Қалалық қоғамдық-саяси газет

Береке көзі – бірлікте

0 570

30 жылдың бедерінде жүргізілген сарабдал саясаттың нәтижесінде еліміздегі қаншама ұлт пен ұлыстың өкілі бір шаңырақ астында тату-тәтті күн кешуде. Осының арқасында айдай әлемге толлеранттылықтың озық үлгісін паш еттік. Мұның жарқын дәлелі «Достық үйінде» өткен «Береке көзі – бірлікте» атты дүнген қауымдастығының Жамбыл жеріндегі кездесуінде анық байқалды.

Халықтар арасындағы достықты насихаттауды мақсат еткен шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ильяс Буларов, облыс әкімінің орынбасары Рүстем Дәулет, облыстың Құрметті азаматы, Ел анасы Сәуле Мешітбайқызы, облыстық «Вынхуа» этномәдени бірлестігінің өкілдері қатысты.

Алғаш болып сөз сөйлеген Рүстем Рысбайұлы басқосудың мән-маңызына кеңінен тоқталды.

– Этносаралық қатынас пен ұлттар татулығы еліміз үшін қашанда зор маңызға ие. Егемендік жылдарында елімізде тек бейбітшілік пен татулық  салтанат құрды. Әлбетте бұл бірлік пен ынтымақтың арқасы екені даусыз. Тұрақтылықты сақтау жөнінде өткізілген көптеген іс-шаралар да өз жемісін беруде. Облысымызда да осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда, – деген ол Қазақстанның Дүнген қауымдастығының бірінші президенті Исхар Лоуды 70 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, арнайы сый-сияпаттарды тарту етті. Сондай-ақ қауымдастықтың бірқатар белсенділері түрлі дәрежедегі Алғыс хаттармен марапатталды.

 Бұдан кейін қатысушылар дүнген этномәдени бірлестіктерін біріктіру туралы меморандумды, «Дүнген республикалық этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің Жарғысын бекітіп, аталған орталықтың бақылау, аналар, ақсақалдар, имамдар, жастар кеңестерінің мүшелері мен қоғамдық бірлестіктің төрағасын сайлады.

Шараны қорытындылаған Ильяс Юсупұлы осындай игі шараны өткізген облыс басшылығына ризашылығын білдіріп, жұртшылықты алдағы референдумға қатысуға  шақырды.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.