1941 жылы 22 маусым күні фашистік Германия Кеңес Одағына соғыс жариялады. Кеңес Одағына қарасты елдер Отан қорғауға кірісті. Қазақстаннан 1 миллион 500 мыңға жуық адам соғысқа қатысқан. Оның 690 мыңы соғыста опат болды. Қазақстаннан 500-ге тарта азамат, оның ішінде 100 қазақ Кеңес одағының батыры атағын алған. Орта Азия елдері ішінде тұңғыш қазақ қыздары – Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова да осы атаққа қол жеткізді.
Соғыс басталғаннан кейін біздің отбасымыздан 3 азамат, яғни Керімбай Рахманқұлов, Әзімхан және Уәлхан әскерге шақырылған. Менің әкем – Керімбайдің дүниеге келгеніне биыл – 115 жыл. Ол бұрын Фин соғысына қатысып, 1940 жылы аман-есен ауылға оралған.
…Әкемнің шешесі – Ақжарқын апам үш балам соғыстан қайтпады деп қатты қынжылатын…
2008 жылы мамыр айында Астанада тұратын балам Замир менімен телефон арқылы байланысты. Ол: «Папа, мен интернеттен атам туралы дерек таптым», – деді.
Онда былай деп жазылған: «Рахманқұлов Керімбай Қазақ Республикасы, Жамбыл облысы, Шу ауданы, Ворошилов (қазір Қонаев) ауылында 1910 жылы дүниеге келген. Латвия Республикасының астанасы – Рига қаласына жақын орналасқан әскери госпитальде ауыр жарақаттан 28 сәуір, 1945 жылы қайтыс болған, денесі бауырластар қорымына жерленген».
Әкемнің інісі Мамахан Рахманқұлов ағаның жұбайы Күлзейнеп жеңгем 1999 жылы тамыз айында Тараздағы үйіме келді. Жеңгем әкемнің 1940 жылы Финляндияда түскен суретін қолыма ұстатты. Сол кезде қуанғанымнан көзімнен жас шыққанын байқамай қалдым. Қазақта «Қуанған мен қорыққан бірдей» деген сөз бар ғой. Міне, сол сөз өз басыма келді. Бұған қоса жеңгем Ақжарқын апамның өз қолымен тоқыған шағын кілемін жұбайым Қатираға табыстады.
Әкемнің немере інісі Күлметов Нұраш аға Ташкент қаласында технология техникумында оқып жүрген жерінен 1941 жылдың қараша айында әскерге шақырылған. Ағамның айтуы бойынша, орыс тілінің жетік білгенінің көп пайдасы тиіпті. Бұл туралы ол: «Мені бірден Саратов қаласындағы 6 айлық байланыс курсына жіберді. Оны бітіргеннен кейін Беларусь майданына қарасты батальонның байланыс бөлімінде қызметімді атқарып жүрдім. Мен үшін ең қиыны 1944 жыл болды. Яғни, Польша Республикасының территориясында ұрыс жүріп жатқан уақытта батальон мен полк штабында байланыс үзіліп, сол байланысты іске қосу міндеті маған жүктелді. Мен қасымдағы 2 сарбазбен бірге бораған оқтың астында жүріп, үзілген сымдарды қайта жалғап, байланысты жөндедім. Бірақ, ауыр жараланып, 2 аптадай госпитальда ем қабылдадым. Госпитальдан шыққаннан кейін маған полк командирі әскери тапсырманы ойдағыдай орындағаным үшін «Қызыл жұлдыз» орденін тағып, «кіші лейтенант» әскери атағын берді. Жеңіс көктемін Берлин қаласына жақын жерде қарсы алдым. Әскерден 1946 жылы ақпан айында босатылдым. Ескерткіш ретінде немістердің астанасынан бір шабадан сатып алдым. Мына тұрған – сол зат», – деп еске алған болатын.
