі, робототехника,компьютерлік сызба және анимация, автослесарь, сәулет өнері техникасы, этнодизайн, математикалық логика сынды барлығы 271 топтан құралған 28 үйірме бар.
Қосымша білім беру мекемесінің жыл сайынғы толағай табыстары да шаһардағы оқушылар мен жасөспірімдердің ғылыми және техникалық әлеуетінің жоғары деңгейде екенін айғақтайды. Атап айтқанда, 2019 жылдың 10-11 маусымында ҚР Білім және ғылым министрлігінің республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы техникалық шығармашылық және өнертапқыштардың (әуе, зымыран, көлік, кеме құрастыру) республикалық жарысында осы орталықтың командасы І орынды иеленді. Жыл сайын тәрбиеленушілер байқау жетістіктерінің арқасында оқу гранттарының иегерлері атануда. Сондай-ақ дәстүрлі түрде «КазРоботикс» федерациясымен бірлесе отырып қалалық, облыстық спорттық турнир, облыстық «Ag jol», «Arai» газеттерімен бірлесіп жас қаламгерлер байқауы, облыстық «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» техникалық байқауы, қалалық «Математикалық логика» байқаулары осы орталық қабырғасында ұйымдастырылып тұрады. 2014 жылы 100 қосымша білім беру мекемелері «Алтын қор» кітабына, 2018 жылы Тараз қаласының жинақ кітабына, 2012 жылдан бері Орта Азиядағы ЮНЕСКО ұйымы өткізетін «Балалар әлемді бейнелейді» кітабына шығармашылық орталық тәрбиеленушілерінің суреттері жарияланып келеді.
Жарық жылдамдығымен алға озған уақыт өзіне икемделген, өмір сүру дағдысына бейімделген тұлғалармен ғана санасады. Озық ойлы, интеллектісі жоғары, сыни ойлау қабілеті дамыған бүгінгі буын – ертеңгі цифрлы Қазақстанның зор үміті. Осындай жастарды тәрбиелеуде техникалық шығармашылық орталығы педагогтарының еңбегі орасан. Бүгінде бұл орталықтың қала бойынша 4 бірдей филиалы жұмыс істейді. Балаңыз өз ісінің шебері болсын десеңіз, асығыңыз. Цифрлы дәуірдің келешек дарабоздары осында білім алады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.