Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Қазақ өнерінің қайталанбас құбылысы

0 482

Қазақ өнерінің қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық артисі Құрманбек Жандарбеков жайлы ой толғағанда өнер иесінің табиғи дарыны мен өлшеусіз еңбегіне таңғаласыз. Жарқылдаған мінезімен, жарасты тұлғасымен, қыранның саңқылындай ашық та таза үнімен, әсерлене шырқаған әнімен, ұйымдастырушылық шеберлігімен көзге түскен Құрекең өз әріптестерінің ішінде жан-жақтылығымен ерекшеленді.

Құрманбек Жандарбеков 1905 жылы сол кездегі Шымкент уезінің Ақсу ауылында дүниеге келген. Әкесі Жандарбек әнге де, айтысқа да шебер, сегіз қырлы, бір сырлы кісі болса керек. Жары Шимене де әрі әнші, әрі ақын деседі. Ән мен күй, жыр-думаннан арылмайтын отбасында тәрбиеленген бала Құрмаш бес жасынан өлең айтып, домбыра тартады.
1916 жылы әкесі Жандарбекті патшаның жарлығымен әскерге алғанда немере інісі Әбдікәрім Құрманбек пен жеңгесі Шименеге қамқор болады. Құрекең ағасының серілігі мен тапқыр да өткірлігіне тәнті болып еліктеп өседі.
Жиырмасыншы жылдары Ташкент қаласында халық ағарту институтында оқи жүріп, Құрманбек көркемөнерпаздардың драма үйірмесіне үзбей қатысады. «Шығыс кештері» деп аталатын үйірменің атағы жер жарып тұрған кезі. Құрманбек осы үйірменің ұйымдастырушысы ретінде «Біржан-Сара» айтысы бойынша режиссерлық қойылым жасап, зор табысқа жетеді. Сараның ролін Үрия Тұрдығұлова ойнайды. Ташкент шаһарында өтетін сауық кештің көрігін қыздырып, Құрманбек би билеп, оркестрге қосылып ән салып, көпшілік қошеметіне бөленеді.
Институтты ойдағыдай бітірген өнерлі жігіт Шымкентке келіп, губкомның тапсырмасымен ән-күй кешін ұйымдастырады. Бұл кеште «Құрманбек Жандарбеков жүз бір ән айтады!» деп хабарланады. Құрекең алпыстан аса ән салғаннан кейін тамағынан қан сау ете түседі. Сөйтсе, дауыс пердесінің бір тамырын зақымдаған екен. Аспандағы аққуға үн қосқан сыңғыр үн бұрынғыдай бабында болмағанмен, Құрекең ән айтуын тоқтатпайды.
Бірде Қызылордада шығатын «Еңбекші қазақ» газетінде Қызылордада тұңғыш ұлттық театрдың ашылатыны, оған өзінің де шақырылғаны жайлы оқып, таңғалды. Арада уақыт сала ұлттық театр Алматыға қоныс тебеді. Бұл театрдың артисі әрі режиссеры болып бекітілген Жандарбеков қазақ өнерінің өркендеуіне жан-тәнімен кіріседі.
1928-1929 жылдары Құрманбек Мәскеудегі мемлекеттік киноматография техникумында оқиды. Актёрлық дарынымен көзге түскен ол қалмақтар өмірінен қойылатын «Князь Сирэн» деп аталатын фильмде басты рольді ойнайды.
1933 жылдың күзінде ашылған қазақтың Абай атындағы опера және балет театрының іргетасын қалаушылардың бірі болған Құрекең «Айман-Шолпанда» – Көтібар, «Қыз Жібекте» – Бекежан, «Ер Тарғында» – Тарғын, «Жалбырда» Жалбыр рольдерін ойнап, қайталанбас тұлға ретінде қалыптасады. Әсіресе, Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» спектакліндегі Көтібардың ролін Құрманбек ойнағанда өзінің қара күшіне сенген кереғар, арамдықты көздейтін батырдың бет-бейнесін толық ашқанына көрермен куә болады. Жұмат Шаниннің қойған бұл спектаклі 100 рет қойылса да халық театрға сыймай кететін.
Театрға Ленинград консерваториясының түлегі Евгений Брусиловский келіп, Ғабит Мүсіреповтің либреттосы бойынша «Қыз Жібек» операсын жазғанда бұл спектакль де үлкен табысқа ие болады. Қыз Жібекті – Күләш, Төлегенді – Қанабек, Бекежанды Құрманбек ойнағанда ерекше құбылыс болған деседі.
1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігінде «Қыз Жібек» спектаклі қойылғанда Құрманбек Бекежанның ролін керемет ойнады. От жалынды, әуенді еске сақтау қабілеті ерекше әнші мәскеулік көрермендерді бірден баурап алды. Бекежанда дала жігітіне тән қасиеттің бәрі бар. Әншілік пен бишілік өнерді бірдей көрсеткен Құрекеңнің дарындылығына көпшілік сол жолы таңғалысты. Осы сапардан соң Құрманбек Жандарбеков Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталады.