Нұраш аға жұбайы Ақбөпе екеуі өмірге 4 қыз, 1 ұл әкеліп, балаларының барлығының жоғары білім алуына баса мән берді. Ағам бейбіт уақытта құқық қорғау саласында қызмет етіп, майор шенімен 1976 жылы зейнетке шықты. Жоғарыдағы естелік 1986 жылы 28 наурызда ағаның шаңырағында айтылған болатын. Нұраш ағам соғыста алған жарақаты салдарынан 1988 жылы 16 шілдеде 66 жасында өмірден өтті.
Жұбайымның әкесі Өмірзақ Қарбеков (суретте) атаммен мынау бір әңгіме 1995 жылы болған еді. «Мен 1941 жылы қыркүйек айында әскерге шақыртылдым. Соғысты Мәскеу қаласына жақын жерде қарсы алдым. Нақтырақ айтқанда, сол уақыттан 1946 жылға дейін әскери борышымды атқардым. Мен соғыс барысында көп жараландым. Ең ауыр жарақатты 1942 жылы ақпан айында Мәскеуден 100 шақырым қашықтықта орналасқан Матрено селосында алдым. Госпитальдан шыққаннан кейін қайтадан соғыс алаңына қосылдым. Осы орайда бастан кешкен бір оқиғаны айтып берейін.
Біріншісі, қазақта «Аш болсаң, атанның боғын жейсің» деген ұлы сөз бар. Осы сөздің мысалы өзі басымнан өтті. Әскерге келген жылы мұсылмандар үшін харам деп шошқа етін жемейтінбіз. Кейін сұрапыл шайқаста әскер алға қарай жүріп кетеді, дала асханасы уақытында жете алмай қалады. Біз аш қалмас үшін орыстар бізге шошқаның майы мен нан беретін. Сонда «харам» дегеніміз далада қалып, әлгі майды жеп алатынбыз. Екіншісі, халқымызда «Ат басына күн туса – ауыздықпен су ішер, ер басына күн туса – етігімен су кешер» деген нақыл сөз бар. Ресейдің жері қара топырақты болғандықтан, көктем және күз мезгілдерінде жауын көп жауған кезде етікпен әрең жүрген күндеріміз болды.
Жеңісті Берлин қаласында қарсы алдым. Біздің сарбаздар Одер өзенінде Америка жауынгерлерімен жүздесті. Олар сонда «Рус» және «Сталин» деп бізден күліп амандасатын.
Мен әскерден 1946 жылы мамыр айында босатылып, ауылға сол жылы шілде айында келдім. Майдандағы сіңірген еңбегім үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және көптеген медальмен марапатталдым. Шу ауданының «Жданов» колхозында 25 жыл аға шопан болдым. 1973 жылы зейнет демалысына шықтым. Қымкаш Бейсенбайқызына үйленіп, 4 ұл мен 2 қыздан немере-шөбере көріп отырмын. 1973 жылы тамыз айында тұңғыш балам Әбдештің 25 жасында жол апатынан қайтыс болғаны Қымкаш екеумізге ауыр тиіп, қабырғамызды қайыстырды. Әрине, басқа түссе адам бәрін көреді, соған көндігеді екен.
Шүкір, ата-бабамыздың арманы орындалып, тәуелсіздікке қол жеткіздік. Өз алдымызға дербес мемлекет атанып, Әнұранымызды, Туымызды, Елтаңбамызды бекіттік», – деп ағынан жарыла ақтарылған Өмірзақ атам 1998 жылы 17 маусымда 85 жасында дүние салды.
Тараз қаласында 2018 жылы «Жеңіс» саябағы қайта жаңғырып, «Ерлік» мемориалдық кешені болып ашылғаны белгілі. Мен осы мақалада аттарын атаған азаматтардың есімдері кешен ішіндегі мемориалдық тақтаға ойып тұрып жазылған. Енді олардың есімі мен ерлігі мәңгіге ұрпақ жадында қалады. Осы ретте халыққа осындай тамаша нысанды тарту еткен сол кездегі Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовке шынайы ризашылығымды білдіремін!
Амангелді КЕРІМБАЕВ,
зейнеткер.
Тараз қаласы