Әр ұлттың салт-дәстүрі мен қолөнер үлгілері – ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын рухани мұра. 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орай Жамбыл облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында дәстүрлі түрде өтетін «Қолөнерім – мол өнер» жобасы аясындағы шеберлік сағаты – соның жарқын дәлелі.
Шараға Жамбыл облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, орыс этно-мәдени бірлестігі аналар кеңесінің төрайымы Оксана Дьяченко арнайы келіп, қатысушыларға орыс халқының ұлттық тұмар-қуыршақтарын жасаудың дәстүрлі әдіс-тәсілдерін үйретті. Шебер өз сөзінде бұл қуыршақтардың ежелден үй ішін жамандықтан қорғайтын, береке мен тыныштық әкелетін бойтұмар ретінде қолданылғанын атап өтті. Күзде піскен дәнді дақылдармен (бидай, тары, қарақұмық, жүгері) толтырылған дорбалардан әйел бейнесіндегі қуыршақтар тігіліп, түрлі киім үлгілерімен безендірілген. Мұндай қуыршақтар балаларға ойыншық қана емес, тыныш ұйқыға кепіл болатын жастық ретінде де пайдаланылған екен.
Орталықтағы курс пен үйірмелерге қатысушылар ұлттық нақыштағы жастықтар мен қуыршақтар тігіп, қолөнердің сырлы әлемімен танысты. Дайын бұйымдардың барлығы 1 маусым – Балаларды қорғау күні қарсаңында өмірлік қиын жағдайдағы көпбалалы отбасылардың балаларына, сондай-ақ жүкті және жаңа босанған аналарға сыйға тартылмақ.
«Анаға тағзым» орталығы атынан Оксана Дьяченкоға қазақы оюмен көмкерілген жастық сыйға тарту етілді. Бұл – қазақ пен орыс халқы арасындағы достықтың, ұлттық мәдениетке деген құрметтің, бірлік пен сыйластықтың жарқын көрінісі іспетті.
«JT»-ақпарат