Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бас құжаттың бағыттары айқын

0 232

Шаһарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын бұқараға түсіндіру мақсатында арнайы ақпараттық топтар бекітілген. Бүгінде аталған топ мүшелері қала аумағындағы әкімдікке қарасты мекемелерге ат басын бұрып, жұмыстарына кірісті.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Сәкен АБжапарОВ

I топ мүшелері «Жамбыл-Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына, сондай-ақ «Қазпошта» акционерлік қоғамының Жамбыл облыстық филиалының бас ғимаратына барып, қос мекеменің қызметкерлеріне Жолдау бағыттары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Аталған жұмысшы топ құрамында Тараз қаласы әкімі аппаратының басшысы Дәурен Әбдіқасымов, «Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Ұлана Сламбекова, «Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Гаухар Олжабаева, Тараз қалалық деңгейдегі қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов, Қазақстан Республикасы «Барбанг» күрділер Ассоциациясының Жамбыл облысындағы республикалық филиалы» қоғамдық бірлестігінің Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сабри Асанов, «Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанәділ Оспанов және тағы да басқа азаматтар бар.

Ал ІІ топ мүшелері ҚР Ұлттық банкінің Жамбыл облыстық филиалында мекеме қызметкерлерімен кездесу ұйымдастырып, Жолдау жүктеген міндеттер аясында елдегі экономикалық ахуал жөнінде атқарылатын жұмыстар легін баяндады. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайсар Сарытай, «Тараз қаласы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Нұрбол Әкек, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы, PhD докторы Мұрат Нұрғабылов бастаған топ мүшелері «Қазақстан Халық банкі» акционерлік қоғамының бас ғимаратына ат басын бұрып, бас құжаттың басым бағыттарын түсіндірді. Сондай-ақ арнайы құрылған ІІІ топтың мүшелері Тараз қалалық полиция басқармасына табан тіреп, тәртіп сақшыларымен жүздесті. Жиынға қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаев пен Асылхан Заурбеков қатысты.

Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында жер-жаһанға зор қауіп төндірген пандемиямен күресте халқымызға алғысын білдіріп, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауда ерен еңбек еткен дәрігерлердің, құқық қорғау органдары қызметкерлері мен әскери қызметкерлердің, еріктілер мен кәсіпкерлердің жұмысын айрықша атап өткен болатын. Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты және жұмыс орындары мен халықтың табысын сақтау сынды негізгі міндеттерге басымдық беріп, билікті жүйелі жұмыс жүргізуге шақырды.

– Пандемия кесірінен болған дағдарыс бүкіл әлемге ауыр соққы болды. Соған қарамастан мемлекет дағдарыс кезінде табыссыз қалған тұрғындарды қолдау шараларын күшейтіп, әлеуметтік жәрдем беруді жалғастырды. Бүгінде мемлекет тарапынан әлеуметтік саладағы барлық міндеттеме орындалуда. Көптеген ұсыныстар айтылып, жаңа жобалар іске асырылуда. Бұл ретте сіздердің де атқарар істеріңіз аз емес. Елдің тыныштығы – сіздердің жұмыстарыңыздың негізгі көрсеткіші. Бас құжатта бұл туралы нақты айтылған, – деді Алмас Садубаев жиында.
Одан әрі аталған топ қаладан шалғай орналасқан «Ақбұлым» алқабындағы №60 орта мектепке барды. Жиынға сондай-ақ Тараз қаласы прокурорының орынбасары Ғ.Абдрахманов, Тараз қалалық полиция басқармасының бастығы Асылхан Заурбеков, Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұлана Сламбекова қатысты. Тұрғындармен кездесу барысында алқаптағы интернет желісінің қолжетімділігі, тозығы жеткен жол және қоғамдық көліктің қатынауы секілді өзекті мәселелер талқыланды. Құзырлы мекемелер тарапына ұсынылған барлық мәселелер қабылданып, бақылауға алынатыны айтылды.

Ал IV топтың мүшелері Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі Жаңыл Сембекова, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы, әлеуметтанушы Бақыт Әлмұратов, «Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімінің №22 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Шолпан Диханбаева, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Жамбыл облыстық филиалының барып қызмет көрсету бөлімінің жетекші маманы Қыдырәлі Таласбаев «Жамбыл электр жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды. Жолдаудағы маңызды бағыттарға басымдық берілген жиында көбінесе қашықтан бала оқытып отырған ата-аналар түрлі сауалдар жолдап, білім беру жүйесіндегі кейбір олқылықтар туралы ойларымен бөлісті. Қызметкерлерінің жауабына «Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімінің №22 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Шолпан Диханбаева толыққанды жауап берді.

– Қазіргі таңда көпшілігіңіз балаларыңызды қашықтан оқытып жатырсыздар. Пандемия жағдайына байланысты елімізде екі түрлі оқыту формасы бар: қашықтан оқыту және штаттық режимдегі оқыту. Штаттық режимде оқыту созылмалы аурулары жоқ оқушылардың ата-анасының келісімімен жүзеге асады. Бұл балаларға барлық мектептерде кезекші сыныптар ашылған. Мектепте барлық санитарлық талаптар сақтала отырып, оқыту процесі жүргізіледі. Тараз қаласының аумағындағы мектептер бір ғана оқу платформасы арқылы қашықтан оқыту процесін жүзеге асырып жатыр. Ол «Daryn.online» деп аталады. Өкінішке қарай, платформамен жұмыс істеген алғашқы күндері бірқатар мәселелер орын алды. Негізі платформа оқушылар мен ата-аналар үшін өте қолайлы. Алайда алғашқы күндері интернет трафиктің тез азаюына байланысты платформаға кіру мүмкін болмай қалды. Көптеген ата-аналар осы мәселеге байланысты шағымданып жатты. Бұл мәселені жолға қойып, жүйелеу барысында ата-аналармен тығыз жұмыстар жүргізіліп, тиімді тарифтерді таңдау үшін арнайы бағыттар берілді. Біз оқушыларымыздың сапалы білім алуы үшін көз ілмейміз. Шыны керек, қашықтан оқыту кезінде көптеген мәселелердің шеті көрініп қалды. Ең бірінші кезекте маман тапшылығынан қиналып отырмыз. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында педагогтардың жалақысын 25 пайызға өсіру туралы айтылғаны бәріңізге белгілі. Бұл қуанышты жаңалық ұстаздық жолға түсуді таңдаған жас мамандардың қатарын көбейтеді деп сенемін, – деді Шолпан Имантайқызы.

Одан әрі аталған топ «Жамбыл-Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына бас сұғып, қызметкерлермен кездесті. Ал шаһардағы №6 және №7 емханаға бас құжат жүктеген жаңа міндеттерді түсіндіру үшін Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев, Тараз қалалық мәслихатының депутаты, Әлихан Бөкейханов атындағы №1 гимназияның директоры Ләззат Қызылқұлова бастаған топ ат басын бұрды. Топ мүшелері пандемия кезінде тікесінен тік тұрып халыққа қызмет көрсеткен ақ халатты абзал жандарға алғыс білдіре отырып, жаңа жағдайдағы іс-қимылдың бұқара үшін маңызды екенін, бұл ретте дәрігерлердің еңбегі мен көтерер жүгі ауыр екенін жеткізді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.