«Ер Тарғын» спектаклін халық музыкасы негізінде Евгений Брусиловский жазған. Спектакль Тарғынның Данаға деген сүйіспеншілігімен, Тарғынды сүйетін хан қызы Ақжүністің арасындағы драмалық шиеленіспен өрбиді. Спектакльдің либреттосын жазушы Сағыр Камалов жазады. Құрманбек Тарғынның ролін шебер ойнаумен қатар, тұңғыш рет режиссерлық қабілетін таныта білді. Сөз репликасы қосылмаған алғашқы опера жайлы тағы да Құрманбек Жандарбековтің бір ауыз сөзінде: «Операда образ сомдау, көкейге қонымды мизансцена, мінез-құлыққа лайық қимыл-әрекет әсерлі шығу керек. Осының бәрін ойлап табатын – режиссер», – деген екен.
Құрманбек – «Біржан-Сара», «Абай» операларының мінсіз шығуына күш-жігері мен білімін жұмсаған құдірет иесі, дарынды режиссер. Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсының сәтті шығуына байланысты Құрманбек Жандарбеков Мәскеуден берілген Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсындағы «мыңмен жалғыз алысқан» Абай бейнесін сомдау режиссерге оңайға соқпайды.
Құрманбек Жандарбековтің қазақ кино өнеріне сіңірген еңбегі де айтарлықтай. Ол «Амангелді» фильмінде – Жақас, «Жамбылда» – Қадырбай, «Шоқан Уәлихановта» – Садық, «Біз Жетісуданбыз» фильмінде Сарымолданың бейнелерін керемет сомдай білді.
Құрманбектің Мұхтар Әуезов атындағы драма театрда бас режиссер қызметін атқара жүріп, Тахауи Ахтановтың «Қарагөз», Гогольдің «Үйлену», Жұмат Шанинның «Шахта» спектакльдерін шебер қойғаны жайлы сол кездегі баспасөзде талай рет айтылған.
Құрекеңнің замандасы Қанабек Байсейітов бір естелігінде: «Қазақ өнерін дамытуда Құрманбек Жандарбековтің араласпаған саласы жоқ. Өнердің алтын діңгегі болған Құрекеңнің бастаған істері, қалдырған мұралары, айтқан әндері мен дөңгеленген билері, жасаған образдары, ақкөңіл де ашық мінезі, нұрлы жүзі мәңгі халықтың есінде», – деп жазыпты.
Өнер жолын қос аққудай бірге бастаған би еркесі Шара мен ән еркесі Құрманбектің мөлдір махаббаты, сахна төріндегі жарасымды жұбы ерекше еді. Араға түскен қаңқу сөздің кесірінен өнер саңлақтары қосылмайтын қос өзендей күй кешті. «Бізді адам айырса да, өмір айырмайды», – деп күлетін Құрекеңнің Шараға деген сезімі жүрек сыздатарлықтай аяулы еді. Қазақстанның халық артисі Шара Жиенқұлова өзінің естелік жинағында: «Бір күні хореография училищесіне Құрманбек келді. Жиналыс өткізіп жатыр едім. Көңілсіз екен. «Мен елге кетіп барам, қоштасайын деп бұрылып ем», – деді күрсініп. «Мұнысы несі?» – деп таңырқап қалдым. Екі қолымнан ұстап: «Қош, Шәкітай», – деп маңдайымнан сүйді де, шығып бара жатып: «Сен Болатқа ұрса берме, ол әлі қадірлі адам болады», – деп алға адымдап жүре берген. Қимас жанның соңғы рет қоштасқанын сездім бе, жүрегім шым ете түсті» – деп жазған екен Шара апамыз.
Бозбала кезінде дауыс шымылдығын үзіп алғаннан ба, Құрманбек әннің шарықтау шегінде қысылып айтатын. Әншіліктен гөрі ұйымдастырушылық, режиссерлық қабілетімен дала әншілері мен актерларымен классикалық үлгідегі өнер ұжымын құрып, кейінгіге сара жол көрсеткен Құрманбек Жандарбеков елуінші жылдары Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда опера класына жетекшілік етіп, шәкірт тәрбиеледі. Профессор деген ғылыми атаққа ие болды.
Табиғи дарыны мен өлшеусіз еңбегінің арқасында аты аңызға айналған саф алтындай өнер иесі, Құрманбек Жандарбековтің өмірі мен өнері келер ұрпаққа үлгі-өнеге, ардақты есімі жұртының жүрегінде мәңгі сақталады деп сенеміз.

Алтын ИМАНБАЕВА,
ҚР Мәдениет қайраткері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.