Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Батырлар ерлігін дәріптейтін қастерлі күн

0 399

Жеңіс күні – батырлар ерлігін дәріптейтін қасиетті күн. 1945 жылдың 9 мамырында келген Ұлы Жеңіс күллі адамзатқа бейбіт өмірдің қаншалықты қымбат екенін ұқтырды. Бұл күн – тек тарих қойнауындағы естелік емес, бүгінгі ұрпаққа тағылым мен тәрбие берер рухани қазына. Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығын №56 орта мектебінің мұғалімдері мен оқушылары ерекше атап өтуде.

Соның бірі – «80 жылдыққа – 80 жоба» акциясы. Мектебіміздің оқушылары мен ұстаздары өз жобалары арқылы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтарды еске алып, олардың ерлігін болашақ ұрпаққа үлгі етуді мақсат тұтып отыр. Біз тек соғыс ардагерлерінің ғана емес, тылда еңбек еткен ата-әжелеріміздің, соғыстан кейінгі елді қайта қалпына келтіру жолында аянбай тер төккен жандардың да ерлігін ұмытпауымыз керек. Соның бірі –мектебіміздің ардагер ұстазы Молдашев Жорабек ағай. Ұлы Отан соғысының ардагері, «Данқ», «Отан», «Қызыл Жұлдыз» ордендерінің иегері Жорабек Молдашев 1923 жылы 1 қаңтар күні дүниеге келген. 1952 жылы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірген. Ардақты ұстаз 56 жылдық өмірін білім саласына арнаған, қатардағы ұстаздан мектеп директорына дейін көтерілген, елге сыйлы, білімді азамат болған. Отбасында Аяз апамыз екеуі 8 баланы тәрбиелеп, өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған. Ұл-қыздарынан 16 немере, 21 шөбере сүйген.
Жорабек ағай майданға соғыс басталғанда-ақ аттанады. 6 ай дайындықтан өткен соң, ұрыс даласының қақ ортасынан шығады. Ерлікпен шайқасып, көптеген елді мекендерді жаудан азат етуге қатысады. Сол шайқастардың бірінде, 1945 жылы 21 қаңтарда, шабуылда және ауыл шеттерін тазарту кезінде Жорабек Молдашев екі қабатты үйге басып кіріп, жеке пулеметімен 3 немісті жойып, біреуін тұтқынға алады. Ал 1945 жылы 22 қаңтарда Неденкирч ауылына жасалған шабуылда Жорабек Молдашев эскадрилья командирінің бұйрығын орындап, 2 фашистті жойып, қорытынды жасау тапсырмасын орындауды жалғастырды. Осылайша Жорабек ағай ерлікпен соғысты аяқтап, елге оралады.
Қалған өмірін білім саласына арнаған ол жас ұрпаққа тарихтың қыр-сырын ұғындырып, талай жастың болашаққа жолын ашқан. Отан тарихына деген сүйіспеншілігін арттырып, көптеген тарихшыларды өсіріп шығарды. Жорабек ағайдың жарқын бейнесі ешқашан жадымыздан өшпейді, шәкірттері барда мәңгі жасайды.
Жеңіс – ерлікпен келген бейбіт өмірдің жемісі. Бүгінгі ұрпақ үшін ол – аманат. Біздің басты міндетіміз – осы аманатқа адал болу, тарихты ұмытпау, Отанды сүюге тәрбиелеу.

С.АЛИМБЕКОВА,
№56 орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі.
Тараз қаласы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.